Он бес сөтке…

Қолымда бір бөтелке сырам бар, әлгінде ғана той дан келгем, жүз метр жердегі пәтеріме шылымымды бұрқыратып аяңдап келе жатыр ем, қызылды-жасылды шамы жарқырап млисаның мәшинесі қуып жеткені. Алдыңғы есігі ашылып жас жігіт түсті.

– Сержант Пәленшейвпін мен, ағасы, құжаттарыңыз…

– Нағылған құжат?…

-Төлқұжатыңыз..

– Інім мен анау үйде тұрам ғой,- дедім сержант байырғы танысым секілді. – Құжатым үйде.

– Онда көлікке отырыңыз…

– Тыныштық па?

Мән жайды жаңа қосылған екінші сержант түсіндірді. Сөйтсем көшенің бойы қоғамдық орынға жатады екен, мен түннің бір уағында қоғамдық орында ішімдік ішіп, темекі тартып, тәртіп бұзған, құжатын алып жүрмейтін барып тұрған оңбаған бұзақының нақ өзі екем. Сол үшін мені жазаламақшы енді.

– Жігіттер мүмкін, түсінісіп кетерміз.

– Жоқ.

Екі сержанттың екеуі де өз жұмыстарына берілген, адал сүт емген ұландар болса керек, «жоқ» деп бірдей айтты.

– Енді не болады?

– Бөлімшеге барамыз қағаз толтырамыз.

– Сосын…

– Сосын сіз айыппұл төлейсіз..

– Інім айыппұлды қоя тұр. Онсыз да ертең пәтерақы төлеуім керек. Таң атпай қожайыным келеді. Ақша өзіме де керек боп тұр. Жазаның басқа түрі бар ма?

– Әрине, он бес сөткеге қамаласыз кем дегенде…

– Он бес сөткеге…

Жазаның осы түрі қатты ұнады маған.

– Мен әйеліме звондап «бала-шағаны ап шық» дейінші…

– Жай ма?

– Айттым ғой ертең қожайын пәтерақыға келеді. Ал мен соңғы ақшама тойға барып келе жатырмын. Он бес сөтке болса да өз еркіммен қамалғаным дұрыс қой, жатын орын тегін. Үш мезгіл тамақ береді иә ол жақта…

– Мазақтап тұрсыз ба?

Мен шынымды айтып тұрған едім. Ойлап қарашы, тегін тамақ, жылы жер… ақысын сұрап жатқан ешкім жоқ. Әттең біздің елімізде бала-шағаңмен қосып соттайтын заң жоқ, әйтпесе кішігірім қылмысыңды істеп, қатыныңды қолтықтап, балаңды жетектеп түрмеге барып жатып алсаң.

– Пәтерақы таппай жүрген адамға ұқсамайсыз ғой. Шырт киініп алғансыз, өзіңіз тойдан келе жатырсыз.

– Шырағым сен «бөрі азығын білдірмес, сыртқы жүнін қампитар» дегенді естіп пе ең..

– Ну..

– Дым да нуы жоқ оның. Біз бөрі тектес қазақпыз, сыртқы жүнімізді қампитып жүреміз. Миллиондап банкке қарызбыз, немістің мәишинесінде шырт түкіріп отырамыз. Қалтамыздың тесігін тышқан аралап жүреді, ақ көйлек қара шалбармен автобус күтіп тұрамыз. Өзбектер екі жүз бұқасын өзі бағып, күтеді, біз есігімізге екі бұқа бітсе адамға бақтырамыз. Мен де таза қанды қазақпын, шырағым, алпыс мың айлығым бар, аптасына екі рет тойға барам. Ертең жұмысқа жаяу… жақын жерде істейм сонысы жақсы…

Сержанттардың жүзі жылиын деді, қайтсін байғұстар олар да өзіміз секілді адам.

– Тойға бармай-ақ, пәтерақыңызды бермедіңіз бе?,-дейді біреуі.

Мына сөзге кәдімгідей ренжіп қалдым мен. Ақылына болайын, мен де Құдайдан үміті бар адаммын, ертең өзім де той жасамайм ба, соған ағайын туыс келмей ме екен. Қазір біреуге бармасаң, бірдеңе апармасаң біреу саған келе ме? Бүкіл қазаққа тән логикаға басы жетпей ме, млисамысың деген. Мен ойланып болғанша, бетін ашатын келінді ерткен жеңгелер ұқсап, екеуі екі жағымнан қолтықтап апарып мәшинеге салып алды. Рулде тағы біреуі отыр екен.

– Сөйлеп отыр, мырза, – дейді маған.

– Мен тек жиналыста сөйлеуші едім.

Көлік сырғып жүріп кетті. Қатын-бала үйде қалды, «амал қанша тегін тамақ пен жатын орының қызығын өзім ғана көретін болдым» дедім іштей. Екі көше жүрген соң, рулдегі млисамен де тіл табысып үлгердім. Форма кигені болмаса олар да нағыз қазақтың жігіттері. Әңгімеміз жарасып жүре берді. Көше соңындағы қараңғылау тасаға тоқтадық.

– Ағасы біз жұмыстағы адамбыз.

– Түсінем ғой…

– Сіз тойдан келе жатыр екенсіз, бір шаршадық дегендей…

Рулдегі жігіт (есімін білсем де айтпай-ақ қояйын) алдыңғы орындықтың астынан бір бөтелке суырды. Оған қоса пластмас стакан, тұздалған қияр, жарты лепешка шығарып әп-сәтте дастарқан жасап тастады. Сөйтіп күтпеген жерден, түннің бір уағында млисалармен арақ ішуге тура келді. Арақ шіркін не дегізбейді, бөтелке біткенше үшеуінің де өзім сияқты пәтерианттар, алды үш, арты екі баланың әкесі екенін, жақында ғана біреуі пәлен ақшаға жер алып, онысы қызыл сызыққа түсіп қап, уайымдап жүргенін, үйдегі келіннің «жұрттар сияқты қашан өз үйіміз болады? Ақша жинап үй салайық та» деп құлақтың құрт етін жейтінін, олардың да тойға бару керек екенін, біреуінің әлі балаларының мектеп киімін алмағанын біліп алдым. Бәрімізге тән қиындық млисалардың да басында бар екен, кәдімгідей жаным ашыды оларға. Бірдеңе болса «менттер» деп шығамыз, оларда адам, адам болғанда да қазақ қой, бір-екі мәрте «козелдер» деп өзімше кіжінгенім бар еді, соған қатты ұялдым, өздеріне айтқан жоқпын бірақ. Елдің тыныштығы, деннің саулығын тілеп тост көтердік. Бөтелке демде таусылды. Бөтелке таусылған соң, әңгімеден де мән кетті. Жоқтық жомарттың қолын байлап, мен де ләм демедім. Ақыры рулдегі жігіт түсіп қап, қайта беруімді ескертті.

– Жеткізіп тастамайсыңдар ма?

– Братан, біз такси емеспіз.

Жауаптары салқын шықты, млиса екендері естеріне түсті-ау дейм, мүмкін мен тағы бір шөлмек алғанда, апарып тастайтын да ма еді кім білген.

Не мас емес, не сау емес дүбара кәйіппен үйге келе жатырмын. Миымда дыңылдап он бес сөтке тұр… он бес сөткеге… әттең бала-шағаны ап кетпейтінім қиын боп тұр ғой, әйтпесе… үш мезгіл тамақ береді екен, пәтерақы төлемейсің… Мен негізі елдің, жердің, Отанымның қамын ойлайтын, ұлтымды сүйетін, халық үшін жанын беруге даяр патриот азаматпын, просто, ертең қожайын келеді, пәтерақыға… Айтпақ әлгі млисаның да ертең бе арғыкүні ме пәтрқысын төлеуі керек екен, соған… жұмыс істеп жүр…

Пернебай Сапар

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts