Әлемде қанша керемет болса, біріншісі және бірегейі әркімнің өз Анасы дер едім. Ең қасиетті Жан, жаныңа жақыны, жүрегіңе орны толмас сағыныш, орнын бірде бір адам баса алмайтын, Алла жүрегін махаббат пен мейірімге толтырып қойған жұмақтарыңыз — АНА.
Есіңе алсаң, еріксіз жүзіңе мейірім сағынсаң жүзіңе жас үйірілетін не деген тылсым байланыс десеңізші.
Анам көп сөйлемейтін керемет сұлу, тірлігі тап-тұйнақтай әйел еді. Нағыз ақылшы, керемет кеңесші, өте сауатты сөздің қадіріне жететін, екі сөйлемейтін нағыз сырбаз сыршыл болатын. Өзі 1972 жылы Ақбастау ауылындағы Шоқан Уалиханов атындағы мектебін күміс медальға тәмәмдаған білімді еді.
Бір сабақтан төрт алсақ, жетекшіміз Мырзатай Утенбековичтен ескерту келсе құлағына оның өтеуі қиындау болатын, көмекке әкем келетін.
Біз мектепке жаяу баратын едік. Бірде мектепке дейін жаңа жауған қармен ойнап барды. Сірә, көп жүріп қалсақ керек, біз жақындаған кезде қоңырау соғылды. Қоңырау үні естілісімен жүгіріп-ақ барғанбыз, сонда да кешігіп қалдық.
Барлығымызды мұғалімдер бөлмесіне тұрғызып қойып, ұстаздарымыз үйімізге телефон соға бастады. Ағайымыз барлығымыздың үйдегі телефон нөмірін жатқа білетін-ді.
Біздің үйдің нөмері 2-11-39 болатын, ағайым қоңырау соққанда тұтқаны анам көтерді. Анамның «да» деп биязы дауыспен телефонға жауап бергенінің өзі мәдениеттің эталоны еді. «Әкем жауап берсе екен» деген тілегім орындалмады. Ағай: «Қызыңыз 54 секунд кешікті. Ерте тұрып, қадағаламайсыздар ма» деп жатты. Анамда әдетінше үн жоқ, ол сөйлемеген сайын мен қорқып барамын. Қысқасы сол күні үй де жиналды, тамақ та істелді, кір де жуылды…
Мен қателессем, еңбекпен «жазалаған» Анашым өмір бойы ең сенімді, ең ақылды, ең үлкен жанашырым боды. Соңғы сәтіне дейін өмір жолымда кезіккен әрбір сынағымда орнымнан тұрғызып, демеп, күш берді. Бүгінде тек сағынышпен еске алып, ойша сөйлесемін, қиялмен еркелеп бір жылап, бір күлемін.
Маған Анасы бар адамдардың барлығының басында алтын Тәж бар секілді көрінеді, не деген бақытты жандар десеңізші..
«Әкесі бар қалқанды батыр, Анасы барлар алтын Тәждің иесі, жандарыңызда жүрген жұмақ иелерін құрметтеп, сыйлай біліңіздер» дегім келеді,
Ал менің жұмағым, сырласым, ақылшым, орны толмас сағынышым әрдайым жүрегімнің төрінде сақталады.
Айнұр ӘУЕЛБЕКОВА,
Түркістан облысы.
Бәйдібек ауданы.