ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді.

–Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы:

–Барып кел,– деп мені жұмсап жіберді.

–Не жұмысқа?

–Болысқа пакет бар. «Тығыз жұмыс, тез жеткізсін», –дейді.

Рамазан бір атқа мені салт мінгізді де, «болысқа пакетті жеткіз» деп шаптырды. Болысымыз — Нұртаза. Оның болыс болуының қысқаша тарихы былай: Болыстыққа сайлану ол кезде парамен байланысты. Сайлауды жүргізуге келген крестьянский начальник те, сайлауға дауыс беретін бибырнайлар (выборное) да пара бермеген кісіні болыстыққа сайламайды. Болыстықтан үміті бар байлардың қайсысы болса да парадан бас тартпайды. Бірақ мәселе параны беруде емес, қанша беруде. Параға, әрине, ақша жүреді. Бес болыс Керейде Әлтиден ақшасы көп кісі жоқ. Ендеше сайлаушыларды да, крестьянский началььникті де ол сатып алмағанда кім сатып алады?

Ақшаның күшін еркін танып алған Әлти бертін кезде кімді болыс қоярын үйінде отырып шешетін болған. Көңіліне жаққан біреуге ол: «Егер болыстыққа көңілі болса, маған келсін да, ақша әкетсін», — деп хабар айтқан. Сол адам болыстыққа сайланатын да болған. Бірақ, Әлтидң өз есебі түгел. Оның ақшасының күшімен сайланған болыстар, Әлтидің қалтасынан шыққан ақшаны екі-үш есе етіп қайтарып береді. Сонымен Әлтиден де, болыстан да шығар шығын жоқ, шығынды көтеретін — халық. Алғашқы кезде Әлтидің бұл өктемдігіне өзге байлар тырбанып қарсы шыққанымен, кейін: «Әлти жәрдемдесетін болыпты» десе, таласпай отырып қалатын болған.

Осы Әлтиге бір уақытта Торсанның болыс болып тұрған баласы Шақан жақпайды да, Әлти Ресейдің Мұстафасы деген кісіге:

–Болыстыққа көңілі болса, менен ақша алып кетсін де, Шақанның болыстығын алсын, — деп хабар айтады. Торсанды ата жауы көріп өскен Мұстафа бұл хабарды қуанышпен қарсы алады да, Шақанмен болыстыққа таласады. Кандидат ретінде даярлаған кісі – Нұртаза.

Сайлау алдына Әлти ақшаны төгіп кеп жібереді де, Мұстафа болыс боп шыға келеді. Жеңіліп қалған Торсан Мұстафаны тез түсіртіп тастаудың  жолын табады: «Мұстафа жасында жынданған. Сол шалығы оның бойында әлі де бар. Нанбасаңыз дәрігерлерден комиссия жіберіп қаратыңыз» деп Омбыдағы губернатордың атына арыз жолдайды. Арызға бірнеше «куәлардың» қағазын тіркейді. Губернатор бұл жұмысты қайдан тексеріп жатсын. Оның Торсан жіберген арызға қайтарған жауабы қысқа болады: «Осы қағазды сізге жолдап отырмын», — деп жазады ол Қызылжардың ояздық начальнигіне. «– Тексеріңіз де, жауабын беріңіз» ояздық начальник Торсанмен көңілдес кісі екен, ол арызда айтылған сөзді тексерместен, губернатордың атына: «Мұстафа расында жынды екен» деген қорытынды қайтарады. Кешікпей: «Мұстафа Ресеев болыстығынан түсірілсін. Ісі кандидаты Нұртаза Оспановқа берілсін!» деп бұйрық жазады. Нұртазаның болыс болу тарихы осындай.

Байбан әкеліп берген пакетті, Достың басында отырған Нұртазаға мен жеткіздім. Оның үйінде Андрей Кабаков дейтін хатшы бар екен. Қазақ тілін шалағай білетін кісі екен. Кабаков конвертті ашып оқығаннан кейін Нұртазаға жуық арада осы маңнан Омбыдағы генерал-губернатор өтетіндігін айтыпты.

Бұйрық ояздық начальниктен келіпті. Онда тапсырылған сөздер: «Губернатордың өтетін жерінен ауыл атаулы көшсін. Ол маңайға мал жайылмасын. Губернатор өтетін күні бейсуат кісі жүрмесін. Иттердің бәрі байланып қойылсын. Губернатор жүретін жолдың бойындағы шұқанақтар, жарықтар кездессе, сол маңдағы ауылдар не поселкелер тегістесін. Губернаторға арнаулы үйлер тігілсін. Қажетті азықтар даярланып қойылсын. Губернатор мен оның серіктеріне арналып қырық пар ат даярлансын. Әр пар аттың бойы да түсі де бірдей болсын. Пар жегілетін екі аттың жалдары бір жағына емес, екі жағына жатсын. Жегілетін аттар не шабан, не тарпаң, не үркек, не асау болмасын. Жиналған аттар бір жұма бұрын жаратылсын. Губернатор келерден бір жұма бұрын сол араның болыстары, ауылнайлары, беделді ақсақалдары жиналып тұрсын. Село болса старосталары және десятниктері жиналып тұрсын. Қызметтегі адамдардың бәрі губернаторды қарсы алуға шыққанда мойнына знактарын салсын…»

Бұйрық оқылғаннан кейін әрі ауыр күрсінді әрі өңі бұзылып кетті.

Өйтпегенде қайтсін, екінің бірі, не мына бұйрықты орынайды, не басымен жауап береді.

Сол күннен бастап Нұртаза әбігерлікке түсті. Ауылнайларды, бибырнайларды, беделді ақсақалдарды шақырып, жан жаққа шапқын кетті. Әлтидің Садуақасына да кісі жіберілді.

Со кезде хабарласқан урядниктің айтуынша генерал-губернатор Жаманшұбар арқылы емес, Дос арқылы жүреді екен. Достың маңайы сыңсыған қалың ауылдар. Бұйрық бойынша оларды көшіру керек. Бұл ауылдардың Достан басқа мекендей қоятын жайлауы жоқ. Не істеу керек?

Ояздық начальниктің бұйрығын орындамауға амалдары қанша! Жиналған ауылнайлар мен бибырныйлар әсіресе, Әлтидің Садуақасы ауылдарды көшіруге ұйғарды. Амалы құрыған ауылдар ары қарай Жалғызкөлге сырғыды. Ауыл адамдарына көшуден гөрі көшкен жұрттағы малдың жас тезегін жинау қиын болды. Урядниктің бұйрығы: «бұл маңайда бір малдың қиы көрінетін болмасын».

Дос пен Жайықбайдың екі аралығына губернаторға арналып он шақты ақ үй тігілді. Ауылдың ол кездегі сыйлы қонаққа беретін асы—арналып сойылған жас марқаның еті мен қымыз ғана. Наны – бауырсақ. Бұл тамақтардың жайын білген урядник: «Генерал-губернатор сенің ауылыңның тамағын ішпейді. Оған тамақты шахарша даярлау керек» деген әмірін айтты. Бұл әмірді де мақұлдаған жұрт маңайдағы орыс қалаларына кісі шаптырып, қала тәртібімен ас пісіруге жарайды деген орыс әйелдерін алдырды. Ояздық начальник айтқан мөлшерде аттар да тапсырма бойынша жиналып, ерекше күтіліп жатты.

Ауылнай осылай даярлану жұмыстарымен жүрген күндердің біреуінде Байбан ауылы жақтан шапқыншы келді. Оныі айтуынша губернатор бүгін таңертең Метропкеден (Дмитриевка) шықпақ та кешке осы ауылға қонаға келмек.

Кішкене және арық денелі, әрі көксау, әрі со кезде жасы алпыстарды алқымдап қалған Нұртазада мына хабарды естігеннен кейін өң-түс қалған жоқ. Ол Садуақасқа:

–Менің беделім сендей емес, сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі және сыйлайды. Осы болыстыққа сен ие бола тұрсаң қайтеді? – деп жалынып еді, Садуақас әуелі:

–Жемісті сен орып, мен жейін дегенің бе, бұл? – деп қалжыңдады да, артынан Нұртаза жабыса берген соң,

— Жоқты айтып, басты қатырма. Сенің отыңа күйетін мені кім деп отырсың? Болыс болғанды жақсы көресің де, ұлық келгенде қашасың. Жоқ, болмайды ол. Шатақты қой да, ісіңді басқар, — деп қатты қайырып тастады. Амалы құрыған Нұртаза қайтып жауап қайырған жоқ.

Күн кешкіріп келеді. Губернатордың қарасы әлі көрінбейді. Келген шапқынның айтуынша губернатордың қасына ерген жиырма шақты нөкері бар. Олардың бәрі он, он бес шақты пәуескемен келе жатыр.

Бір кезде Байбан ауыл жағынан бұрқырап көтерілген шаң көрінді.

— Ал кеп қалды,—деп ду ете түсті жұрт. Біреулер:

–Бұның алдынан шығамыз ба? – деп урядниктен сұрап еді:

–Жоқ, болмады ол, — деді урядник. – Оның алдынан үш кісі шығады, болыс, хатшысы және мен.

–Бұйрық солай болды ғой, — деді Садуақас Нұртазаға. – Ал, енді мін атқа!

Өңі бұрынғыдан да қуқылдана түскен Нұртаза Садуақасқа:

–Оққа мені байлайын деген екенсіңдер, жарайды. Мен-ақ құрмалдық болайын жұрт үшін, — деп ерттеулі тұрған атына жөнеле берді де, ашулы адыммен барып, атына ырғып мініп алғаннан кейін:

–А, Жасаған бір өзіңе тапсырдым, — деп дауысы барқырап жылап жіберді. Содан кейін урядник, Нұртаза және Кабаков үшеуі шаңдатып келе жатқан губернатордың алдынан шапты да кетті. Күтіп тұрған жұртта өң-де түс те жоқ. Сұрастырып көрсе, бұл тұрғандардың ішінде жалғыз Әлтидің Садуақасы болмаса, губернатор түгілі ояздық начальниктің алдын көрген біреуі жоқ екен. Енді біреулері өзге әкімді былай қойып урядник жүрген жердің өзінен қашады екен. Сондай «бейшараларға» губернаторды қарсы алу оңай болып па?!… Үрейлі көпшіліктің ішінен батыл көрінгісі келгендей:

–Орыс  тіліне қайсың жетік ең? –деп сұрады Әлтидің Садуақасы өзгелерден. Біреу тұрып:

–Қорғанға көбірек барып жүреді ғой, орыс тіліне Т үркеннің Қантайы жетік дейтін, — деп еді, бұл араға бибырнай болғандықтан келіп тұрған Қантай:

–Атай көрмеңдер, менің білетін тілім, орыстың купестерін ғана алдайтын тіл. Төре дегеннің алдын көрген кісі емеспін. Жанарал түгілі кіпіралға (капрал, ерте кездегі сержанттың дәрежесі) да сөйлесе алатын жайым жоқ, — деп қашып шықты. Біреулер:

–Рамазан, сен жәмшік тартып, әртүрлі төрелерге жолығып жүрсің ғой. Соның тілін сен білерсің, — деп еді, ол тұрып:

–Мені қойшы, тәйірі мен жәмшік емеспін бе, жәмшік деген жалшы емес пе? Шені бар біреу сөйлессін, — деп жуымайтын белгі көрсетті. Орысша біледі-ау деген әркімдерге ұсынысын өткізе алмаған көпшілік: «Торсанға еріп Омбыға барып жүруші ең ғой, тегі төренің тілін сен білерсің» деп Мәшікке жабысты. Мінезі салмақты Мәшік «көрерміз оны» деп бәлденгендей аз тұрды да:

–Жарайды, реті келсе, сөйлессек сөйлесерміз, –деді.

–Е, бәрекелде, — деп шу ете түсті әркімдер. –Бізден де бір еркек шықсын да осындай.

Мәшіктің ризашылығына көзі жетіп болғаннан кейін біреулері тұрып:

–Бұл «төре тілі» деген қандай тіл болады өзі? – деп сұрады.

–Өзі орыс болса, сөйлейтін тілі де орыс болады да, — деген біреуге:

— Сен білгішсінбей тұра тұршы, — деді бір шал. – Қара орыс пен төре орыс бірдей сөйлейді дегенді кім айтқан саған?

–Дурықпаңдар, — деді біреу тұрып. –Мына Мәшіктен естиік те, төреге қалай сөйлесетінін. Оған қалай амандасушы еді? – деп сұрады осы кісі Мәкіштен. – Кәдімгі орыстарға айтатын «здрастиді» ата ма, басқа сөз айта ма?

— Ол қоқалдың амандасуы ғой, — деді Мәкіш. – Төреге «Здарю желаю» дейтін көрінеді.

–Естідіңдер ме? – деп ду ете түсті бірсыпыралары. – Тыңдап қйыңдар, төремен сөйлесе алады екенсіңдер. «Орысшалаймын деп жанаралдың аузынан боқттапты» деген осыдан шыққан ғой. Мына Мәшік біздің құлағымыз естімеген сөзді айтып тұр. Одан арғы сөзі не болады екен?

Жұрттың бәрі жауап күткендей Мәшікке үңіле қалысты.

–Ұмытып барады екем, — деді Мәшік. – «Ваше блогородие» деген сөзді айту керек.

Біреулер «Бәтең де сүрінді» деп күлейін деп еді:

–Қойыңдар ары, — деп ақырып қалды Садуақас. – Мәшік, сен айтатын сөздеріңді күнібұрыннан ойланып қой. Губернатор келгенде сасып қап, масқара боп жүрме.

Осы кезде шаңдатқан пәуескелер жақындап қалды.

–Мойындарына знактарын салып, ауылнайлар ғана тұрсын бұл арада, — деді Садуақас. – Өзгеміз үйдің артына қарай кетейік. Губернатор шақырса, үстіне кірерміз. Әйтпесе сырттан-ақ сығалармыз.

–Мақұл, — десі көпшілік.

Топ екіге бөлінді. Бір топты бастап Садуақас тігілген киіз үйлердің сырттындағы сайға кетті.

«Ауылнайдың знагі» деген алақандай дөңгеелек жез болады екен, бетінде орысша жазу, (кейін білсем, «Пәлен болыстың пәлендей ауылының старшинасы» деген орысша жазу болады екен) Бір жақ шетінде ұзын бауы бар.

Жолаушылар таялып келген кезде топталған ауылнайлар мойындарына знактарының бауын іле сап, қаз-қатар тұра қалысты. Жолдың шаңын аспанға көтерген он бес шақты пәуеске жеккен аттардың бар пәрменімен, шапқан екпінімен кеп тоқтай қалысты.

«Пәуеске» дегеніміз өзіміз күнде көріп жүрген тарантастың үлкені сияқты екен. Үстінде былғары күйме, күймелердің барлығының алды жабық екен. Көк пәуескеден біреуінің ғана есігі бұрқыраған шаң бәсеңдеген кезде ашылды. Одан қалың сары мұртты, шоқша сақалды, зор денелі, үсті-басы жарқыраған жалаңбас біреу шыға келді де, жақындауға бата алмй тұрған топқа келіп әлденені сұрады. Тұрған топ қолдарымен ат үстіндегі Нұртазаны нұсқады. Жаңағы төре Нртазаны ымдап шақырды. Атын тебініп жақындаған Нұртазаның шаңнан бет-аузы көрінбейді. Төре оған күлімсірей аз қарап тұрды да орысшалап бірдемелерді айтып пәуескесіне қарай кетті.

–Атты жегіңдер, — деп айтады деді Нұртаза.

–Күн кешкіріп кетті. Қонбай ма екен? –деді біреу.

–Қон десеңдер айтыңдар біреуің, — деді Нұртаза. – Үнемі отқа күйе беруді Тәңірім менің маңдайыма жазып қойып па?

Байбан ауылы жағынан келген, терге шомылған аттар ағылып жатыр. Біздің араға жиналған жарау аттар жегілуге даярланып жатыр. Со кезде губернатордың пәуескесі қайда екенін білген Мәшік қасына барыпты да губернаторға тіл қатыпты. Онысын ат жегудің әбігерімен жүрген біз көрген жоқпыз. Тек қана біздің көргеніміз, тың аттар жегіліп бітуге айналған кезде, үсті қайырылған пәуескедегі ұзын қою қара сақалды, жуан денелі, үстіндегі жарқырағы манағы төреден де көп біреу түсті де, киіз үйлерге беттеді. Қасындағы Мәшік. Өзге пәуескелерден де түскен біреулер ол екеуіне ере бастады. Қайсысының губернатор екені белгісіз. Бәрі де жарқырай киінген, бәрінің үсті-басы толған шен. Төрелер киіз үйдің біреуінің алдына тоқтап, өзара бірдемелер сөйлесіп, қарқылдасып күлісіп тұрғанда Мәшік үйге кірді де, сырлы аяқты тотыра қымыз алып шықты. Аяқты ол манағы өзімен бірге барған сақалдыға ұстатты. Сақалды қымызды ұрттап алды да, жерге түкіріп жіберді. Содан кейін олар тағы бірдемелерді айтысып, қарқылдап күлісті де, пәуескелеріне қарай тартты.

–Қонбады ма? – деп сұрасты біреулер Мәшіктен сыбырлап.

–Көрмей тұрмысың? –деді Мәшік.

–Енді дәм де татпағаны ма, шіркіндердің,– деген біреуге,

–Дәміңді нағылсын, сенің? – деді Мәшік. Сөз сонымен доғарылды. Төрелер пәуескелеріне мінісіп жатыр.

–Бала, бері кел, — деді маған сол кезде қасымнан өте берген Рамазан. – Бар анау, кейінірек тұрған үш пәуескесінің оң жақ шеттегісінің божысын сен ұстайсың.

Пәуескелердің алды қозғала берді. Екі құла ат жеккен менің пәуескем де қозғалды. Ауылдан шықпай-ақ шапқынмен кеттік. Жердің шаңы аспанға көтеріліп, маңайдан түк көрінер емес. Осы шаңнан кісі тұншығып өлер ме еді, қайтер еді, егер күн батқаннан кейін қара жаңбыр төге жөнелмесе. Бұл жаңбырдың бұлты түсіктен ауғаннан кейін-ақ батысқа қоңырланып жинала бастап, біз ауылдан аттанған кезде түтіленіп қап-қара боп алған. Осы бұл күн батар кезде бері қарай жылжи бастады да ымырт болмай-ақ төпей жөнелді. Және ол мейлінше қатты төпеді. Аспаннан шүмектеп құйғандай жауын шатырлаған бұлттан сарылдай төгілгенде лездің арасында дала сел болып кетті. Жаңбыр жауған сайын қалыңдай түсті. Бұлт аспанды қоршай түсті. Біраздан кейін анда-санда жарқылдаған жай оғының жарығынан болмаса түнек қараңғыдан түк көруге болмайды…

Жаңбырдың миы шыққан сазды жерден аттың жортуға қаншалық күші келеді. Мен божысын ұстап келе жатқан аттар біраздан кейін тырбыңдап, болдырған қалып көрсетті. Күн жарқылдағанда көзіме түсіп қалатындай кейбір пәуескелердің аттары да осы халде сияқты. Жол дегеннен әлдеқашан айрылған болуымыз керек. Өйткені пәуескенің селкілдеген түрі жаман. Бетіміз оң ба, теріс пе, оны біліп болар емес. Біраздан кейін бытырай бастағанын білген жұрт, бірін бірі айғаймен ғана табуға айналды. Осы айғамен бірнеше пәуескенің басы қосылғаннан кейін «енді қайтеміз?» деген сұрауларға «біз қайдан білейік? Төрлер біледі де, солардан сұрайық» деген жауап берді біреу.

–Төрелер тоқтайтын емес, «жүріңдер» деп тұр. Ал тартық, тәуекел, — деген айғай шықты бір уақытта. Бірінің елесі біріне зорға көрінетін пәуескелер төпеуі үдей түскен жауында тағы да шұбыра тартты. Бірақ аттарда да бұрынғы қарқын жоқ. Олар енді шабыс түгіл, жортақ түгіл, шоқақ түгіл, аяңның өзіне зорға жарайды. Жаңбыр үдеп барады. Жер дүние телегей теңіз, шылқылдаған саз. Аттар енді аяңнан да қалуға жақын. Үсті-басымыздан малшынбаған киім жоқ. Мойыннан аққан су бақайыңа сорғалайды. Осы халде келе жатқан пәуескелер бір жерге кеп, ошарылып, у-шу бола қалды. Дауыстаған адамдардың сөздеріне қарағанда бір көлдің биік жарына кеп тақалып тұр екенбіз. Егер жардан құласа, пәуескенің күл парасы шығады. Бұл кәдімгі Жаркөлдің биік жағасы екен. Биіктігі елу-алпыс метрдей бұл жардан  құлаған нәрсе күл пәрше болудан бұрын, ар жағындағы көлдің терең суына күмп береді. Оның аты тұншығу. Осы халді көрген губернатор, пәуескелер кері бұрылып, жардан шыққаннан кейін өз пәуескесінен түсіп, шоқынып жатыр дейді. Сонда оның не айтқанын Рамазан тыңдап тұрыпты. Кейін жұрт:

–Губернатор не деді, сонда? – деп сұрағанда:

–Қатынымды көрмей өліп қала жаздадым-ау, деді губернатор, — дейтін еді Рамазан. Тегі губернатордың әйелін аса сыйлайтындығы, не одан аса қорқатындығы рас болу керек. Өйткені сонша адаммен, сонша көп пәуескемен жолшыбайлы сонша жұртты әуре қып, Омбыдан Қостанайға генерал губернатордың жол шекке себебі, сол кезде Қостанайға оның әйелінің Петербургта оқитын інісі келеді екен. Губернатор нөкерлерін ертіп сол балдыына амандасуға шығыпты.

Сәбит МҰҚАНОВ.

ӨМІР МЕКТЕБІ.

Бірінші кітап.

Total
0
Shares
Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Related Posts

Ішетін адам керек

— Қалайсың-ей? Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон…
Толығырақ

Үш литр су

Кеше бөлемнің үйінен бесік той ма… бірдеңеден келген, әйелім азанымен «кеттік» дейді маған. – Кеттігі нес… – Кеше…