Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық бағыты қарқынды дамып келеді. Бұл – жетістік өңірдегі театрлардың материалдық жағдайынан да байқалады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің Вице-Президенті, театртанушы Аманкелді Мұқанмен сұхбаттасу кезінде осындай ойға келдік.
Аға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы театр саласына қолдау керектігін айтқан еді. Өзіңіз өнердің бел ортасында жүрген театртанушы ретінде бүгінгі мәдени хал-ахуалымызға тоқталып өтсеңіз.
Президентіміздің руханиятымызға баса көңіл бөлгені біз үшін үлкен қуаныш. Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистегі «академиялық», «ұлттық» мәртебесі бар театрлардың жағдайына шүкір дейміз. Еліміздегі театрлар барлық кейбір қиындықтарға қарамастан қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жас режиссерлердің талпынысы, көрерменге жаңа премьералар ұсынуы, өнерге келген кейінгі буынның ізденісі көңіл қуантады. Бүгінде әр облыстарда түрлі деңгейдегі фестивальдар жиі өтіп жүр. Бұл жағынан алғанда кейбір көршілес елдерді қызықтыратындай жағдайымыз бар.
Елімізде он шақты жекеменшік театр бар екен. «Мемлекеттік» театрлардың қаржылық, материалдық, кадрлық мәселелері шаш етектен болып тұрғанда жекеменшік театр халықтың көңілінен шығатын дүниелер ұсына ала ма?
Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдары 30-40 адамға «подвалдарда» спектакль қоятын театрлар қаулап өскен. Кейін бәрі қаржылық қиындықтарға шыдамай, жабылып тынды. Қазір елімізде жекеменшік театрлардың жер-жерде қаулап бой көтеруін, мемлекеттік театрлармен қатар өзіндік аудитория жинап бәсекеге түсуін көреміз. Әрине, Ресейдегі театрлар санымен салыстырғанда бұл тым аз көрсеткіш. Дегенмен, әзірге осының өзі зор жетістік.
Жекеменшік театрдың көп болғаны жақсы. Ол еркін ойдың алаңы. Тәуелсіз театрларда режиссерлер мен актерлер жаңа бағытта жұмыс істеуге тырысады. Қалыптасқан «шеңберден» шығып, өзіндік ой, пікірін ашық айтуға мүмкіндік, шығармашылық серпін алады. Сондай-ақ, жекеменшік театр бәсекелестіктің базарын қыздырады. Олар өзін өзі қаржыландыратындықтан әрбір көрермен үшін барын салады, оларды театрға көптеп тартуға тырысады. Ол үшін әрине, заманауи көрерменді қызықтыратын, талғамынан шығатын тың дүниелер, тосын тақырыптар табуға тырысады.
Қала берді жекеменшік театрларға кәсіпкер азаматтардың демеушілік жасайтынына да назар аударамыз. Бұл дегеніңіз қалталы азаматтардың руханиятқа көңіл бөле бастағанын, мәдениетіміздің мерейін көтеруге құмбыл екенін білдіреді. Осы жағы көңіл қуантарлық жағдай.
Соңғы кездері тарихи тақырыптағы мен фильмдер көбейді. Солардың кейбірінде 16-17 ғасырдың адамдары бүгінгі күннің тілімен сөйлеп жүреді. Сонда премьераның алдында арнайы талқылаудан өтпей ме?
Жақында белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді ағамыздың сұхбатын тыңдадым. Әлдебір режиссер хабарласып: «тарихи оқиға, тарихи тұлғаларды қамтитын фильм түсіретін едік. Соған кеңесші боласыз ба?» деп, келісімін алғанын, бірақ, неге екені белгісіз, әлгі бауырымыз сол күйі хабарсыз кетіпті. «Қашан шақырады деп күтіп жүргенде әлгі киноны экраннан көрдім. Қарап отырып көңілім құлазыды, қателігі мен кемшілігі өріп жүр» дейді тарихшы.
Кезінде тарихи-мәдени тақырыптағы қойылымның әрбір детальі талқыға түсетін. Сценаридің өзі бірнеше мәрте сүзгіден өтіп, ең ұсақ мәселелерге дейін қадағаланатын. «Батырлар қылышын беліне қалай байлайды, Ақан сері көпшілік ортада қалай киінген, Біржан сал қалай жүрген, қалай отырған, бәрі көркемдік кеңесте талқыға түсетін. Ролдерге бекітілген актерлердің жүріс, тұрысы, даусы, бет құбылысы, кәсіби шеберлігі бәрі-бәрі әбден сынға түсетін. Әр тақырыптың нағыз мамандары фильмге кеңесші болатын. Мысалы соғыс тақырыбындағы спектакль қоятын режиссер міндетті түрде майданнан келген тәжірибесі бар ардагердің пікіріне құлақ асатын. Режиссермен бірге ролге бекітілген актерлер де арнайы дәрістен өтіп жататын. Бүгінде осы үрдіс тасада қалды. Тарихты әркім өз білімінің деңгейінде пікір түйеді. Содан кейін қойыртпақ болмағанда не болады?
Тарихи шығармаларда әрбір актердің «үйге кіріп, төрге шығып отырғанының» өзінен қазақы иіс аңқып тұруы керек. Әрбір сөзі мен қимылынан шетелдіктер қазақты, оның мінезі мен сыр-сымбатын тануы керек. Ол үшін қойылым арнайы кинотанушылардың сүзгісінен бөлек тарихшы, этнограф, филолог тіпті археологтардың талқысынан өту керек. Бірақ кейбір режиссерлердің жұмысында арнайы мамандарды шақыруға қаржылық мүмкіндіктері жетпей ме, әлде, өзімбілемдікке салына ма әйтеуір, шала піскен, дүмбілез дүние шығарып жатыр.
Қала берді соңғы жылдары ұлттық болмысты әжуа ететін бейәдеп сөзге толы фильмдер де шығып жатыр. Бұл киноның қадірін қашырады. Ұлттық болмысымызға, ұрпақ тәрбиесіне тигізетін зияны да шаш етектен. Сондықтан сценаристен бастап режиссер, продюссер тіпті көркемдік кеңестің өзі өз жұмыстарына жауапкершілікпен келгені жөн.
Кезінде «Білім және мәдениет» арнасы «Ақсарай» бағдарламасынан Қалиқан Ысқақтың «Мазар», Александир Галиннің «Қайран, жас дәурен», Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той», Сайд Ахмедтің «Келіндер көтерілісі», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» секілді тамаша туындылар көрсетті. Бір өкініштісі, қаралымы өте аз. Осындай керемет бағдарламаны КВН-нің «деңгейіне» жеткізетін мүмкіндігіміз жоқ па?
Ашығын айтайық, біз тәуелсіздіңктің алғашқы жылдарынан бастап соңғы онжылдыққа дейінгі аралықта (1991-2015) қазақ театры өз көрерменінен айырылып қалған кез болды. Тұтастай бір ұрпақ театрсыз өсіп жетілді, оларды біз жоғалтып алдық. Олардың көпшілігі күнкөріс үшін базар жағалап кетті. Театрдың жағдайы болмай өзі құрдымға кеткен тоқыраудың болғаны кезі еді. Айлықсыз жүрген ашқұрсақ актер кімнің бабын табады? Экс-Президент жариялаған «мәдениетті қолдау жылынан» бастап сәл өзгерістер бола бастады. Бәрі керемет бола қоймады. Театр әлі де болса жаңа серпіліске қол жеткізе алмады. Елдің еңсесі енді-енді көтеріліп келе жатқан кезде театры да бір қалыпты, өлместің күнін кешті. Жекеленген театрларда серпіліс әкелген спектакльдер, әр түрлі Абай, Махамбет, Әуезов т.б. тұлғалардың мерейтойлық фестивальдерінде театрдағы болып жатқан ізденісті көріп қалатынбыз. Ал басқа кезде күнделікті театр спектакліне залды студенттермен, курсанттармен, оқушылармен толтырдық. Кей жерде бұл үрдіс әлі де қалған жоқ. Әрине, сол кезде әзіл-сықақ театрлардың қаптаған кезі, КТК (көңілді тапқырлар клубы) өркендеген кез. Көрермен сол әзіл-сықақпен тәрбиеленгесін театрға бару мәдениеті ақсайтыны белгілі жәйт.
Тек 2010шы жылдар аяғында қазақ өнеріне жаңа буын, жас толқын келіп, мәдени кеңістігімізге тыңнан түрен салғандай болды. Олар қоғамның, жаңа заманның, ұлттың өзекті проблемасын өткір көтере білді. Мысалы жас режиссерлер: Фархат Молдағалидың, Дина Құнанбай, Жұлдызбек Жұманбай, Гүлназ Балпейісова, Әлібек Өмірбекұлы т.б. қойған спектакльдерін айтсақ та болар. Бүгінде театрға халық көп келеді. Еліміз Президентінің Құрылтайда аузынан шыққан театрға көрерменнің бет бұруына байланысты сөзі осындай жаңалықтарға байланысты. Қазақтың мемлекеттік Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының немесе, Астана қаласының Жас көрермендерінің музыкалық театрының, өзге де театрлардың билеттері Тикетонға сатылымға шыққан бетте бас аяғы 15-20 минутта сатылып кетуі осының айғағы. Бұл бүгінгі көрерменнің театрға деген қызығушылығының өскендігін айқын көрсетеді.
Сіздің сұрағыңызға орай ютубтағы теле спектакльдер, бағдарламалардың көру жиілігіне келер болсақ ертеректе түсірілген, 2-3 сағаттық толық спектакльдер үзік-үзік күлкілі көріністер көрсетілімімен салыстыруға мүлдем келмейді. Қалың жұртшылықтың жиі қарайтыны да осындай қысқа, клиптік үлгі, тикток форматына айналған. Олардың деңгейін КТК деңгейіне жеткізу, оларға теңесу шарт та емес. Әр жанрдың өзіндік жолы, бағыты, көрермені бар.
Ал экранда «AbaiTV» телеарнасы еліміздің мәдени-рухани кеңістігін қамититын өз көрермені бар ерекше қызмет етуде. Осы арнада әдеби, мәдени, тарихи тақырыптағы бағдарламалар тартымды, заман талабына сай көрсетілуде. Ерекше айта кетейін біздің елімізде «RadioClassiс» біраз жылдардан бері эфирде хабар таратады. Салыстырмалы түрде айтсақ классикалық музыка өнерін тарататын арнайы радио көршілес елдерде жоқ.
Бұрын театрға барған адам, ой түйіп қайтушы еді. Театр — тәрбие мектебі болатын. Қойылымнан «өзін таныған» көрермен жат мінез, жағымсыз әдетінен арылып жатушы еді. Қазір авторлар мен режиссерлер «біз жеткіздік, қорытындысын, ой түйінін көрерменнің өзіне қалдырдық» деп жатады. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз?
Жалпы театрдың бес негізгі функциясы бар. Соның ішіндегі көрерменді тәрбиелеу функциясы біреуі ғана. Кеңестік дәуір қалыптастырған көзқарас, одан бергі жылдары да театр осы үлгімен жұмыс істеп келді. Бірақ ХХІ ғасырда жаңа буын, жас ұрпақ жетілді. Театрға мүлдем басқа тәрбиеде өскен, Z, Y аталатын ұрпақтың жасарған көрермені келді. Олардың ой-санасы, дүниетанымы мүлде бөлек. Әлеуметтік желілерден нешетүрлі мюзикл мен шоулар көріп, клиптік оймен өскен бүгінгінің баласын бұрынғы дәстүрлі үлгідегі бағыт қызықтырмайды. Елу жыл бұрынғы эстетикамен қойылған спектакльге қазіргі ұрпақ бармайды. Баяғыдай, Аристотель белгілеп берген үлгідегі спектакль оқиғасының басталуы, шиеленісуі, шарықтауы, сияқты қағидалар қазіргі көрерменге қызықсыз. Әлемнің классикалық драматургиясын жаңаша форматта ұсыну қажеттілігі туындады. Сол жазылған күйіндегі мәтінді, сол ғасырдағы эстетиканы қайталау мүлдем жарамайды. Сондықтан да болар ХХІ ғасырда әлемдік классик драматургтерді заманға сай жаңалықтарымен қазақ сахнасына тоғыстырған жаңа режиссура қалыптасты. Олар мың жарым жыл бұрын өмір сүрген Қозы мен Баянның махаббаты мен қайғылы тағдырын пьесаға негіз еткен Ғ.Мүсіреповтің трагедиясын бүгінгі күнге бейімдеді. Басты кейіпкерлерді, олардың іс-әрекеті мен оқиғаны алға жылжытуға деген мотивациялық әрекеттерін қазіргі қоғам, адамдарының бойынан тауып, бүгінгі күннің психологиясы мен проблемасына лайықтап шығарды. Бұрынғы заман кейіпкерлерін толғандырған мәселелерді замандастарымыздың тыныс-тіршілігімен, арман тілектерімен байланыстыра біріктірді. Көрерменге спектакль етіп ұсынуда дәстүрлі емес, заманауй постдрамалық театр үлгісімен беретін болды. Бірақ осы мәселе театрдың кейбір байырғы көрермендері қабылдай қоймады. Мысалы Оңтүстікте қойылған режиссер Әлібек Өмірбекұлының «Қораз» спектаклі жаңа бағыттағы заманауи қойылым еді. Режиссер бір-бірімен қабысбайтын бірнеше оқиғаны біріктіріп, постдрамалық театрдың үлгісін жасап, жаңа бағыттағы режиссура үлгісінде қойды. Бомба болып жарылды, көрермен екіге жарылды, олардың арасына жік түсті,. Бұл жаңалық жас көрермен қабылдаса, дәстүрлі театрға үйренгедер мүлдем қабылдамады. Спектакль белгісіз уақытқа тоқтап қалды. Классикалық дүниелер көріп үйренген, баяғы драматургиямен бой түзеген көрермен жаңа бағыттан жол таппай тығырыққа тірелгенде еді. Бүгінгі драмада «театр көрерменін тәрбиелеу керек» деген функциясы балалар театрында көбірек маңызды роль атқарады.
Театр – айна. Одан әркім өзін, қоғамды, көргенде барып қызықты болып залдағы көрерменді оятады, сілкінтеді, ой салады. Бүгінгі театр көрерменді белсенді болуға шақырады. Жас режиссерлер өздерімен қарайлас жастардың аудиториясына көп мән береді. Ал қазіргі жастар көп оқымаса да әлеуметтік желіден көпті көрген, оларды таң қалдыру оңай емес. Сондықтан ХХІ ғасырда көрерменнің жетегінде жүретін театр емес, көрерменді соңына ерте білетін театр қалыптастыру маңызды. Ол үшін заманауи драматургтар мен режиссерлер, талантты, еңбекқор актерлерден тұратын шығармашылық топ керек.
Бір ғана «Келіндер көтерілісінің» сахнадан түспей келе жатқанына 50 жылға жуықтапты. Соңғы отыз жылда сонымен деңгейлес шығарманың жазылмауына не себеп деп ойлайсыз?
Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың аударма пьесасын қазақ театрының біразы сахналады, әлі де сахналап келеді. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахна шебері Сәбира Майқанова бастаған өнер майталмандары осы спектакльде керемет ойын өрнегін көрсеткен болатын, шіркін! Жалпы, қазақ сахнасында Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезовтен бастап кейінірек Шахмет Құсайынов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздлар-ай», «Беу жігіттер-ай» Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялары талай жылдар бойы көрерменнің көзайымына айналды. Бірақ, драматургия әуелден күрделі жанр десек соның ішінде комедия жанры өте күрделі, көрерменді жылатудан гөрі күлдіру қиын шаруа екені рас.
Грузин драматургы Авксентий Цагарелидің «Ханума», әзірбайжан композиторы Узеир Гаджибековтің «Аршын мал-ала¬ны» әлемнің біраз тілдеріне аударылып «Келіндер көтерілісі» секілді тұрақты қойылыпы келеді. Өзіміздің «Айман-Шолпан» секілді музыкалык комедиялар жүз жылда бір жазылатын туындылар. Соңғы жылдары бұл тақырыпта Еркін Жуасбектің «Үйлену», «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» «Антивирус» секілді комедиялары қойылды. Отандық театр репертуарында комедия жанры бар, тірі десекте, қауырт дамымай келеді. Театрлар комедиографтарға зәру. Бірер жыл бұрын Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры комедия жанрындағы шығармаларға конкурс жариялады. Қазылар құрамында болғанмын. Конкурсқа небәрі тоғыз шығарма түсті. Олардың сапасы бөлек тақырып. Біз тоғыз шығарманың арасынан іріктеп отырып үздігін анықтауға қатыстық. Енді сол пьеса сахнаға әзірленіп жатыр. Әйтсе де «Келіндер көтерілісі» секілді ғұмырлы, өміршең комедияға аса зәруміз.
Соңғы кезде премьералардың елге берер рухани азығы емес, қаржылық пайдасына көбірек көңіл бөліп кетпедік па?
Театрларымыз көрсеткен спектакльден күреп қаржы тауып жатыр деп айта алмаймын. Қаржылық түсім маңызды. Бірақ бар болып, әлемдік деңгейдегі режиссерлерді шақырып, тамаша қойылым жасағанға не жетсін. Бұл спектакль қазір де репертуарда жүріп жатқан көрерменге тартымды қойылымдардың бірі. Кезінде Түркістанда «Келіндер көтерілісі», «Бөрте» спектакльдері қойылғанда оларға бөлінген қаржы көлемі біраз әңгіме арқауына айналды. Өзге театрлар тамсана қарағаны рас. Бұл Түркістан облысының әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсы екенін білдіреді. Марқұм Дулат ағамыз «Бөрте» спектаклінің қаламақысына алты миллион теңге алғанын айтқан еді. Бұл драматургтің еңбегін бағалаған жоғары жетістік болды. Өкініштісі, еліміздегі басқа театрларда ондай мүмкіндік жоқ. Шалғай орналасқан театрлардың бюджеті ойдағыдай емес. Бес миллион теңгеге бес спектакль қоясыңдар деген талапты естіген театр режиссерлері де бар. Ал бәзбір жас драматургтердің қаламақысына отыз-елу мың теңге қаламақы ұсынған театрлар бар. Тіпті «сен алдымен пьесаңды жазып драматург екеніңді дәлелде, қаламақыңды содан кейін көреміз» деген басшылар да кездеседі. Әрине әркім көрпесіне қарап көсіледі. Дегенмен театр мен автордың терезесі тең болғанға не жетсін. Қаржылық қажеттілігі оң шешімін тапса автордың да шығармашылық шабыты, театрдың қажетін өтеуге деген құлшынысы арта түспек.
Бұл жағынан алғанда Түркістан музыкалық драма театры үлгі болуға лайықты. Бірер жыл алдын Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған драматургтердің республикалық байқауы өтті. Сол байқауда қазылар алқасының құрамында болдым. Бас жүлде жергілікті автор, сайрамдық зейнеткер ұстаз, драматург Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» пьесасына берілді. Себебі автор өз кейіпкерін жақсы таныған, өмірбаянын терең зерттеген, композитордың ішкі толғанысын, психологиялық иірімін көркем тұтастықпен жеткізе білген. Қазылық еткен комиссия мүшелері бір ауыздан толымды пьеса бас жүлдеге лайық деп тапты. Осы материал негізінде қойылған спектакль бүгінгі таңдағы Шәмші туралы қойылған спектаклдің алды болғаны даусыз. Әрине біраз театрда қойылған Исраил Сапарбаев ағамыздың «Сыған серенадасының» орны да жолы да бөлек. Десекте, «вальс Королі» атанған Шәмші туралы толыққанды сахналық көркем туынды дүниеге келген. Бұл жерде айтайын дегенім – театр автормен тізе қосып бірге жұмыс істесе, нәтижесі де жақсы болады. Бір сөзбен айтқанда сахнадаға қойылым көрерменнің көңілінен шығып жатса, дау іздемей, қол соғу керек.
Сұхбаттасқан П. Гүлім.