Қожа Ахметтен Қоңыр Сопыға дейін…

XVI- XVII ғасырларда өмір сүрген Қоңыр Жаулыбайұлы Түркістан аймағында 1537 жылы дүниеге келген. Жасында ислам өркениетінің орталығына айналған Бесқала мен Хиуа қаласында білім алған. Қоңыр бабамыз өзі дүниеге келген Түркістан аймағында Қожа Ахмет Яссауидің сопылық ілімін жалғастырып, халыққа уағыз жүргізіп Ясауидің ілімін кеңінен талдап түсіндіре алған. Қожа Ахметтің сопылық ілімін жоғары деңгейде әрі ұғынықты етіп түсіндіре білуінің арқасында халық оны құрметтеп «Сопы» атандырған. Осының нәтижесінде «Қоңыр Сопы» атауы  халық арасында бес ғасырдан аса уақыт сақталып,  шежіреде «Үш ата»: «Қоңыр сопы-Борай-Жиенбет» деп жазылады.

Расында Қоңыр Сопы бабамыздың өсиеттерін бағамдап қарасақ, олардың Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерімен ұштасып жатқанын көреміз.

Мәселен, «Көрдің бе адам өлмей тірі қалғанын,

Білдің бе енді бүл пәнидің жалғанын?!

Дүние – талап, ризығы – алғаның,

Алла десең, көз жасы боп жауасың» деген Қожа Ахмет хикметін Қоңыр Сопы бабамыз: «Парақор, жемқор, ашкөз болма. Себебі, байлық, ол сенің өміріңнің бір бөлігі емес. Ақшаны ойласаң, алдымен арың, сосын бауырың, соңында иманың жоғалар. Бұл дүниеге құр қол келіп, құр қол қайтасың. Келу мен кетудің айырмашылығы екі аршын ақ мата. Дүниеде ешқашаң да өлімге амал жоқ. Сондықтан да тірі күндеріңде бір-біріңді қадірле, құрметте, түсіне біл» деп жалғастырады.

Сонымен қатар сопылық жолдың көпшілік түсіне бермейтін кейбір мәселелерін өрістете талдап, кейбіріне түсініктеме береді.  Айталық, Қожа Ахмет Ясауидің:

«Тоғыз ай, тоғыз күнде түстім жерге,

Тұра алмай тоғыз сағат, ұштым демде.

Баспалдақ ғаршы-гүрсі құштым мен де,

Сондықтан алпыс үште кірдім жерге.

Көкте мен намаз оқып көктедім-ай,

Көз жасын хаққа қарап төккенім-ай!

Көріп бір көлгір сопы, сөккенім-ай,

Сондықтан алпыс үште кірдім жерге» деген жазбасын Қоңыр сопы бабамыз былай талдайды: «Әруақ жолында кейде көп нәрсе айтасың, ал ол кейбіреулер үшін сенімсіз болып көрінеді. Себебі олар әруақ жолын емес, дүниеқоңыздықты таңдағандар. Кейде әруақ жолы үшін ағайының сені жау көреді. Бірақ, бәрібір әруақ жолынан танба, қалғаны Алланың қолында. Әруақ мыңнан бірге қонады. Кейде арада өткен жылдар көп нәрсені ұмыттырады. Сондай сәттерді имансыздар мен атаққұмарлар, ашкөздер қас- қағым сәтті пайдаланады».

Қоңыр Сопы бабамыздың пікірінше, сопылық мистикалық ілім ретінде түрлі символдарға толы. Бұл символдар танымға және танып білушіге қажет. Сопылық пен философия – адам танымының екі формасы. Сопы мен философ қатар жүреді. Сопылық та, философия да адам танымы мен оның адамдық мәнін анықтауды қолға алды.

Бірақ, сопылықтың ақиқатқа жету тәсілі уақыт ағымымен өзгерді. Олар күрделірек, талғампаз бола бастайды, жаңаша толығу, нақтылану пайда болып, кейінгі ортағасырда сопылықтың толық рухани-практикалық тұжырымдамасы құрылады. Сопылар өз ілімдерін тек арнаулы адамдарға таратады. Олардың шығармаларының барлығы жасырын мәнде жасалған, бәрінде де құпия болды.

Қоңыр Сопы бабамыз: «Адамның барлық өмірі құпиядан басталып, жұмбақ және белгісіз аяқталады. Мистикалық рухани тәжірибе адамның ерекше қасиетінің түйсігіне негізделген жеке құбылыс. Елестету қабілеті қандай да бір білім нәтижелерін, түсініксіз нәрсені анықтауға күн ілгері сездіртеді. Түйсік, түстер, алдын ала сезу адамға шығармашылық қабілетін дамытып, дүниетаным құпиясына енуге көмектеседі» дейді. Сондай-ақ, Ол «әлем құпияларына тек түйсік арқылы ғана енбейсің. Бұл танымның үлкен мүмкіндіктері адам психикасында орналасқан. Сопылық жолындағы зікір мен тақуалық жасырын мәнге жетуге мүмкіндік береді» деп есептеген.

Қоңыр Сопы бабамыз адамгершілік, мейірім, мұқтаждарға, әсіресе жетімдерге қамқорлық қағидасын да айналып өтпеген. Қожа Ахмет Ясауидің:

«Болса кім жетімдерге ұдайы жар,

Күнәдан Тәңірі алдында бұл айығар.

Біліп қой: жыртық үйдің Құдайы бар,

Мұстафа уағызын айтып түрмын міне» деген хикметін іс жүзінде жүзеге асырған.

Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихқа көз жүгіртсек.

Бабамыздың ағасы Байқошқар Түркістан маңайындағы Өгізтау аумағында өткен қалмақтармен қақтығыста қаза тапқан. Оның соңында жалғыз ұлы Борай мен аяғы ауыр жұбайы Барқын әжеміз қалады. Әжеміз босанар алдында Борайды туыстарына тапсырып, төркіні Наймандардың қолына барып ұл табады. Нағашыларының қолында дүниеге келген бала «Жиенбет» аталып кетеді. Жиенбет   мүшелден асқан кезде Қоңыр сопы мен Борай елге алып келген. Қоңыр сопы осы немере інілеріне қамқорлық жасап, тәрбиелеп, үйлендіріп, Борайды би, ал Жиенбетті батыр дәрежесіне жеткізеді. Ағасына риза болған екі інісі ала бие сойып, қанына қол батырып, баталасып, туыстықтың жаңа деңгейін: «Үш ата»: Қоңыр сопы –Борай-Жиенбет» бірлігін қалыптастырған.  Осылайша Қоңыр Сопы бабамыз қыз алыспайтын «Үш атаның» негізін қалап кетті.  Бұл  Қоңыр Сопы бабамыздың сопылық ағымдағы «бірлік» қағидасын қоғамда жүзеге асырғанының бір мысалы.

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи өз хикметінде:

«Басынан әркімнің бұл жалған өтер,

Баянсыз – жатпай жиған мал да бекер.

Қарындас, атаң-анаң қайда кетті?

Ағаш ат солар мінген саған жетер» десе, Қоңыр сопы бабамыз бұл ұғымды кеңінен өрбітіп, жас ұрпақ саналы, мейірімді, бірін-бірі сыйлайтын тәрбие алса, ұлт арманының орындалатынын айтып кеткен.

Сондықтан да Ол кісі:

«Дүниенің көріп талай жалғанын,

Орындалды міне енді арманым.

Ынтымақ пен бірлік болса арада,

Арта түсер басқалардан ардағың».

«Бабалар өсиетін біреу біледі, біреу естиді, біреу көреді.

Білгендер бай болмайды, естігендер – түсінбейді.

Ал көргендер оны келешек ұрпаққа айтып жеткізбесе көгермейді.

Кімге баба мейірімі түссе, сол көгеріп, өнеді.

Ағайының қостап, әруақ өсиетін орындап жүрсең, сен өзіңе де, келешегіне де сене бер» деп өсиет қалдырады.

Қоңыр сопының тарих сахнасынан алар орны ерекше. Оның Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімін таратудағы еңбегін Өзбекстан Республикасы  жоғары бағалап отыр. Сондықтан да болар, ол кісі оқыған Хиуа қаласындағы «Ишан қала» мұражай  кешенінде Қоңыр Сопыға арнайы бөлме жабдықталған.

Әзірлеген Пернебай САПАР.

 

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

ШЕРТЕР АСПАБЫ

Сазды аспаптар, оның ішінде әсіресе көне аспаптар халықтың рухани қорын байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады.…