Қазақстан 2026 жылы ел тарихындағы маңызды белестің алдында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында конституциялық реформа бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін мәлімдеді. Бұл саяси жаңалық қана емес, әрбір қазақстандықтың, әсіресе маңдай терімен күн көріп жүрген еңбек адамының тағдырына тікелей қатысты тарихи шешім.
Конституция — жай ғана баптар мен тармақтардан тұратын құқықтық құжат емес, ол қоғамның бет-бейнесі, мемлекеттің адамға деген көзқарасының айнасы. Сондықтан кез келген реформа ең алдымен қарапайым азаматтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Тұрақты жұмыс, әлеуметтік қорғалу, қауіпсіз еңбек жағдайы және ертеңгі күнге деген сенім еңбек адамы үшін ең басты құндылықтар. Осы құндылықтар Ата заңда берік орныққанда ғана елдің іргесі мығым болмақ.
Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысы еліміздің бірден-бір ірі еңбек күші шоғырланған аймақ болып табылады. Бұл аймақта диқан да, өндіріс жұмысшысы да, ұстаз бен дәрігер де бар. Олардың әрқайсысы қабылданатын конституциялық өзгерістердің салдарын өз өмірімен сезінеді. Сондықтан бұл реформа біз үшін жай ғана қағаз жүзіндегі өзгеріс емес, нақты еңбек адамының тағдырын айқындайтын маңызды шешім болуы тиіс.
Бүгінгі цифрланған технология тез өзгерген заманда адам капиталын қорғау — мемлекеттің басты міндеті. Осы ретте «Еңбек адамының үні естілуі тиіс» деген қағида қағаз жүзінде қалмай, нақты жұмыс істейтін құқықтық тетікке айналуы шарт.
Кәсіподақтар осы жолда маңызды рөл атқарып келеді. Олар — еңбек адамдарының пікірін билікке жеткізетін, диалог орнататын негізгі алаң. Бүгінде Түркістан облысының еңбек ұжымдарынан реформаға қатысты көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл — халықтың ел болашағына, адам тағдырына жауапкершілікпен қарайтынының айқын көрінісі.
Әлеуметтік әділдік бар жерде ғана тұрақтылық пен даму болады. Егер өндіріс орындарында, мақта алқаптарында, жаңадан ашылған кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген жандар қабылданған шешімдердің оң нәтижесін өз тұрмысынан көрсе, қоғамда сенім нығаяды. Ал сенім бар жерде даму бар. Әлеуметтік кепілдіктері берік Конституция бұл елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығына салынған ең сенімді инвестиция.
Алдағы жалпыұлттық референдум — халықтың өз болашағын бірге айқындайтын сәті. Бұл жауапкершілік пен сенімнің сынағы. Осы үдерісте қарапайым еңбек адамының дауысы ескеріліп, әділетті әрі тең қоғам құру жолында нақты шешімдер қабылданатынына сеніміміз мол. Өйткені Конституциялық реформа — Әділетті Қазақстанның іргетасы. Ал сол іргетасты қалаушы – еңбек адамы. Жаңарған Ата заң әрбір қазақстандықтың, оның ішінде әрбір жұмысшының құқықтық қалқанына айналса, бұл — ел үшін ең үлкен жетістік болмақ.
Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы