АҚ ҚАҒАЗҒА ӨЗ  ӘЛЕМІН ОРНАТҚАН

        Дүйсенхан Нақымов!

Сонау оқушы кезімізде аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») газетінен оның өлеңдерін оқып тұратынбыз. Өзін көрмесек те атын естіп өстік. Әдемі лирикалық жырларына  қызығатынбыз.

Бір күні «өмірден өтті» деген суық хабар жанымызды тілгілеп кетті. Ақын өлімінен кейін ғана  пышақтың жүзіндей «Тұңғыш кітап» атты өлеңдер жинағы оқырмандар қолына  тиді. Ондағы түрлі тақырыпты жырлаған  оншақты өлеңдері сағыныш отын маздатып, санамызға кәдімгідей ой салған еді… Суретін де алғаш рет сол кітаптан көргенбіз…

Дүйсенхан Нақымов!

Бұл есім маған қазақтың дарынды ақыны Қосжан Мүсірепов секілді әрдайым ыстық көрінеді. Жалынды жырларымен, өшпес өлеңдерімен танылған   екеуінің де өмірлерінің  қысқа болғандығы өкіндіреді. Қасиетті Ордабасының перзенттері атанған Қосжан 35 жасында, Дүйсенхан 32 жасында жарқ еткен жасындай жарқырап өтіпті.

Өзін көруді  тағдыр  жазбаған сол ақын туралы көп еститінмін. Қыран қабақты, отты көзді, сырттай бір қараған жанға сұсты көрінетін, сезімтал, сабырлы еді дейтін білетіндер. Сондайда сол кітаптағы суретіне қарап, отты жанарынан шоқтай ыстық жырларын оқығандай күй кешетінбіз.

Ауданнан шыққан әдебиет тұлғаларын еске алғанда бұл екі ақынды қатар тізбектеп айтатынбыз. Иә, бұлар қазақ поэзиясының дариясына асыққан мөлдір бұлақтар емес пе еді?!

Қосжанның артында қомақты жырлар, бірнеше өлең кітаптары қалды. Ал, Дүйсенхан өз бастауынан үлкен дарияға қосыла алмай кетті. Көңілге медет ететін он шақты өлеңнен құралған  баяғы «Тұңғыш кітабы» ғана. Бар жоғы 37 беттен тұратын, «Қарт өсиетінен» бастау алатын бұл жинақтағы «Ескерткіш», «Туған жер», «Ақ самал», «Жауынгер хаты», «Әке», «Сапар» атты өршіл өлеңдері өлмес рухтың туын көтеріп, поэзия сапында келе жатқан сарбаздардай. Сөз қадірін ертерек ұққан ақкөңіл ақынның айта алмай кеткен жырлары аз емес еді. Ал жарияланбаған, баспа беттерін көрмеген қолжазба күйінде қалған мұрасы қаншама десеңізші?!

Өмірге, өлеңге  құштар Дүйсенхан  аурухана  төсегінде жатып, өкпесін  дерт меңдесе де тыным таппай, жанына серік еткен жыр жолдарын ақ қағаз бетіне үздіксіз түсіре беріпті. Кенеттен келген аурудан айықпасын білді ме екен, бәлкім? Кейде бірнеше таңды ұйқысыз өткеріп, арнайы алдыртқан мәшіңкемен тоқтаусыз сыртылдатқан күйі  бар ашуын ақ қағаздан алғандай жыр шумақтарын жаза берген, жаза берген…

–Толқын, толқын, бұл жанымда көп толқын,

Тулап ағып, толықсиды-ау денемде.

Ой пернесін қытықтайды ол демде,

Мен де сол кез ақ қағазға төнем де,

Айналдырып қалсам деймін өлеңге.

Зейінді  жанды қаншама ойға қалдыратын сол өлеңдерінің құпиясын әлі ешкім біле алған жоқ. Бәлкім, тұңғиық сол дүниенің астарында біз біле бермейтін асыл да, жақұт сырлар жатқан болар. Оқи түскен сайын беймәлім әлемнің үнсіз сырлары алға жетелей түседі. Өмірбаянына да үңілген жан бірнеше сөйлемнен кейін тоқтап қалады. «Дүйсенхан Нақымов 1945 жылы 1 наурызда қазіргі Ордабасы ауданы Қажымұқан кеңшарында туған. 1952 жылы «Коммунизм» сегізжылдық мектебінің бірінші сыныбына оқуға түседі. 1962 жылы Темірландағы «Амангелді» орта мектебін бітіреді.Үш жылдық  әскер қатарынан оралған соң, 1967 жылы Бөген аудандық халық сотының хатшысы болып істейді.1968 жылдан қайтыс болғанға дейін аудандық «Коммунизм таңы» газетінде  қызмет етті.1974 жылы Кентау қаласында өткен республика жас жазушыларының кеңесіне қатысты. Өлеңде өзінің өрнегімен ерекшеленетін ақын 1977 жылы 9 сәуірде ауыр науқастан қайтыс болды. Ақынның 1977 жылы «Тұңғыш кітап» деген атпен шағын кітабы жарық көрді. Өміршең өлең иесінің шығармалары бірнеше ұжымдық жинаққа енген. Бейіті Темірландағы зиратта».

         Сонау сексенінші жылдарда, Кеңес дәуірінде талай мінберлерден Қосжан туралы сөз қозғасам, міндетті түрде Дүйсенханды қосып айтушы ем. Өмірден ерте кеткен бұл екі жүйрікті өз жеріңнен шыққан жерлесіміз деп әрі халықтың көңілінен орын алғанн ақиық ақын ретінде құрметтедім. Өлеңдерінен үзінді оқып, талай аудандық комсомол жиналыстарында есімдерін ардақтау жөнінде  ұсыныс жасайтынмын. Қосжанның артында бірнеше кітабы бар, ал Дүйсенханда тілге тиек ететін шағын кітапшасынан басқа ештеңе жоқ. Оның өзін туған жер патриоты ретінде облыстағы кітапханаларды аралап,  ақтарып жүріп Шымкенттен зорға тапқанмын. Ол кезде көшірме жасайтын аппарат жоқ, өлеңдерін қолмен дәптерге көшіретінмін. «Қосжан мен Дүйсенхан» атты мақала жазып, кейін ол «Менің Қосжаным» атты кітабымда жарияланған еді. Дүйсенханды білетіндердің айтуынша көп сөйлемейтін, тұйықтау, ойын нақты бір сөзбен ғана жеткізетін болған. Өмірінің соңына санаулы күндер ғана қалғанын сезгендей аурухана төсегінде жатқанда да ұйқысыз түндерін  өлең жазумен өткізген…

           Дүйсенханның әкесі Өмірбек Ұлы Отан соғысына 1941 жылы аттанып,  1944 жылы бір аяғынан жараланып, елге оралған. Әкесі Өмірбек пен анасы Айқыздан 12 бала дүниеге келген. Бірақ, 8 нәрестесі түрлі аурудың салдарынан кішкентай кездерінде шетінеп кеткен. Содан 4 баласын үш ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеген. Ең үлкені Өмірхан 1941 жылы, одан кейінгі Дүйсенхан 1945 жылы, қарындасы Сұлухан 1953 жылы және інісі Батырхан 1955 жылы дүниеге келеді. Қазіргі таңда тек қарындасы Сұлухан ғана бар. Шымкент қаласында тұратын ақынның қызы, мұғалім Күләш Нақымова (Өмір деген қызық қой, бүгінде туған  інім Кәрімнің құдағиы- Ә.Ы.)  әке туралы былай еске алады:

«Айқыз әжемнің анасы яғни түп нағашы Шәйнек әжем атамыз ен әжеміздің қолында болған. Жиен немерелерінің ішінде өзі өлең қиссаларды жатқа білетін Шәйнек әжеміз талабын байқағандықтан ба,  біздің әкемізді ерекше жақсы көріп, өзінің махаббатына бөлеген. Жеке өзіне ғана тамақ беріп, бар жағдайын жасап отырған. Менің әкем қазіргі Темірлан селосының қасындағы Ынталы ауылында (Бұрынғы «Коммунизм») туып, сонда балалық шағы өткен. Анам Гүлзия да осы ауылда дүниеге келген. Әкем мен анамның үйлері бір-біріне өте жақын болған. Атамыз Өмірбек үнемі «Осы Ағабектің бір қызын балама алып беремін» деп айтып жүреді екен. Соныменен, әке-шешелерінің келісіміменен 1964 жылы әкем Дүйсенхан мен анам Күлзия бар жоғы 19 жастарында үйленіп, отау құрады.  Арада 6 айдан кейін әкем әскерге кетеді. Ол заманда әскер үш жылдық болған екен. Әкем әскерде жүргенде ағам Әуелхан 1965 жылы дүниеге келеді. Ал мен әкем әскерден оралған соң, 1969 жылы,  одан соң сіңілім Клара 1971 жылы дүниеге келді. Әкемізден осы бар жоғы 3 перзент қалдық. Қазіргі таңда сіңілім екуеміз ғана бармыз. Өкінішке орай өткен 2024 жылдың қарашасында ағам Әуелханнан 59 жасында айрылып қалдық. Ойлап отырсам әкем мен ағамның аралары 20 жас екен. Әкем биыл 80-ге, ал ағам 60 жасқа толар еді. Әкем азаматтық борышын Семей өңірінде өтеді ғой. Сол жылдары ондағы неше түрлі атом сынақтары болып жатқан кездер екен. Соның әсері болса керек, келгеннен кейін әкемнің денсаулығы күрт төмендеді».

      2002 жылдың 17 мамырында Президент Әкімшілігінің кітапханасында әр жылдары шыққан, өмірден ерте кеткен ақындардың кітаптарының ішінен  Дүйсенханның өлеңдерін кездестіріп қалдым. Бейне бір жоғалтып алған туысымды тапқандай қуандым. Өлеңді оқып отырып, ана дүниеден тірілер әлеміне жіберген сәлем ретінде қабылдағандай болдым. Ол өмірден өткеннен соң 25 жылдан кейін алдымнан ақтарылып шыққан мына өлең шынында қатты әсер етті. Тыңдаңызшы:

– Жүргей де қайратыңды шыңдап арман

Болдың-ау балапандай сында қалған

Ақ мамық қанатынан ап қалдың ба –

Жібергем сәлем айтып тырналардан.

                                                    

                     Тағдырың жетелесін ісіңді алға,

Арманың қолын созып ұсынғанда

Айтып ем сәлемімді жапырақтан,

Күзгі жел елге қарай ұшырғанда

 

                   Шабытым ел дегенде толығардай,

Шыңдарға үміт құсым қонып алғай

Айтып ем ақ самалдан сәлемімді,

Ол-дағы кетті ме екен жолыға алмай?

Осы өлеңді қайта-қайта оқығаным соншалық, жүректегі тылсым бір сағынышты қозғаған ән-әуенге айналып кетті. Сол сәт мына бір өлең жолдары тіл ұшыма орала берді:

Шыңдап арман,

                   Тыңда жалған

                    Сәлем айттым,

                   Тырналардан

 

                    Тыңда бәрін,

                    Тырналарым.

                   Жетсінші елге

                   Бір хабарым. – деп іштей еріксіз қайталанған осы сөздерді әннің қайырмасы ретінде алдым. Ақынның аманатындай болған, сағыныш дертін сыздата білген осынау  «Айттым сәлем» деп жазылған өлеңді әнге айналдырғанда бейне бір «Елге сәлем» жолдағандай сезіндім. Бұл әнді алғаш ақынның Батырхан атты туған інісінің  қызы, әнші Гүлмира Нақымова, кейіннен әншілер Гүлзира Бөкейхан, шымкенттік Айгүл Азатова және оралдық Гүлмира Өтегеновалар жанға жайлы даусымен тыңдармандар жүрегіне жол тауып, өзіндік әдемі нақышымен жеткізіп жүр. Мұны ақын өлеңінің өлмегенінің бір көрінісі дер едім.

Х       Х      Х

Кейінгі жылдары ақынның  жарияланбаған қолжазбаларын таптық. Алдымызда Дүйсенхан әлемінің отыз үш жылдан бері қолдан қолға көшкен телегей теңіз дүниесі. Ақын мұрасына ыждаһаттылық танытқан ақынның інісінің қызы, әнші Гүлмираның атасына деген ыстық ықыласының арқасында. «Аға, сіз атам туралы жас кезіңізден айтып та, жазып та жүрген жансыз ғой» деп қолжазбаларды жеткізіп берген еді. Ең үлкен қуаныш, сол Гүлмираның құрастыруымен, менің алғы сөзіммен, Қазыбек Исаның қамқорлығымен «Ақ толқын» деген тұңғыш толық өлеңдер жинағы («Тұран» баспасы, 2013 жыл) баспадан шықты. Бұл 36 жылдан кейін ақын әлемін толықтай паш еткен дүние еді. Бұл Дүйсенханның әдебиет әлеміне қайта оралуы, қайта тірілуі еді. Бұған дейін ұжымдық жинақтарда, шағын ғана «Тұңғыш кітабында» саусақпен санарлық өлеңдері жарияланған.

Ия, ақын өлеңдерінде таңғы шықтай тазалық бар. Өмірге құштарлық бар. Айтпақшы Дүйсенхан таңғы шыққа бала кезден ғашық болып өскен. Қатты ауырып, дәрілер әсер етпей жатқанда да, жарық дүниемен  қоштасқысы келмеген. Інісіне:

–  Батырхан, бозала таңда мені далаға алып шықшы. Жалаң аяқ шық түскен шөптерді басып жүрейін. Бәлкім, содан жазылып кететін шығармын, – деген екен.

Бауырының сүйемелдеуімен жалаң аяғымен таңғы шықты басып көрді. Сонда жүзіне жылылық ұялап «Енді өлмейтін шығармын» деген.

Бұл өмірге деген үміті соңғы минутқа дейін әлсіремегенінің, сеніміне күдік түспегенінің көрінісі. «Жақсылықты үміт етсең – сабыр ет» деген екен Ахмед Иугінеки. Дүйсенхан аз ғұмырында сабырын сақтаған, болашақтан үмітін жоғалтпаған ақын. Қара түнмен қарбаласып, дертімен күресіп шықса да, ұйқысыз қарсы алса да әрбір таңның атқанынан үмітін үкілей білген.

        Ақын жаны сарқылмайтын кепиеті ашылмаған тылсым дүние ғой. Дүйсенханның да арманға толы отты жырларынан ерекше бір қасиеттің лебі есіп тұрады. Оның бар-жоғы отыз екі жыл ғана соққан жүрегі әлемдегі бар нәрсенің сырын ұғып, барлық нәрсені сүйіп, көріп, түйсініп үлгергендей. Мұның бәрі оның тербеген қаламының ізінен көрініп-ақ тұр. Оның жаны өмірге құштар, жақсылыққа ғашық, асылын ардақтауға бейім. Бәлкім, содан болар ақын өзі дүниеге келген Темірланын, арынды Арыс өзенін асқақтата жырлайды.

– Жаным жас, әр нәрсенің сырын алам,

Көңіліме сыр ұнаған, жыр ұнаған.

Арысым, туған жерім, сыршылсың-ау

Пернеңнің шерте білсе қылын адам.

Биік ойлы адам ішкі терең тынысын өлең шумақтарымен жеткізіп, ол өзгелерді де тіршілік жайлы тебіренуге, ақ пен қараның айырмашылығын бағамдай білуге еріксіз мәжбүр етеді. «Тамызық пен от болса жана бергісі келетін» бұл жанның үмітке толы «Ойларын» оқып отырып, оның өмірге деген адал көзқарасын ұғына түсесің. «Өмірге адалдық» деген не? Ол біздің адам болып жаратылғаннан кейін пенделік мақсат-мұратымызды айқындап, сол армандарымыздың жүзеге асуы үшін өз-өзімізге болған сенімді, үмітіміз мен түзу ниетімізді жоғалтпау ғой. Мінеки, оның осынау риясыз көңіліндегі үміттерден бір шынайылық сезілетіндей.

–…Жібек сөзбен мәнерлеп,

Жыр жасағым келеді.

Қызығым алда көрем деп,

Жүз жасағым келеді.

…Жұғымсыздың жүрегін,

Тіліп алғым келеді.

Арам ойлар, тілегін

Сылып алғым келеді…

Жалпы, осы ағылған тіршілікте әр нәрсені ұната білу – үлкен өнер. Адам жаны – нәзік, нәзіктігімен қатар аса талғампаз. Өз талғамыңа жағатын дүниені табу үшін айналаңдағы заттардың әсемдігін сезе білуің керек. Алайда сол сезімталдық пен зеректік баршамызға берілмеген. Содан болар кейбіреулердің өмірді де, өзін де сүйе алмай, бар ғұмырын іштарлықпен  өткізіп жататыны. Ойлануды да, қиялға шомуды да, еңбекті де, ең бастысы, тіршіліктің өзін ұнататын Дүйсенханның бойында «дариялар сарқылмай мен сарқылман» дегеніндей, түгелмес бір тағылым бар дерсің. Ол әлемнің әсемдігін аса шеберлікпен әспеттей біледі. Өлең жолдарын оқи отырып, оның ұнатқанын сен де ұнатасың, терең түйсінуіне тәнті боласың. Өйткені, оның сұлулыққа деген іңкәр жүрегі тек шынайылықты жырлауға құмар.

Еңбегінің басым бөлігін өзі шексіз ғашық туған өлкесінің ғажайыбын дәріптеуге арнаған  ақын сонда өткен  әрбір күніне шүкіршілік етеді. Айналаға деген көзқарасын асқан шеберлікпен суреттей  білген аяулы жырлары арман қанатыңды  қайталанбас тірі әлемге жетектеп, оқыған кезде жүрегің табиғатпен үндескендей күй кешесің.

Жалғанның мәнін ұғындыруға тырысқан ақынның тағы бір «О, күндер» атты өлеңі ешбір жанға бермес жайсаң жігерін байқатып тұрғандай. Қымбат маржандар іспеттес тізбектелген оның саналы сөздері кімнің де болса жанына әсер етіп, толғандырары анық.

– Өмірдің күні не, түні не,

Жатса егер көңліңде тізілмей.

Қараймын ертеңгі күніме,

Үмітім үзілмей.

Не қиын болса да өмірде,

Еңбектің күшіне бас иед.

Осыны білудің өзі де,

Адамдық қасиет.

Ойланып көңілмен, сезіммен,

Жыр жазам, бір жырды бола сап.

О, күндер, мен сенің көзіңнен,

Көремін болашақ.

«Ойсыз өтсе, мағынасыз бұл өмір, ойсыз күндер, ойсыз түндер құрысын!» деп жырлаған Дүйсенханның мәңгіге серік еткен асқақ ойы оны небір асқар биіктерге жетеледі. Өлеңнің шыңына жетуге ынтық сан қабат қиялы да оның алға деген ұмтылысын қайрай түскендей. Том-том дүниелерді тоңып та, терлеп те, сарылып тек жалықпай оқыған оның білімге деген құмарлығы аса үлкен. Ақынның жан-жағын танып-білуге деген құштарлығы алапат құмарлыққа айналғаны баршамызға ғибрәтлі өнеге емес пе? Оның өлеңдеріндегі хикметі жастарды білім алуға, талмай ізденуге  шақырады.

Табиғатты керемет бейнелей білген ақынның алуан тақырыптарда тербеген туындылары қанша оқып, қарасаң да бояуының түсі өзгермейтін қасиетке ие. Кей кезде суретшінің қылқаламы шерте алмайтын, қара сөзбен ою өрнектейтіндердің көпшілігінде әлі күнге  кездесе қоймаған ерекше түстер Дүйсенханның суреттеуінде айқын көрініс тапқан.

Дүйсенхан Нақымовтың табиғат суретшісі, махаббат жыршысынан бөлек өзге бір қыры – сықақ өлеңдерді де шебер жаза алатындығы. Қоғамда белең алған кейбір көріністерге наразылығын, тура ойын дөп сөздермен қағаз бетінде допша домалата білген. «Жағымпаз» атты өлеңінде биіктегеннің жағдайын күйттеп, «тақсырларға» табынатын жылпостарды өткір сынға алады. Расында да көбіне жалғанға жанымыздың жақындығын жасыра алмаймыз. Ал, Дүйсенханның санасындағы адамдықтың негізінде мұндайға көндіге бермейтін қайсар қасиеттің барын көреміз. Иә, оның қолынан бар дүниені тек тура бейнелеу ғана келеді. Ақынның адал жаны, ұлылығы деп осыны айт!

Балалық шағың – бал кезің. Әр ақынның алғашқы қадамы бала күнін жырлаудан бастау алады. Себебі, ол айтылғанмен азайып, жырлағанмен таусылмайтын тақырып. Періште сәттерден ұлғайып, барлығымыз да кемелдік кезге жетеміз. Жасымыз асуларды асқан сайын балапан күндерімізді аңсап, ән-жырға қосып жатамыз. Бірақ, әнімізді дәл сол бал шағымыздағы  кішкентай үнімізбен жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Дүйсенхан ақынның бір ерекшелігі, ол өлеңдерінде сол кішкентайлықты, бейкүнәлықты жоғалтпаған. Балалықты жырлай келе адамдыққа жетелейді. Сонау ұзақта қалған сәби күніңнен сабақ алуға үндейді.

–Кездескенге мақтанып жолымдағы,

Әжемнен қалмай келем жанымдағы.

Менің ерке күнімдей бұлғақтайды,

Матадан тіккен сөмке қолымдағы.

Ұлы өмір серпіп жатты ақ қанатын,

Көңілде арман толы ақтаратын…

Сөмкеде кітаптардан әлде қайда,

Әжемнің салған наны көп болатын.

Тағдырдан алып жүрдім ырысымды,

Келер көктем жетелеп үмітімді.

… Жылдар өтті қаздардың қанатындай,

Дала жатты тербетіп баласын жай.

Әжемді көрген сайын қуанамын,

Қайтадан мектепке ертіп баратындай.

Ақынның дәптерінен есейгеннен кейін де ғибрат жияр нәрселерді аз кездестірмейміз. Адал мұратыңа жету үшін қаруыңды сайлауға жәрдем ететін «сенім» оның жұдырықтай жүрегінен жұлқынып шыққан  жырларының бәрінде кездеседі.

Дүйсенхан Нақымов – ұлы ақын. Ол көптен алған кемел ойларын тізбектелген өлеңдеріне сыйғызып, өз оқырмандарының санасын терең ойлармен жүктей алды. Оның жазғандарын оқи отырып, тынышыңды жоғалтып, тіршілікке тәнті болмау мүмкін емес.

– Мен туғанда-ақ күлімдеп

күн шығыпты,

Бір қараппын.

Ал енді шын ғаламат

Тіршілікті,

Жырламақпын.

Күлем ылғи тоқтамай қырдан асып,

Мінейді кім!?

Жыр жазсам Ұлы жерде аяқ басып

Міндеттімін.

Ілінсем мақтауына дұрыс тіпті

Осы шақтың,

Мен енді мәңгі тілер тыныштықты,

Жырламақпын.

Ол өмірінің соңында, ауыр дерт меңдеген шақта, төсек тартып жатқанда   бұрқыратып өлең жазды. Ондағы ойы әдебиет әлемінде аты қалса деген ниет еді.

– Келемін мен күні-түні жол қатып,

Жолдар жатыр ақ армандар толғатып.

Мына әлемді кетсем деймін өзім боп,

Бір-ақ парақ ақ қағазға орнатып…

Ақынның сан-қабат тұңғиықта  жатқан пәлсапасын ұғыну – адам баласы үшін үлкен жеңіс болар еді. Оның әр сөзінен сабақ аласың. Ең бастысы, ақын айналасына тірі болудың бақытын сезінуге, өмірдің мазмұнын түсінуге шақыратын қалпынан ешқашан танған емес. Себебі, ол – өмірді мәңгі сүйген ақын! Себебі, өз әдемін ақ қағазға орнатып кеткен ақын!

Әкім Ысқақ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

                                                                                  Астана қаласы

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts

Ішетін адам керек

— Қалайсың-ей? Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон…
Толығырақ

ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді. –Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы: –Барып кел,–…