ҒАЛЫМБЕК ЕЛУБАЙ.
Қамыстан тоқылған төбедегі қарағай бөренелерге іле салған тор көз шырақ сығырайып барып сөніп қалды. Шам жағуға ұмтыла берген ағамды Алдияр етегінен тартты.
– Керегі не оның?!
Терезден тамыздың тоңғақ айының көгілдір сәулесі дірдектеп төгіліп тұр. Жаздық үйдің ортасын ала сирағы едендегі топыраққа сіңіп кеткен аласа үстел. Үстел бетінде орта табақ қурдақтың тоңазыған майына дейін жылтырап анық көрінеді. Терезе сыртындағы сәмбі талдың сан өрім саусақтары төрдегі қабырғаны сызғылап ойнап тұр. Мен атамнан қалған ауыр жабағы көрпеге иегімді тығып бұйыға түстім.
– Ұл ұйықтап қалды ма?
– Ендігі түс көріп жатқан болар.
Үйдің ішін арақтың қышқылтым исі мен темекінің қошқыл түтіні кернеп кеткен. Ағам терезені ашты.
Алдияр басын құшақтап мүлгіп отыр. Оң саусағына қыстырған темекісі ұйысқан бұйра шашының шалғайына ілініп қоңырсыта бастағанда селік етіп есін жиды.
– Сендер мені түсінбейсіңдер!
– Мен түсінем!
– Түп, мә! Түсінесің!
– Қит етсе болды қолыңды саптап шыға келетінің жаман!
– Сен алдымен мынаны айтшы? Мен неге үлкен қаладағы әйбәт жұмысымды тастап шекаралық өңірге тентіреп келдім. Мен неге тау-тасты кезіп қашқан-пысқан қылмыскерлермен, ұрдалып алтын шайқаған кезбелерді қуып титықтап жүрмін?
– Саған бұйырған жұмыс сол болғаны да. Мысалы, мен кетпен арқалаған қара сирақ егіншімін. Сен шекаралық өңірдің сақшысысың.
– Тіптен олай емес! Мен бұл жұмысты өзім тілеп алғам!
– Онда кімге өкпе артып отырсың енді?
– Ешкімге! Еш пендеге өкпем жоқ! тіпті өзіме де! Мен бұл жаққа жан азабымнан арылу үшін ғана келдім.
Осы кезде пеш иығынан ырғып түскен бала мысық қонақты айналып толғанды. Сүйкене керілді. Алдияр табақтағы еттің бір түйірін алып оның алдына тастады. Жемін жалғыз асап қайта қылқия қалған мысық қонақтың ашуына тиген секілді. Көз ілеспес жылдамдықпен қаруын суырып алып, тілемсек жануардың желкесінен мыжа қойды. Мысық қас-қағым сәтте баж етіп сытылып кетті. Анадайға барып белін кемпір қосақтап иіп, көздері жасыл от шаша айбар шеккен.
– Тап, әкеңді-ай, қолымды қанатып үлгерді.
– “Бұған сәл қарама”- деді ағам. Түз мысығының жұрағаты. Үй мысығы секілді “көндім, болдым” емес.
Алдияр қаруын үстел үстіне қойды да қорсылдап жылай бастады.
– Сол қарғыс атқыр күні мынау жабайы мысық секілді қарсыласып, бетімді тырнап алғаныңда, болмаса жол бойы кінәсіздігіңді айтып ақталып отырғаныңда ғой. Мұндай азап шекпес пе едім…..
– Не айтып кеттің тәйірі! Шамасы жатып тынығып алғанымыз жөн шығар. Әңгіменің де берекесі кетті….
– Айтшы сен, өлімге кесілген адамдарды өміріңде бір рет болсын көрген бе едің?
– Көргем!
– Қашан?
– Мектептегі кезімде. Бәрімізді қалалық соттың алдына жинап алып жеті адамның жария үкімін оқыған.
– Сосын?
– Сосын жетеуін төбесі ашық машинамен қаланы бір айналдырып масқаралап шығып, тау бөктеріне апарып атып тастаған.
– Қылмскерлердің көзі есіңдеме?
– Кейбіреуі ғана….
– Айтшы, көздері қандай еді?
– Аса бір өкініп, опынып тұрған көзқарас емес…. Иә… рас….. Біреуі тіпті жолай кезіккен сұлу қыз -қырқынға “егер менің соңғы қалауым шынымен орындалатын болса сенімен қойындасар едім”- деп айғайлаған….
– Иә, соңғы тілегіне бір құмыра арақ, бір табақ ет сұрап жейтіндері… басын құшақтап жылайтындары… бұтына жіберіп қоятындары да кезедеседі. Ал менің атқан адамым оларға мүлдем ұқсамайды.
Менің жүрегім су ете қалды. Біздің жаздық үйіміздің төрінде жаңа ғана егіліп-төгіліп отырған жасық, бұйрабас жігіттің орнында қатігез үкім атқарушы, баскесер жендет отырған еді. Ағам арқасын тамға жастап Алдиярға қарап қалыпты.
– Қытайдың жаңа жыл мерекесі шаған кезі. Ішкі күштер бөліміндегі көп санды адамдар мерекелік демалысқа кеткен. Бөлім басшысы шақырып алды. Жас болса да тік мінезді, ділі қатты адам еді. “Солай да солай өлім жазасын атқару керек. Бұл міндетті атқаруға тиіс адам нақты себептермен жұмыста жоқ. сондықтан осы шартқа сен ғана лайқтысың. Бас тартуға мүмкіндігің жоқ!”
– Мәссаған безгелдек! Буынсыз жерден пышақтаған екен ғой?
– Бұлталақтап көрдім. Бұрылтпады. Оның үстіне ар жағымда бір дауыс: “көрсеңші тәуекел! Осы сылтаумен бір саты ілгерлеуіңе септігі тиіп қалар шаруа”- дейтін сияқты.
– Бүйткен жұмысың лағнет!
– Тап солай! Сол күнді қарғыс атсын!
Бұйрабас жігіт шашын устап шеңбектеді.
– Менің басымдағы аласапыран ой үш аяқты мотоцикілге шашын сан бұрымдап өрген он сегіз жасар қызды мінгізгенде басталды. Үстінде қызғылт тұтқын киімі, көз шарасы тостағандай.. ағы-ақ, қарасы- қара…. кірпігі жаңа туған бұзаудың кірпігіндей ұзын….
– Қыз де? Не күнәсы бар екен оққа байланардай? Қылмыстың жынысы болмайды екен ғой-ау!
– Сен өзің көргенде бұлай демес ең…
– Кісі көзі өлімге қимастай сұлу болғаны да?
– Жоқ! тіпті күнәсіз көрінеді. Сұлу ғана емес сондай суық. Жон арқам мұздап келеді. Дала сақырлаған сары аяз. Ауаның өзі қылаудай сынып жерге төгіліп жатқандай. Қыз да, қасымда бірге еріп келе жатқан солдаттардың жүзіндей суық.
– Қап-ай ә!
– Иә мен оған сол кезде жалғыз жақсылық жасай алдым. Мылтықтың ұңғысындағы оқты шығарып қызға бердім. “шашыңа үйкеп отыр”-деп тапсырдым.
– Ол неге керек?
– Оқ жеңіл өтеді. Шыққан жерін қопарып жұлып кетпеуге керек. Жаны қиналмай өлуге себі тиер дегем.
– Ондай сұмдықты естімеген екем өмірімде. Қыз не істеді?
– Үндеген жоқ. Тіпті мұның себебін де сұраған жоқ. Өзінің ажалын мәпелеп отырды. Сенесің бе? Кісендеулі қолымен кеудесіне төгілген бұрымын оққа ширата, жайбрақат отыр. Тіпті жайбыр-рахат емес! Мынау дүниеге әуесі өлген, жүрегі өлеттенген суық сұлулық дегейсің…… Жанары алыс көкжиекке сіңіп кеткен. Құйшы тағы…
– Сұмдық-ай!
– Сонымен үкім атқарылатын жерге де жеттік. Алын ала қазылып қойған ор. Біршама халық жиналыпты. Шамасы туғандары болса керек. Топ ішінен өң әлпеті қызға ұқсаңқырап қалатын жасамыс әйел шығып, қыздың аузына бір үзім нан салды. Қыз оның бетіне назар аударып қараған да жоқ.
– Сонымен оның не кінасы бар болып шықты? Ана әйелің кім?
– Тұра тұршы жан алқымға алмай!
– Қыздың арқасын түре бергенде денесі дірілдеп кеткендей болды. Бұл аяздан көрі бөтен еркектің суық қолынан сескенгені шығар деп ойладым….. алдымда қырғидан қашып бұта қорғалаған торғайдай бір шөкім құс отырды….. енді сәл ғана кідіргенімде өкіріп жылайтыным болмаса еш екіленбей мылтықтың ұңғысын өз аузыма тығарым анық еді….. үлгеріп қалдым…. алдын-ала сызылып қойған қызыл шеңберді көздеп шүпіппені басып қалдым. Шалғында баспалап келіп бейғам құсты атып салғандай ғана көрініс. Бәрі тұманды түс сияқты бұлдырап кетті. Қыз алдыға ірке ұмсынып барып, құлап түсті. Заң дәрігері келіп өлімін растап жатты…..біреуі барып ақы иесінен оқтың ақшасын алды…. манағы әйел қыздың анасы екен. Осындай көкірегі кепкен ананы көргенім алғаш. Көзінде тамшы жас жоқ. Қыз өзінің өгей әкесін тігін қайшысымен жапырақтап турап тастаған…. ең қызығы, барлық құжаттама да себебін айтып ақталмаған…
Осы кезде жарық етіп шырақ жанды. Алдияр отырған орнынан домалап түсіп, қор ете қалды.
“е, қолыңды жазықсыз қанға малған біреу екенсің ғой”-деп күбірлеген ағам оны сүйемелдеп жатар орынға жайғастырды.
Терезе алдындағы сәмбі талдың сан өрім бұтағы желмен желігіп кеткендей. Терезені осқылап тұр. Алтайы тамыздың суық, сұлық айы көкшулан бұлтқа жасырынды.
Ал мен өмірімнің ақырына дейін санама серік болатын осыбір суреттің алдында Алдиярмен қатар жүрелеп отыр едім……