1956 жылы өткен партияның ХХ сьезінде Сталиннің жеке басына табынушылық айыпталды. Дегенмен, Сталинді айыптаушылар Н.С.Хрущев ойлағандай аса көп болмады.Себебі, мавзолейде Ленинмен қатар жатқан «халықтар көсемінің» беделі халық арасында зор еді. Сондықтан Н.Хрущев Сталиннің денесін мавзолейден шығарып тастауды ойластырды.
Партия мен мемлекет қайраткерлерін күзетумен қатар, өте жауапты тапсырмаларды орындайтын КГБ-нің тоғызыншы басқарма бастығы генерал Захаров пен Кремль коменданты генерал Веденинге «Сталинді қайта жерлеуге дайындала беріңдер» деп тапсырма да берді. КПСС ОК шешімімен Грузияның бірінші хатшысы Мжаванадзе, Гурзияның үкімет басшысы Джавахишвили, КГБ-нің төрағасы Шелипин, Москва қалалық партия комитетнің төрағасы Демичев, Москва атқару комитетінің төрағасы Дыгайдан тұратын алты адамдық комиссияға Н.Шверник төрағалық жасап, халықтың наразылығынан қорыққандықтан жерлеу дайындығын құпия түрде бастап кетті.
«Ұлы Октябрь мерекесіне орай өтетін парадқа дайындық» деген желеумен Қызыл алаңды жауып, мавзолей биік фанерамен қоршады.Суретші Савинов мрамордағы Ленин және Сталин деген жазуды өшіріп, біреуін ғана үлкен етіп қайта жазды.
1961 жылдың 17-31-қазанында өткен Партияның ХХІІ сьезінде Ленинград обкомының басшысы Спиридоновтың аузымен:«Мавзолейдегі Сталин денесі алынып тасталса» деген ұсыныс жасалды. Хрущев дауысқа салды, күні бұрын дайындалған шешім оқылып, сьезд өз жұмысын аяқтады. Мжаванадзе Кремльден шыққан соң, сьезд шешіміне наразылық ретінде Грузияға кетіп қалды. Комиссияның қалған 5 мүшесі түнгі 21-де мавзолейге келді. Генералиссимус формасымен биік тұғырда жатқан Сталинді сегіз офицер төменгі қабаттағы лабараторияға алып кірді. Комиссия мүшелерінен басқа, бальзамдалған Сталин денесіне бақылау жасайтын ғылыми қызметкерлер болды. Саркофагтан алынған Сталиннің денесі ағаш табытқа жатқызылды. Н.Шверник маршал мундиріндегі Социалистік Еңбек Ері алтын медалі мен кительдегі алтын ілгектерін ағытып алуға ұсыныс жасады, бірақ, погондарындағы алтын жұлдызды алдыруға батылы бармады. Совет Одағының Батыры атағын Сталин тірі кезінде де тақпаған болатын.
Табыттың қақпағы жабылып, шегесі қағылып жатқанда Шверник пен Джавахишвили еңкілдеп жылап жіберді. Мавзолей артында қазылған жерге табыт түсіріліп, христиандардың ғұрыпы бойынша көмер алдында топырақ салынды. Бас жағына «Сталин Иосиф Виссарионович 21.ХІІ.1879-5.ІІІ.1953» деген мрамор тақта орнатылды.
Бақытжан Абдул-Түменбай
тарихшы, журналист-дайджест