Аспанда тіреуіш жоқ

Ғалымбек Елубай

Ізбөрі ақсақал 95 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Көп ауырып-сырқаған жоқ. Тек, бір апта бойына төсек тартып жатты. Ауылдың салты бойынша қартқа бөтендігі жоқ естияр деген адамдар әр түні кезекпен күзетіп жүрді.

Соңғы демі үзілетін күні қарияны алқа-қотан қаумалаған жұрт ішінен бір жігіт мені ұзақ жылдар мазалаған сұрақты қойған екен.

– Ата, ғасырға жуық ғұмыр кештіңіз, талай тариыхтың куәсі болдыңыз. Өзіңізді қайран қалдырған, шешімі жоқ жұмбақ болды ма? Болса, соны айтып беріңізші, – десе керек.

Сонда қаря көкрегін кере күрсініп:

– Әрине, болды балам, – депті.

– Болса қандай?, – деп жамырасады жұрт.

Таңқаларлығы соңғы секуныттарға дейін ақыл есінен, айтар сөзінен жаңылмаған қария сөзді көп созбаған деседі.

– Сұмырай құсты алғаш көруім. Ол кезде мынау Серліктаудың сай-саласы сылдыраған бұлақ еді. Көктерек ауылы қайың мен тал көмкерген түңкелі тоғай-тұғын. Бірде осы жердің алғашқы тұрғыны, өздерің білетін үзеңгілес досым Ұлықпанның үйіне келе жаттым. Құлағыма бұрын-соңды естілмеген бір сұмдық үн келді. Атымды талға байлап, баспалап дауыс шыққан жаққа бардым. Кішкене ғана қолаттың бауырынан сәбидің еңбегіндей құм көтеріп, бүлкілдеп жатқан бұлақтың басында жұырықтай сұры құс арқасын жерге, аяғын көкке қаратып сұңқылдап жатыр. Кәдімгі адамның тілінде «Жоқ! жоқ!» дейді. Араға ай салып қайта оралғанымда көрдім, бұлақ тартылып қалыпты. Содан кейін де әлгі құсты бірнеше мәрте жолықтырдым. Ол барған бастау көздері бірінен кейін бірі суалып қалып жатты…

Екіншісі, қилы заман, қиын күндердің кезі. Осы Серіліктаудың төбесіндегі астаушаға атымды төрт аяқтап тұсап, ертоқымымды жастанып қонып жатқам. Айсыз қараңғы түн, тек қана жұлдыздардың жарығы жамырап тұр. Кірпігім айқаса бере, көз ұялтар жарық пен ыслдаған дауыстан оянып кеттім. Таяқ тастам жерде ұзыны екі-үш құлаш айдаһар жылан кетіп барады. Ең ғажабы маңайына жарық шашып тұрған басындағы жұдырықтай гауһар тасы болды. Атым төрт аяқтап шапшурлап келіп, түні бойы шөп сындырмай, кеудеме басын қойып сілейіп тұрды да қойды. Түнде тап келген мұндай хикіметтің соңынан баруға менің де жүрегім дауаламады. Тек, таң атқасын жапырылған шалғынның ізімен жүріп ілесіп көрдім. Діңі құшақ жетпейтін қарағайдың түбіндегі жер ошақтай інге кіріпті. Кейін сол орынды белгілеп қойып талай бардым, әр жолы алдымнан саңқиып суыр шығады…

Жұрт қарттан мұның мәнісін сұрап та үлгірмеген…

…Арада жылдар өтті. Бізде есейдік. Алтайдың айсыз қараңғы түндерінде «Мен кіш етіп алғанша сен терезеден қарап тұршы» деп жалынатын сәби панамыз, қайран әкеміз бен қадірлі қарттарымыздың моласын, туған ауылымызды тастап алысқа, бейтаныс өлкеге ұшып кеттік.

Ізбөрі қарттан қалған осы бір әпсананы басында әркімге айтатын едім. Әркім әртүрлі қабылдады. Біреулер алдымен тыңдап алатын да, менің сөзім ақырласпастан қайым айтыс сынды, өзінің ауылындағы әлдебір даншпан туралы ертегіні айта жөнелетін. Тек, бір жолы ғана бір ақын досым ықыласпен тыңдап алып, «Ғажап екен!» дегені бар.

Болды.

Уақыт өте келе бұл әңгімені ешкімге айтпайтын болдым. Өйткені, өзім де нанбайтын болған едім. Тіпті, ұмытып кеткен де шығармын. Уақыт салған таптауырын сүрлеумен ілгері жылжи бердім.

Базар маңы ығы-жығы қайшалысқан адам. Жаяу жүргіншілердің жолымен келе жатқамын. Бір уақытта жол шетінде мүгедек арбасында отырған, екі аяғы тізеден жоқ жігіттің қырық қомыт арбасының жақтауына қырықтың о жақ бұ жағындағы жігіт ағасының ұзын етегі ілініп қалғандай болды. Анау ойланған жоқ. Бұрыла бере шапалақпен осып қалды. Шамасы етегімнен тартып отыр деп ойлап қалса керек:

– Оңбаған қайршы! Тартып аласың ба, ақшам жоқ! жоқ!

Мүгедек шырылдады.

– Мен қайршы емеспін, жоқ! жоқ!

Әп-сәтте екуін қаумалаған жұрт уәделескендей қалта телефондарын суырып алды.

– Мұндай кескін ғаламторда жоқ!

Базардағы сатушының даусы жетті:

– Өзіне де обал жоқ!

Маңаймның бәрі «Жоқ! жоқ!».

Осы көрініс санамда бұғып жатқан ескі бір сұрақтың шаңын бұрық еткізіп, батпан жауабын тастап жібергендей болды.

Осы күнге дейін неге байқамай келдім екен?!

Сөйтсем, қарт көрген сұмырай құс бұл күнде көрінген бұлақтың басында балапандап, өріп жүр екен. Тіпті, өмір бұлағының басында……

Қыздар неге тұрмысқа шықпайсыдар?

– Жақсы жігіт жоқ! Болса үйі жоқ, не күйі жоқ!

Жігіттер неге үйленбейсіңдер?

– Жақсы қыз жоқ!

Жұбайлар жылайды, «Жұдырықтай шикі өкпе жоқ!»

Мына жақта жетімдер!

Кедей айтады:

– Байлардың қайрымы жоқ!

Байлар айтады:

– Кедейдің уайымы жоқ!

Осылай кете береді…

Тіпті, сан мыңдаған жоқтардан басым атылардай ісініп, шеке тамырларым торсиып үйге әзер жеттім.

Әйелім шықты алдымнан:

– Үйде дым қалған жоқ! Анау жоқ! Мынау жоқ!….

Қашып балалардың бөлмесіне кірдім.

О, жаратқан ием!

«Ойыншығымыз жоқ!» деп шу-шу етеді.

Теледидарды қостым. Бекер-ақ қосқан екем! Бір әнші қыз сұңқ-сұңық етеді.

«Ана жақта жоқ! Мына жақта жоқ!»

Өңім өрт өшіргендей түтігіп кетті. Қолым дірілдеп үш қайтара басып әзер сөндірдім. Оны көріп отыратын мен де уақыт жоқ! Ерте жатып, ерте тұрмасаң жұмыс та жоқ!

Дәл сол сәтте қарт жасырған екінші жұмбақтың да шешімі санамда сәулелене қалған еді. Басында ақылымен сабыры, қанағатымен қасиеті қатар нұрланып маңайына сәуле шашқан алтын басты айдаһардай тектілік сол қадірменді қариямызбен бірге көрге кірген екен…

Енді өзі де жоқ!

Ізі де жоқ!

Жоқ!

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Бейтаныс

Бүгін де жұмыстан әдеттегідей кеш шықтым. Қайда асығамын? Мені сағына тосып отырған кім бар? Жұмыста әйтеуір көңілің бөлінеді,…
Толығырақ

Үш литр су

Кеше бөлемнің үйінен бесік той ма… бірдеңеден келген, әйелім азанымен «кеттік» дейді маған. – Кеттігі нес… – Кеше…
Толығырақ

БІР РЕТКІ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

ҒАЛЫМБЕК ЕЛУБАЙ. Қамыстан тоқылған төбедегі қарағай бөренелерге іле салған тор көз шырақ сығырайып барып сөніп қалды. Шам жағуға…