Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқұлақов келешекте елімізде қандай мамандарға сұраныс артатынын айтып берді.
– Біздің болжамымыз бойынша, 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмысшы сұраныста болады. Соның 1 миллионы – слесарь, токарь, краншы секілді жұмысшы мамандықтары болады. Сол себепті соларға сұраныс артқанын көріп отырмыз. Келесі мәселе – демографиямыз өсіп келеді, адам саны көбейгендіктен мұғалімдер мен дәрігерлер көбірек керек болады, – деді Ш. Байқұлақов агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, демографияның өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға да үлкен жүктеме артады, сол себепті құрылысшылар, оның ішінде тұрғын үй, мектеп, аурухана саласын құрылыс мамандары қажет болады.
– Бұған дейін жыл сайын 120 мың жас түлек мектепті аяқтайтын, ал 2023 жылы 400 мың бала 1-сыныпқа барды. Демек 11 жылдан кейін 400 мың түлек оқуға келеді. Яғни, осындай үш есе көп миграциялық толқын болады, оларға үш есе көп аурухана керек, үш есе көп университтер мен жұмыс орындары керек. Олар тұтынушы болғандықтан, жеңіл өнеркәсіпті де жолға қою керек. Біз жоспарлы экономикадан бас тарттық десек те, бәрібір елімізге сараптамалық талдау мен жоспар керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен бірге, подкаст қонақтары АЭС құрылысы секілді жаңа ірі жобалар мен жаңа трендтерге бейімделудің де маңызды екенін атап өтті.
Айдар Оспаналиев
kaz.inform.kz