Үш литр су

Кеше бөлемнің үйінен бесік той ма… бірдеңеден келген, әйелім азанымен «кеттік» дейді маған.

– Кеттігі нес…

– Кеше мен бір тәуіппен жолықтым. Сраз сені айтты, ап кел деді, әйтпесе жаман боласың сен…

– Денің сау ма? Айдалада нағылған тәуіп ол, бас аяғы жоқ менде несі бар?- деп жатырмын да енді. Сүйтсем айтады, ол керемет, баяғыда бір атасы тәуіп болған, «сол кісі түсіне кіріп адам емде деген, содан қасиет қонған, қазір адам қарайды. Кеше маған сені»…

– Ой, тұра тұрсайш сен. Баяғыда маған да атам түсіме кіріп «пианино аласың ба, баян аласың ба?» деген. «Баян алам» дегем, пианино алып жүруге ауыр болғасын. Сосын базардан баян сатып алған ем, тұр әні шаң-шаң боп, атамнан да хабар жоқ, мен де баян тартып үйренбедім…

– Сүйтесің да сен сүйтесің, бірдеңе айтса, бірдеңе айтып лағып отырасың. Саған жақсылық ойлап отырған мен ақымақ. Біздің қатын бір ашуланбасын, бір ашуланса дүниеңді төңкеріп тастайды ол. Гитлердің орнында болмай қалған, Гитлердің орнында боса барбаросса құрмай-ақ, Сталиннің басын сандыққа тығып кетер еді. Жалпы әйел деген қызық халық, олардың ұрысын үндемей тыңдау керек, сонда ғана айқайдың себебін түсінесің, түсінгенім, бөлемнің әйелінің подругасы тәуіп екен, соған бал аштырған ба бірдеңе, типа, сүйтсе айтыпты «күйеуіңе бір жасы үлкен әйел көз тігіп жүр, алып кел, мен оқып берейін», деген ғой. Содан қатыны құрғыр таң атпай шала бүлініп жатыр енді. Бір айлықтан бір айлыққа сүйретіліп зорға жетіп жүрген мына мені қырына алып жүрген нағылған ақымақ екенін ит білсін. Ұрыстың аяғы өзіме қызық бола бастады. Қызық болғанда, қырма сақал жасқа жеткенде қыз қарамайтыны белгілі, ананың кім екенін білгім келді, оңашада тәуіптен сұрап алайын деген ойым бар, сүйтіп ойда-жоқта жолға шықтық. ***

Кештетіп жеттік, бөлем қауқалақтап қуанып қарсы алды, көріспегелі біраз болған. Жалпылдап жағдай сұрап жатырмыз, «жайша ма?» деп қояд, «оқытылуға келдім» деу ыңғайсыз екен, «жүрген сол» дедім. Біздің бір жақсы жеріміз әшейіннен әшейін жүре береміз ғой. Қыздар жағы бірден іске кірісті, бөлемнің бикесі телефонға жабысты, «ойпырмай, не болар екееен» деп отыр ем, бағым ба сорым ба білмейм, тәуіп «бүгін кеш боп қалды, ертең азанымен барайын» депті. Е-е, дедім да қойдым. Әйелімнің әп-әдемі жоспарын күн бата бөлем құртты. «Күнде келіп жатқан жоқсың» деді екеуміз тамақтан кейін, сыртта темекі тартып тұрғанда, «жүрсей, мына жерде кафе бар». Жаппарқұлда жан бар ма оқытылу ертеңге қап тұрғасын мақұл дегем. Әйелдердің бір жақсы жері әңгімеге кіріссе айналаны ұмытып кетеді, біздің жоқ екенімізді кештеу байқапты. Байқаған кезде-ақ, телефонға жармасқан болу керек, екеуміздікі бірдей шырылдады, жалко оларға, кешігіп қалды да, олар звандаған кезде біз Американың президентін жерден алып, жерге салып жатқанбыз. Ал іркес-тіркес, етектері желбіреп артымыздан жеткенде, бірінші шөлмекті құлатып, екіншісін орталап, кім бастағаны белгісіз Елцинді есімізге түсіріп, ол болғанда оны үйтіп, бұны бүйтіп жіберетінін айтып отырғанбыз….

***

Тәуіп таң атпай келді да «мыналарың ішіп алған» дегені. Оны білу үшін көріпкелдіктің қажеті шамалы, перегарымыз айтып тұр да, «бүгін оқымай мын, мастығы тарқамаған. Моншаға түсіріп, жуындырып, дәрет алғызыңдар, кешірек келемін» деп қалай тез келсе, солай тез кетті. Оқығанына береміз деген бес мың теңгеміз бар-тұғын, әйелім берген екен, оны алыпты, онысына да рақымет. Біздің пәруәйіміз пәлек, аналарға әбігердің екінші сериясы басталды. Моншаға түсіру керек, орталыққа жіберуге болмайды, таппай қалатындарын біліп тұр, бұл жақта тағы екі бөлем бар, сосын амал жоқ, үйіндегі моншасын жақты. Ол қызғанша ұйықтап ес жинадық, обалы не керек, жарықтықтар қанша бұрқылдаса да бізді ойлайды, сорпа істеп қойыпты, онысын ішіп алдық, бірақ басқа нәрсе керегін екеуміз де біліп тұрмыз, айтуға тіл қысқа. Қысқа болғанда қорыққанымыз емес, тәуіптің ішпесін дегені қиын тиді, «ана жақпен» байланысы бар бәле… Бұл еркек деген халық көмейі бүлкілдесе амалын табады, бөлем қай кезде екенін білмедім, жып еткізіп бір досына звондап үлгеріпті, шомылатынымызды айтыпты. Сол досы келді, онымен бұрын бір-екі мәрте дастархандас болғаным бар, айналайын ақылы бар жігіт екен, машалкасына орап екі шиша, бір бәдірен тығып келгенін қайтесің. Ыстық моншада закускеміз жалғыз бәдірен болғасын оңсын ба, үшеуміз терлеп шықтық. Шыққан бойда тамаққа қарамай кешегі суатымызға тарттық. Өмір деген сол да, әйелдер күйеуіне тек сау кезінде айтқанын істетеді, еркектер мас кезінде білгенін істейді, ішіне бірдеңе түссе қоқиланып шығатыны тағы бар. Екі шиша оңай ма, ашықтан ашық, еркек екенімізді, қожайын екенімізді, ешкімге бағынбайтын, әсіресе әйелдерге бағынбайтын, бас имейтін, сондай бір намысшыл, на то пошло армияда пол жумай қойған мужиктер екенімізді беттеріне айтып, шлөпкімізбен, мойнымыздағы сүлгімізбен кеттік, қосақтарымыз қалды өздерімен өздері қосақталып. Осы отырыста бөлеме сапарымыздың сырын аштым, несін жасырам оның…

***

Ертеңіне ақылымыз кірді, кіргенде де, шынымды айтайын, ішуге жарамай қалдық, сосын қайтадан моншаға түсіп, әл жинап, күттік тәуіпті. Ол да айтқанынан қайтпайтын біреу екен күн кешкіре келді. Алдыңғы күні «күн кешкіріп кетті, аннияяу миинниияу» демей оқи салса бәле де жоқ, соған қырсығып қалғаным бар, әрі білгім кеп, «қашаннан бері тәуіпсіз?» дегем, «бес жыл болды, атам түсіме кіріп…» деп әйелімнен естіген әңгімені қайталап отыр маған. – Атаңызды бұрын көргенсіз ба, тірі кезінде…

– Көрмегем

– Онда қалай таныдыңыз? Мүдірген жоқ «осындай да осындай, сақал мұртты, шапан киген кісі деп папама айтып ем, е-е, ол атаң болады қызым, деді папам»…

***

Сақал мұртты, шапан киген кісіні көрген жоқпын, бірақ тәуіп оқыды, оқығанда мені емес, үш литрлік банкіге су толтырып соны оқыды, сүйтті де әйеліме «осыны бір қасықтан күніне үш мезгіл ішкізіп отырасың» деді. Сосын тағы бес мың теңгемізді алып жөніне кетті. «Мынаны ішкесін әйеліме де қарамай қалмайм ба?» деген ем, «Жоға, оған қарайсың» деді маған. …Бір бәнкі су басыма бәле боп жабысты, әйелім «іштің ба?» деп қылқылдайды да отырады, қасықтап ішсең қалған өміріме жететін түрі бар, ешкім жоқта кесеге құйып ап тартып жіберем, тартып жіберіп айнаға қарайтынымды қайтерсің, өзгеріп жатқан түгім жоқ, сол салбыраған қарын, әжім-әжім бет дегендей… Шашыма да ақ түсе бастаған ба қалай, «мыжырайған түрімді қызғанып жүрген жан жарым, әй, сенде де ес жоқ-ау» деп қоям ішімнен. Тәуіпке оқытылдым деп ұрғашыға қарамайтын еркек болушы ма еді, сүзіліп қалатынымыз бар ғой, несін жасырам, ол ерунда, өзімнен үлкен әйел атаулыға «осы емес пекен-иии…» деп дәмелетінді шығардым масқара болғанда. Қайта бұрын жұмысым мен үйді ғана ойлайтын ем, су ішкелі айналаға қарай бастадым бааа, бірдеңе енді… Бәнкі таусылмай кеткесін әйеліме айттым «сен де іш дедім, саған да жасы үлкен біреу қарап жүрмесін», ақыры тауысып тындық, мен үйде қалдым, онсыз да үйдемін негізі. Кейінірек естідім бөлемнің әйелі де күңкілдей бастаған екен, бөлем айтыпты «жыным кесе сол тәуібіңнің өзіне үйленіп алам, ақыры бойдақ» деп. Сол, сол-ақ екен әйелі подругасымен ұрсып қалған бааа… әйтеуір «қазір арласпайды» дейді бөлем. *** Тиын тұрмайтын тесік қалтамен жүрген еркекке мыстан да қарамайтыны анық, қараса да желпілдей салатын жастан өтіп кеткем, соңғы кезде бөтен әйелді емес, тәуіпке кеткен он мың теңгені көбірек ойлайтын болдым. Судың әсеріне сенімді болса керек жан жарым да үндемейді. Кейде іштей ойланам, еркекті бөтен әйелге қаратпау үшін шарлатанға барудың қажеті шамалы, жылы сөйлеп, жалынан сипап отырсаң болғаны. Шаршап келгенде шайыңды ысытып берсең, «әкелерің шаршап келді шуламаңдар» деп балаларыңды тиып отырсаң, айтқанына көне салсаң, «азаматым-ау бәрі сенің арқаң ғой» деп өтірік те болса алдай салсаң, барға мәзір жоққа қанағат қылсаң түгің кетпейді, бәрібір айналып келгенде сенің дегенің болары анық, тек еркек байғұс өзін жарты патша сезініп, қодырайып қалады, бар болғаны сол ғана. Үйде үш күн жатып қалса «барсай барсай» деп далаға қуып, баратын жеріне енді жеткенде, «қайтсай, қатсай» деп звондай берудің түк те керегі жоқ. Ығыры шыққан еркекті дүниенің тәуібіне оқытып, теңіздің суын ішкізсең де ұстап қалмасың анық…. дееепп ойлайм ішімнен… Үш литр суды қасықпен ішкенім есіме түссе күйіп кетем, күйіп кетем, қайтейін…

Пернебай Бердалыұлы Сапар

Total
0
Shares
Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Related Posts

Ішетін адам керек

— Қалайсың-ей? Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон…
Толығырақ

“Көрші” (әңгіме)

Пойызға отырарда әдетте адам­ның көңiлiнде «купеде қасыма қан­дай адам тап болар екен» деген бiр күмәндi қызығушылық тұрады. Жас­тау…
Толығырақ

ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді. –Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы: –Барып кел,–…
Толығырақ

АЯҚТАЛМАҒАН ТУЫНДЫ

Естелік Мен Ол кісіні ең алғаш Шолаққорған ауылының орталық көшесінен көргем. Бойы ортадан төмен, көзге көп түсе бермейтін…