«ЖАН АЗЫҒЫ…» КӨЗДЕН ҰШЫП БАРАДЫ

Затшылдық көзді байлады,
Алдына салып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
(Шәкәрім қажы)

Жарықтық, Хакім Абайдан кейінгі «ақын біткеннің атасы» деуге тұрарлық тек насихаты кемдеу болған – Шәкәрім атамыздан сөз қалған ба!? Рухани байлықтан «жан азығы» кітаптан алыстау яғни «жан билемей тән билейтін» кеселге душар ететінін ғасырдан аттап тұрып айтып кеткен екен.
Шынында да кітаптан алыстап бара жатқан сияқтымыз, өткені бұрынғыдай табанынан тозып кітапханадан кітапхана қоймай жағалап іздеп жүргендерді көре қою сирек кездесетін оқиға боп барады. Бір кездердегідей тұнығына рахаттана сүңгіп, жастанып жатып сырласпайтын, мүлдемге жуық оқымайтын болдық. Осы бетімізбен кеткеннен кете берсек рухани катастрофаның да ауылы алыс емес сияқты, беті аулақ. Аталған саланың ыждахатты зерттеушілерінің айтуынша адам мен кітаптың арасын алшақтатып, достығына сызат түсірген «онлайн» режимге көшкен өмір салты көрінеді. Күллі болмысымызды жаулап алып виртуалды кеңістікке көшіріп жіберген заманауи жаңа технологиялар басты қазынамыз кітаптың ғасырлар бойғы үстемдігіне нүкте қойған секілді. Жүз пайыз нүкте қоймаса да орны толмастай ойсыратып қадамын шектегеніне дау жоқ. Мұның түбі бізге апат әкеле ме, ой-өрісіміз әлі де жете қоймаған бақ әкеле ме белгісіз. Мұны қазірдің өзінде «Төтенше апат пен нәубет» деп дабыл қағып жатқан әлемдік оқымыстылар төбе көрсете бастады. Осы саланы аса ыждаһатпен зерттеп келе жатқан америкалық Николас Каррдың «The shallows» – «Таяздар» атты кітабынан оқып көп нәрсеге көз жеткіздік. Мұны, «интернет зердесі төмен адамдардың пайда болуына ықпал етіп жатыр» деп түсінсек болады.
Оның айтуынша: «Адамзат күн озған сайын ойланудан, ақылға салып таразылаудан қалып барады екен. Бұрын табақтай кітапты құныға оқып тезінен бітіретін, көлдей мақаланы қиналмай отырып бітіретін, жазушының сөз саптасына тәнті болып түпкі ойын қалыпсыз түсінетін, ақындардың ойын ыждаһатпен оқып, астарлы мағынасын айтпай түсінетін.
Ал, қазір ше? Қазір екі-үш парақтан соң шыдамы таусылады, назары басқа жаққа ауып жанары жылтырақты іздеп кетеді. Концентрация жоққа тән. Ой шашыраңқы, көңіл тұрлаусыз, жүрек құбылмалы күні кеше табиғи оңай көрінген қадағалап оқу әдеті – бүгін нағыз қасіретке жан беріп, жан алысқан тайталас күреске айналыпты…». Сонымен қатар «апаттың, проблеманың басы – осы, шалқар ақпарат мұхиты, түпсіз мағлұмат шаңырағы Веб әлемі» деп атап көрсетеді. Әрине, ол интернеттің пайдасын жоққа шығармайды. Оның уақыт үнемдейтінін, алысқа бармай-ақ іздегенін, тілегінін тауып алатынын, электронды пошта арқылы жұртпен қатынасып видеосабақтар арқылы тартымды лекциялар тыңдауға мүмкіндік алғанын мойындайды. Интернеттің күнгейімен қатар көлеңкесі де бар дейді де, интернет оның фокус жасау қабілетімен ой байыптау қабілетін шектей бастағанын айтады. Ғалымның байыпты пікіріне құлақ ассақ. «Интернеттегі мағлұмат шолақ, келте болғандықтан және бір бағытта тынымсыз ағып тұрмайтындықтан адамның білімін көтермейді, танымын кеңейтпейді. Үздік-үздік ақпарат бір-бірімен жымдаспаған соң тамырланып та кетпейтін көрінеді…».
Осы орайда кітаптарын электронды вариантқа көшіргенде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге әйгілі жазушымыз Дулат Исабековтің: «Күллі романымды бар-жоғы жеті-ақ минутқа сыйдырып жіберіпті, бұл не масқара» деп күйінгені ойыма оралып отыр.
Ол, ол ма Каррдың пайымдауынша интернет адамның назарын өзіне аударып алған соң көзінің қарашығымен ойнап, рухын былғайды, санасын лайлайды, бар еркінен айырып, берекесін кетіреді. Сонымен бірге «онлайн да» отырған адамның үлкенді-кішілі мәтінді мағынасына бойламай, үстірт оқитынын бұл тарапта жүргізілген эксперименттер дәлелдеп отыр. Дегенмен, әлеуметтік желілерден де, смартфондардан да жалыға бастағандар көптеп пайда бола бастады. Осы орайда технологияның шыңына шыққан Жапонияның өзінде онлайнға да интернетке де шектеу қойылғанын баяғы қағазға басылатын газеттердің қайтадан көбейгенін еске түсірсек те жетеді.
Демек қадірі кетіп, көп жерде жабылып қалған «жан азығымыздың» құтты орындары кітапханалардың қайтадан көптеп ашылатынына дау жоқ.
Сөз соңында халықаралық «Inc» журналында жарияланған кітап оқудың төрт бірдей пайдасы жөнінде айтып өтсем деймін.
Біріншісі, Торонто университетінің ғалымдары әдеби шығармаларды көп оқитын адамдардың салалық кітаптармен ғана шектелетіндерден білім, таным жөнінен анағұрлым жоғары тұратынын анықтаған. Айтуларына қарағанда дерекке құрылған ғылыми кітап студенттердің белгілі бір тақырыпты меңгеріп шығуына көмектескенімен, ол туралы кеңінен ойлануға септеспейтін көрінеді.
Келесісі…

Кітап оқыған адамдар ұзақ өмір сүреді

Иел университетінің ғалымдары жасы елуден асқан 3655 адамға зерттеу жүргізіпті. Сөйтсе күніне 30 минут кітап оқитындар мүлдем оқымайтындардан 23 ай ұзақ өмір сүреді екен. Айтуларына қарағанда кітап оқу когнитивті процеске қозғау салып, сөздік қорды, ойлану машығын және концентрацияны ойдағыдай ұстап тұруға көмектеседі.

Бір жылда 50 кітап оқуға болады

Әрине, бүгінгідей әр минуты санаулы зымыран заманда кітап оқуға уақыт табыла бермейтіні белгілі. Дегенмен сарапшылар қолдары босай қоймайтын адамдардың өздері өйтіп-бүйтіп жүріп аптасына бір кітап оқып бітіре алады дейді. Ал, жазушы Стефани Хюстон уақыттың жоқтығы туралы ойының қате екенін түсініп, жылына 50 кітап оқуға бел буыпты. Нәтижесінде смартфон шұқылау, пойыздағы, кезектегі немесе түскі үзілістегі қымбат уақыттарын кітапқа арнауды үйреніпті. Сонымен бірге ұйқысы тынышталып, көңіл-күйі бұрынғыдан жақсарыпты.

Бизнесте жолы болғыштар, жетістікке жеткендер, кітапты көп оқитындар

Қатпары мол тарихқа бағамдай көз салсақ шағын ғана фирманы әлемдік деңгейге жеткізген кәсіпкерлердің түгелге жуығының қолынан кітап түспейді екен. Өйткені олар өзінің кәсіби дамуына қажетті шығармаларды түгелдей оқып шығып ішіндегі баға жетпес ақыл-кеңестерді өміріне пайдалану арқылы кітап ұстамайтын замандастарынан көш ілгері тұрады. Баға жетпес, кітаптағы тағылымдар мен тұжырымдар арқылы өздерінің болмысын таниды, өзгенің табиғатына қанығады, алысты болжап, жақынды танитын көріпкелдікке қол жеткізеді.
Терең де тағлымды сараптама жасай келе бұрынғылар жіберген қателіктерден сабақ ала отырып ой түйеді һәм іске асырады, қайталамау үшін барын салады. Халқымыз «кітап білім бұлағы, білім өмір шырағы» деп тегін айтпаса керек. Заманына қарай амалы ма, кітапқа деген құрметіміздің мың құбылып тұрғаны жанымызға батпай тұра ма?
Дегенмен, түптің түбінде, «жан азығымыз, рухани, баға жетпес байлығымыз» кітапқа қайта бет бұра қауышатынымызға сенімім кәміл.
Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Он бес сөтке…

Қолымда бір бөтелке сырам бар, әлгінде ғана той дан келгем, жүз метр жердегі пәтеріме шылымымды бұрқыратып аяңдап келе…
Толығырақ

СТАМБҰЛДАҒЫ АРАСТА БАЗАРЫ

Сұлтанахмет мешітінің алаңына жақын маңда орналасқан Араста базарының тағы бір атауы – Атты әскерлер базары. Осман империясы кезінде…