«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның кезекті жұмыс жиыны өтті. Мәжіліс жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаттары –фракция мүшелері, басқарма, департамент басшылары және Әйелдер қанатының аумақтардағы жетекшілері мен облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
«AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында 2023-2027 жылдарға 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы екі жыл, он айда кешенді жоспар 55 пайызға немесе 313 іс-шара толығымен орындалған. Оның ішінде ағымдағы жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 64 пайызы жүзеге асырылды. Қалған тармақтардың орындалуы жыл қорытындысымен әзірленетін статистикалық мағлұматтармен құрылымдалатын болады.
Партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаның Түркістан облысында іске асырылу нәтижелері облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлының есебінде баяндалды.
«Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының маңызды саласы болып табылады. Жыл басынан өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орындалды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап – жіп, мата, джинсы сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы аяқталып келеді. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны 50 млрд.теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда», — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Облыстық фракция отырысында сөз алған «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы интитутын нығайту, әйелдердің саяси көшбасшылығына қолдау көрсету мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет екенін айтты.
Фракция отырысының күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева облыстық Әйелдер қанатының 10 бағыты бойынша топ жетекшілері және әрбір аудан, қалада белсенді, қоғам дамуына орнықты үлесі бар әйелдерден жетекшілер бекітілгенін айтты. Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде жыл басынан бері жеке парақшасынан Әйелдер қанатының қызметі жөнінде 1115 жарияланым шығарғанын және газеттер мен телеарналарда 225 материал жарық көруіне ұйытқы болғанын атап өтті.
«Облыста «Әйел аманаты» телебағдарламасы іске қосылып, жұмысшыдан бастап, танымалдыққа ие болған мықты әйелдер туралы түсірілімдер шығару қолға алынды, ай сайын Әйелдер қанатының бағыттары осылайша насихатталуда. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтарды халыққа жеткізуде әйел азаматтардан құралған топтарды Әйелдер қанаты көбейте түсуде. Ғылымдағы әйелдер тақырыбында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен дискуссиялық алаңда ғалым әйелдерді толғандыратын тақырыптар талқыланып, ұсыныстар жинақталды. Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Әйел басқаратын кәсіпорын» онлайн пікірлесу алаңдары ашылды. Әйелдерге психологиялық қолдауда «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты форум өткізіліп, қоғамды мейірімге шақырдық. Форумда қазақтың байырғы жолымен ортаға орамал тастап, зорлық зомбылықты азайтуды үндедік.
Өз қаржыммен түсірілген зорланған қыз туралы «Қошқаратадағы қыз» қысқаметражды фильмі көрермендерге ұсынылды. Зорлық- зомбылықтың алдын алуға арналған брошюралар таратылды» деді Қалйыма Жантөреқызы.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі