Бейтаныс

Бүгін де жұмыстан әдеттегідей кеш шықтым. Қайда асығамын? Мені сағына тосып отырған кім бар? Жұмыста әйтеуір көңілің бөлінеді, жалғыздығыңды ұмытасың. Ал үйде? Үйде тамақ істеп ішсең іштің, ішпесең жатқаның сол бүрісіп… жасың келіп қалған соң бұрынғыдай дос-құрбының да қатары азайған, бәрінің өз отбасы, өз қызығы, қала берді өз тәш-пүші бар.
Күзің ортаңғы айы болса да бүгінгі күн жылы екен. Ауада қоңыр майда жел бар. Асығып шыққанға ма арқам бусанғандай болды, субұрқақтан шашыраған сумен көктің иісі ерекше шығып, көктің әдемі иісі танауды қытықтайды. Тап бір көктем секілді. Құдды бір күз емес, дала көктем сияқты. Кеудеме әлдебір желік біте қалды. Шіркін деймін, осындайда қол ұстасып бірге қыдырып кетер сонау бір студент шағың қайта оралмайды ғой… сол студент шақтың қадірін білді ме бұл? Енді міне, айналасына қараса өзі қатарлы құрбылары әлдеқашан ана атанып, бір үйді дөңгелетіп-ақ отыр. Оқу деді, жұмыс деді, үй алам деді, бәріне қол жеткізді бірақ… бірақ соның бәрінде жалғыз екен. Ол жалғыздығын енді ғана мойындаған тәрізді ме, қалай?
Күздің бір тұтам күні демде батып, қас қарайып, қала көшелерін қараңғылық тұмшалай бастаған. Аялдамаға қарай асықпай аяңдап келем. Осындай қоңыр күздің кілем жапырағын кешкен сонау бір жылдың күзі есіме еріксіз оралды. Ол да бір дәурен екен-ау… Аялдамада адамдардың қарасы көбейіп қалыпты. Автобус бүйірі ырсия тағы да кешігіп келе жатқан тәрізді. Сосын тұрғаның бір аяқтап не ұстауға, не отыруға жер таппай. Көлік алуым керек деп қойдым іштей. Қашанғы бұлай салпақтап жүрмек? Қазір ғой күн жылы, ертең қыста тұрғаны сол бүрсеңдеп. Кенет қасыма жеңіл көлік тоқтады. Іштен есік ашып:
– Отырыңыз,- деді қырма сақал жігіт. Такси шақырмаған мен ә дегенде аңырап қалдым да, алдынғы орынға үнсіз жайғаса салдым. Әудем жерге дейін үнсіз отырған мен барар жерімді айтқанда:
– Білемін, біздің көшенің басында тұрасыз ғой -, дегенде барып оның жүзіне барлай қарадым. Қаракөлеңкеден оның үлкен аялы көздері, қыр мұрыны, ерекше біткен томпақ түрік еріні, күлгенде көрінген аппақ тістері, жазық маңдайға біткен қою қара қастары, бозғылт тартқан толқынды шаштары сымбатын ерекше нұрландырып тұрғандай көрінді. Бұрын-соңды кездестірген адамым емес. Тесіле қарап қалғанымды таңданысыма балаған ол:
– Қорықпаңыз, сізді танып, ала кетейін деп тоқтадым. Күнде осы уақытта жұмыстан шығамын. Сізді де бірнеше рет байқадым. Ақыры кетіп бара жатырмын, күнде алып кетейін,- деп бір-ақ тоқтаған оған қарсы уәж айтуға оқталған да жоқпын. Бірақ ішкі таңданысымды жасырғым келген сыңаймен терезеден сыртқа көз тастап, межелі жеріме жеткенше тырс етпеген күйі міз бақпадым. Ол да сөзге тартпады. Түсер кезімде ұсынған ақшамды алмады. Өзім үшін келе жатырмын, күнде алып кетейін дегенін тағы қайталады. Жалма-жан оның рөлді ұстаған күректей қолдарын көзбен бір шолып өттім. Өзім көргім келмеген затты таппадым. Түсіп бара жатып артқы орындықта әскери киімдерді көзім шалды. Әскери бөлімдегі жігіт болды ғой деп тағы топшыладым. Сомен рақметімді айта түсіп кеттім. Бағанадағыдай емес, далада біраз ызғырық бар. Бір сәт денем қалтырап жаурап кеткендей болдым. Асығыс үйге кіріп кеттім. Үйге келіп алып ал кеп ойланайын. Өмірде көрген адамым емес, бірақ мен жайлы біраз жайтты білетін сияқты. Сол күні түнде мүлдем түс көрмей ұйықтадым.
Ертеңіне де сол күндегі уақытта жұмыстан шығып, аялдамаға жете бере ыңыранған автобусыма үлгере алмай, келесісін жарты сағат күтетін болдым деп шекем тыржия бастағаны сол еді, таныс көлік қасыма тоқтай кетті.
– Отырыңыз, үлгермей қалдыңыз ба?- деді әудем жер ұзаған автобусты нұсқап. Бұл жолы ескі танысымды көргендей қуанып кеттім. Көліктің іші жып-жылы екен. Жанға да, құлаққа да жағымды әуен ойнап тұр. Музыкаға талғамы биік екен деп қойдым іштей. Салонның іші мұнтаздай, артық зат көзге түспейді. Артқы орында әскери форма ғана ілулі. Денемнің тоңазығаны жылынып, әуенге елти бастадым, білем, бір сәт оның кең иығына басымды қойғым келді. Танауыма оның өзіне тән иісі келгендей, сол иісті құшырлана иіскегім келгендей, осы бір сәт өзіме де беймәлім бір күй кештім. Кенет:
– Жаурап қалыпсыз ғой!- деп жып-жылы алақанымен саусақтарымды сығымдай ұстап алғанда селк етіп, қолымды тартып алдым. Әсілі мұндайды күтпесем керек, үркек қояндай оған одырая қарадым. Ол болса менің осылай етерімді алдын ала білген адамша сабырлы кейіппен жылы жымиды. Балауса қыздай бұлқынған өз қылығыма енді өзім ұялып, мен де оған жымиған болдым. Содан келгенше оның жүзіне қарамауға тырысып, терезеге тесіліп отыра бердім.
Осылай күндер жалғаса берді. Оған тіпті бауыр басқаным сондай, сәл кешіксе тағат таппай кететінді шығардым. Апта соңында жұмыстан ерте шығып, қала орталығындағы біраз шаруаларымды реттеп, үйге де ерте келдім. Бірақ көңілім байыз таппай, әлдене жаныма жетпей тұрғандай алаңдай бердім. Осы маған не болған деп өз-өзіме сан қайталаумен болдым. Күнде жарытып сөйлеспесек те оны ізеп отырғанымды сездім. Оны ұнатып қалғанымды білдім. Жып-жылы жымиғанын сағынып отырғанымды көрмейсің бе? Адам деген қызық, ә! Оның мойылдай қара аялы үлкен көздері не деген мейірімді еді дедім айна алдында тұрып өзіме қарап. «Адамдарға мейірім жетпейді екен ғой» дедім тағы да көптен таппаған сұрауымның жауабын тапқандай. Әйтпесе мен оның әлі атын да білмеймін ғой…
Екі күн демалыста дымға үлгермейтін мен осы жолы зорға өткіздім. Жұмыста да байыз тауып отыра алмадым. Қайта-қайта сағатыма қарап, елеңдеумен болдым. Аялдамаға келгенде әншейінде зарықтырып күттіретін автобусым ыңырана кеп тоқтай қалды. Мінбедім. Іштей мен оны күтіп тұр едім. Бүгінгі күннің қара суығына да қарамастан аялдамада автобусқа отырмай жалғыз өзім қалдым. Енді бір сәт денем қалшылдап, тоңа бастадым. Іштей өз қылығыма өзімді сөгіп, артынша қайта ақтап әлекпін. Ол бүгін келмесе қайтемін, әлде менен бұрын кетіп қалған болса ше? Осылай дірдектеп жарты сағат автобусты күтем бе? Неге келіп тұрғанда мініп кете бермедім екен деймін тағы. Жоқ, ол қазір кеп қалады дейді санамда бір дауыс. Бүгіндікке оны қалай іздегенімді өзімнен артық кім білуші еді дейді сезімім. Осылай да адам сүйіп қалуы мүмкін екен-ау дейді ақылым қайран қалып. Жүрек қалауы ақылдан да жоғары дейді жүрегім өктем үнмен. Атын да білмейтін адамды осылай еш себепсіз сүйе алар болсаң бақыттысың дейді тағы. Осылай өз ойларыммен арбасып тұрғанда таныс көлігім жаныма тоқтай қалды. Қалай қуанғанымды айтпай-ақ қояйын, иә? Ол күндегі әдетінше жымия есік ашты. Мұздап қалған қолдарымды кезек-кезек ысқылап жылытқан болды. Бұл жолы үріккен де, тартынған да жоқпын. Үш күн көрмей қалғанын, іздегенін айтып, жол бойы өзі ғана сөйлеп келеді. Менің де тыңдай бергім келді. Басымды жаймен иығына сүйедім. Ып-ыстық ерін маңдайымнан өпті. Тұла бойыма жан біткендей қызынып, екі бетім ду ете қалды. Арадағы үнсіздікті ол өзі бөліп:
– Тамақтанып алсақ қалай қарайсыз? Бүгін күн суық болғанға қарным қатты ашты-, деп менің жауабымды күтпестен жолдың бағытын бұрды. Басымды қисайта еркелей жымидым. Ол мен іздеген, тап менің адамым сияқтанды. Осы кезге дейін осыны күткендеймін. Тағдыр талайым осы бір жігітпен табыстыратына іштей неге екенін білмеймін, бек сенімді едім. Бірақ есімін әлі де білмеймін. Ол да…
Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

БІР РЕТКІ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

ҒАЛЫМБЕК ЕЛУБАЙ. Қамыстан тоқылған төбедегі қарағай бөренелерге іле салған тор көз шырақ сығырайып барып сөніп қалды. Шам жағуға…
Толығырақ

ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді. –Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы: –Барып кел,–…