«Сталкинг»– ғылыми тұрғыдан бір адамды жүйелі түрде аңду, бақылау, қысым көрсету немесе мазалау әрекеттерінің жиынтығы. Бұл ұғым ХХ ғасырдың соңында Батыс елдерінде кең қолданысқа еніп, алдымен криминологиялық, кейін психологиялық термин ретінде бекіді. Сарапшылардың айтуынша, сталкинг – кездейсоқ қызығушылық емес, адамның жеке кеңістігіне жасалған жүйелі әрі мақсатты шабуыл.
Көптеген елде сталкинг жеке құқық пен бостандыққа тікелей қауіп төндіретін қылмыс ретінде заңмен қатаң реттеледі. Әсіресе, Батыс елдерінде ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қарастырылып, дербес қылмыстық құрамға енгізілген.
Қазақстанда сталкингке қарсы жаңа заң 2025 жылдың шілдесінде қабылданып, Қылмыстық кодекске 115-1-бап ретінде енгізілді. «Сталкинг» деп аталатын бұл норма Президенттің қол қоюымен бекітіліп, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Заңда сталкинг зорлық-зомбылықсыз, бірақ адамның еркіне қайшы жасалатын әрекеттер жиынтығы ретінде анықталады. Яғни біреумен мәжбүрлі қарым-қатынас орнату, үнемі ізіне түсу, телефон соғу, онлайн бақылау немесе қорқыту сияқты әрекеттер адамның психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатына зиян тигізсе, ол қылмыс ретінде қарастырылады.
Жаңа заң бойынша сталкингке барған адамға түрлі жаза түрлері қарастырылған: 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамауға алу. Бұл ретте заң жеке өмірге қол сұқпау, қозғалыс еркіндігі мен психологиялық қысымға қатысты құқықтарды қорғауды басты назарға қояды.
Сонымен бірге, егер сталкинг әрекеті зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау немесе жеке өмірге заңсыз қол сұғумен ұштасса, ол Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша да қарастырылуы мүмкін. Ал бірінші рет осындай әрекетке барған адам өз еркімен кінәсін мойындаса немесе құқық қорғау органдарымен ынтымақтасса, жаза жеңілдетілуі ықтимал.
Жуырда Түркістан облысында «СТАЛКИНГТІ ТОҚТАТ!» тақырыбында форум-диалог форматындағы ауқымды профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған Түркістан облысы Полиция департаменті Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Шамшат, Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмат Абидинов, мектеп оқушылары, колледж студенттері, ата-аналар, педагогтар, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
«Шара барысында сталкингтің негізгі белгілері, оның психологиялық және құқықтық салдары, жәбірленушілердің құқықтары мен оларды қорғау тетіктері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, жастарға нақты өмірлік мысалдар мен сахналанған көріністер арқылы қолданыстағы заң талаптары түсіндірілді» дейді баспасөз қызметі.
Форум аясында сөз сөйлеген полиция полковнигі Алмат Абидинов заңсыз әрекеттерге нөлдік төзімділік қағидатын ұстану қажеттігін атап өтіп, әрбір азаматтың қауіпсіздігі мемлекеттің басты құндылығы екенін жеткізді.
«Сондай-ақ ата-аналар мен ұстаздарға балалардың мінез-құлқына мұқият болу, күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажеттігі ескертілді. Ал жастарға өз құқықтарын білу мен заңды құрметтеу – қауіпсіз әрі тұрақты болашақтың негізі екені түсіндірілді» дейді баспасөз қызметі.
habarlike.kz