-
1991 жылдың 3 мамырында Намибияның астанасы Виндхукта Африка елдерінің тәуелсіз журналистері «Виндхук декларациясын» қабылдады. Декларацияда баспасөз бостандығы мен демократиялық сипатын сақтау қажеттігі жөнінде әлемнің барлық мемлекеттеріне үндеу жолданды. Бұл бастаманы БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет (ЮНЕСКО) мәселелері жөніндегі Ұйымы қолдап, 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 3 мамырды «Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні!» деп белгіледі. Осы мерекені атап өту кезінде әлемнің кез келген жерінде баспасөз бостандығын қорғауға елеулі үлес қосып жүрген адамға, ұйымға немесе мекемеге ЮНЕСКО-ның Гильермо Кано атындағы Дүниежүзілік сыйлығы тапсырылады. Ал, Гильермо Кано кім еді?…
Гильермо Кано Исаза 1925 жылы 12 тамызда Боготада дүниеге келген. Әкесі басқаратын ұлттық «El Espectador» газетіне 17 жасынан бастап мақала жаза бастады. 27 жасында газеттің редакторы болды.
1980 жылдары есірткі саудагерлері Колумбияны үрей құшағында ұстап тұрды. Әсіресе Меделлин Картелінің атышулы бастығы Пабло Эскобар елдегі барлық билік өкілдерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Ол жолына кесе көлденең тұрғандардың ешбірін аямады. Байлығы бүкіл елдің қазынасына тең келетін миллиардер дәурені жүріп тұрған кезде 50-ден астам судьяны, әділет министрін, Жоғарғы сот судьясын және есірткіге қарсы полицияның бастығын өлтіруге бұйрық берген. Наркобаронның бұйырығымен өлім жазасына кесілгендердің арасында журналист Гильермо Кано да бар еді. Ол Пабло Эскобардың бүкіл сауда айналымын әшкерелеп, есірткі картельдеріне шабуыл жасап, өткір мақала жариялап тұратын. Және есірткі барондарын соттауға өз елінің күші жетпейтінін білгендіктен, Колумбиялық есірткі саудагерлерін Америка Құрама Штаттарына экстрадициялауды қолдап отырды. Ол есірткі саудасының Колумбия демократиясына қауіп төндіретінін білді. «Егер біз оларды тоқтатпасақ, есірткі топтары үкіметті басқарады» деп ашық айтқан да Гильермо Кано еді. Бұл батылдық әрине, Паблоға ұнаған жоқ. Сондықтан ол журналисті басты жауының қатарына жатқызды.
Гильермо Кано 1986 жылы 17 желтоқсанда Боготадағы газетінің кеңсесінің алдында кісі қолынан қаза тапты. Қастандық жасаушылар журналистке сегіз рет оқ атқан. Каноны өлтірген Эскобар мен оның адамдары Меделлинде жеңіс кешін атап өтті. Ал бұл кезде мыңдаған колумбиялықтар Каноның денесін Богота шетіндегі зиратқа жерлеп жатты.
Пабло Эскобар журналисті өлтіргеннен кейін де тоқтаған жоқ. Ол Каноның екі ұлы Хуан Гильермо мен Фернандоға да қауіп төндірді. Тағы төрт тілші осындай қоқанлоққыға ұшырады. 1989 жылы Каноның отбасылық адвокаты өлтіріліп, саяжайы мен газеттің ғимараты өртелді.
Каноның өлімін тергеу ісі заңсыздықтарға толы тоғыз жылға созылды. Пабло судьяларды, сот қызметкерлерін және алқабилерді сатып алды. Айтқанына көнбеген бір судьяның көзін жойды, екіншісі елден қашып кетті, үшінші судьяның әкесін өлтірді. Тек 1995 жылы ғана Мария Сальдарриага, Пабло Самора, Луис Карлос және Карлос Мартинес деген төрт адам кісі өлтіру үшін сөз байласқан деп танылды. Олар 16 жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ Боготаның Жоғарғы трибуналы 1996 жылы шешімнің күшін жойып, Салдарриага, Самора және Мартинесті ақтап шықты. Тек Молина Йепеске қатысты үкім өзгеріссіз қалды.
Әзірлеген Пернебай САПАР.