Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ
(мысал орнына)
Мына біздің Мыржекең – Мыржықбайды айтам да – соңғы уақытта өзгеше мінез шығарып алды. Сонау-у алыста, астанадан шалғай облыс орталығында тұрып жатса да, орталықпен байланысы өте зор. Сөйлеспейтін, тілдеспейтін кісісі жоқ. Таныстары да жетерлік.
Осы Мыржекеңді өзім білгелі бері байқағаным – нағыз заманның адамы.
Оған ілесу қайда-а! Мыржекеңнің істеген ісін мен де, сен де, ешкім де істей алмас! Рас, қолымыздан келмейді.
* * *
Жақында ғана Мыржекең менімен хабарласты. Амандық-саулық жоқ, бірден өкпесін айтты.
– Әй, сен бар ғой, көзіңнің еті өсейін деген адам екенсің! – демесі бар ма салған жерден.
– Ойбай-ау, не жаздым?
– Елдің бәрі хабарласып, жағдайымды сұрап, көңіл айтып жатыр. Сен тырс етер емессің.
– Ау, не боп қалып еді?
– Өзімнен сұрайды тағы да! Газет оқы¬майсыңдар сендер! Оқысаңдар да атүсті…. Тек өздеріңе керек жерін…
– Айтсаңшы енді жұмбақтай бермей?..
– Айтайын! Айтайын саған. Жақында менің қатынымның ең жақын туысы аяқ астынан автомобиль апатынан қайтыс болды. Соған көңіл айтпайсың ба?
– Ойпырмай, қиын болған екен! Өзі жас па еді?
– Жасын қайтесің! Кісі өлді ме – өлді! Қатынымның жақыны ма? Жақыны. Ендеше ол маған да алыс емес.
– Түсіндім. Бірақ мен алыстамын ғой. Жол түскен кезде шаңырағыңа кіріп шығармын.
– Е, ол болмайды, – деді Мыржекең. – Сен қашан, қай күні келеді екен деп қатыным екеуміз күтіп жүреміз бе?
– Онда-а…
– Қысқасы былай: сен менің жұмыс орныма телеграмма сал; астына өзіңнің қызмет орныңды, лауазымыңды да жазуды ұмытпа!
– Ол не үшін керек?
– Әрі қарай тыңда. Ана прокуратура жағында қызмет істейтін танысымыз бар еді ғой, оған да айт. Ол да телеграмма жолдасын.
– Жұмыс орныңа ма?
– Әрине, солай. Енді ресми телеграмманы үйге жіберейін деп пе едің?
– Жалпы мұндай көңіл айтуды үйге, жеке адамға жолдаушы еді. Бұған жұмыс¬тың қандай қатысы бар?
– Бар мәселе сонда! – деді Мыржекең. – Әлі де түсінбеген екенсің! Менің басты¬ғым телеграммаларды көріп-оқығаны дұрыс. Сонда ойланады. Қарамағындағы кісінің тамыр-таныстары кімдер екенін біле түседі… Маған керегі де – сол…
– Е, солай демейсің бе бағаналы бері! Әйелдің туыстарына неге сонша жаның шырылдап кетті деп ойлап отырсам…
– Олай деме! – деп Мыржекең бір жағына аунап түсті. – Олай сөйлеуші болма! Немене, қатының жақсы да, оның жақын туыстары жаман ба! Олар менің балаларымның нағашылары болып келеді… «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан…» дегенді білуші ме ең?
– Білгенде қандай! Менде де ғаламат нағашылар болған. Олар енді…
Мыржекең сөзімді бөлді.
– Нағашыларыңды қоя тұр. Сонымен, келістік пе? Ә, айтпақшы, ана Жоғарғы соттағы бір жігітпен танысып ек қой, әне¬бір жылы. Сен ыңғайы келсе, оған да айт¬саңшы. Телеграмма салып жіберсін. Несі кетеді, а?
– Айтайын. Айтайын оған да… – дедім Мыржекеңнің сөзін екі етуге ыңғайсыз¬данып.
* * *
Үш күннен бері, сенсеңіз, сол Мырже¬кең¬нің өтінішін орындайын деп, Астана¬дағы төрт-бес танысты іздеп жатырмын. Бірі – іссапарда, бірі – ауырып жатыр.
Мыржекең болса, екі күннің бірінде телефон шалады.
– Ау, не болды менің өтінішім! – дейді.
– Болады. Орындалады.
* * *
Елес айтады: «Жалған абырой жігітті ұшпаққа шығармайды».