САБЫРХАН АҚЫННЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Арыс қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана үйінде Арыс қаласының Құрметті азаматы, ардагер журналист, ақын Сабырхан Әлібекұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Қасиетті қаламды қару еткен» атты әдеби кеш өтті. Әдеби-танымдық кешке кітапхананың қалың оқырмандарымен бірге арынды ақынның көзі тірісінде жергілікті баспасөзде бірге қызмет атқарған әріптестері, соңғы жазған дүниелерін жинақтап, кітап шығарып жүрген қызы Гүлзира Сабырханқызы қатысты.

Жиын барысында

«Балалық дәурен келте боп,

Есейтті бізді ертерек.

Жетімнің қайтқан меселі,

Жесірдің мұздай төсегі.

Жеңісті күнді арман ғып,

Қолсызға екі қол болдық.

Аяқсыздарға балдақ та,

Жанарсыздарға жол болдық» деп басталатын «Соғыста туған ұрпақпыз» атты кітабының таныстырылымы өтті. Сонымен қатар, кеш қонақтары Сабырхан ақын туралы естеліктерін айтып, өлеңдерін оқыды.

— Сабырхан ағаның әлемін тану үшін алдымен оның жырларынан сусындаған абзал, — дейді С.Адамбеков атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы, ақын Темірхан Әбдіков. — Ол жастайынан жоқшылықтың дәмін татып, қайғырғанның зарын тыңдап, майдангерлердің батасын алып есейді. Жеңістен соң қолсызға қол, ұлсызға ұл, жабырқағанға қуаныш болып жанасты. Құлағына ұялаған қоңыр әуенді көңіліне тоқып, сыр іздеді. Табиғатынан табандылық пен адалдықтан айнымаған жүрегіне Алла өлең құсын қондырды. Әр өлеңін қайыңның сөліндей мөлдіретіп, ауылдың көрігінің шоғына аунатып, шынайы жазды.

Гүлзира Сабырханқызының әкесі туралы айтып, жазушы Тұйғынбек Әлжігіттегі, мүсінші Мүтәліп Күздеубайұлы және осы жолдардың авторы Сабырхан ағаның шығармашылық еңбегіне талдау жасады.

Сабырхан ағамыздың шығармашылығын насихаттауда Айжан Әділбекова жетекшілік ететін Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің еңбегі ерекше. Ақынның 2005 жылы «Астана» баспасынан жарық көрген «Қоңыр ағыс» атты кітабынан бастап, «Арыстың елі – намыстың елі», «Ауғанстанда от кешкен арыстықтар» атты тарихи-танымдық кітаптары, «Ережепбай немесе батыр жадындағы жырлар» поэмасы мен «Мадақ» атты дастаны арнайы ұйымдастырылған көрме төрінен орын алса, кітапхана қызметкерлері А.Мамбетованың редакторлығымен К.Акенованың құрастырған «Қасиетті қаламды қару еткен» кітапшасы да сәтті шыққан дүние. Онда ақынның соңғы жазған өлеңдерімен бірге оның шығармашылық еңбегін бағалаған Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың халық ақыны Фариза Оңғарсынова, қоғам қайраткері, кемел ойдың иесі, жазушы Мырзагелді Кемел аға бастаған әдебиет пен өнердің бір шоғыр өкілінің пікірлері топтастырылған.

Жиын соңында кітапхана ұжымы Гүлзира Сабырханқызының Арыс руханиятына қосқан сүбелі үлесі үшін ризашылық сезімдерін білдіріп, сый-сияпат жасады. Кеш қонақтары Сабырхан ақынның сырлы әлеміне арналған әдеби-танымдық кештен үлкен әсермен тарасты.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ.

Арыс қаласы.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді. –Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы: –Барып кел,–…
Толығырақ

Бейтаныс

Бүгін де жұмыстан әдеттегідей кеш шықтым. Қайда асығамын? Мені сағына тосып отырған кім бар? Жұмыста әйтеуір көңілің бөлінеді,…
Толығырақ

АЯҚТАЛМАҒАН ТУЫНДЫ

Естелік Мен Ол кісіні ең алғаш Шолаққорған ауылының орталық көшесінен көргем. Бойы ортадан төмен, көзге көп түсе бермейтін…