Ауыл тұрғындарымен ашық диалог өтті

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы мен аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен халықпен ашық диалог форматындағы көшпелі қоғамдық қабылдаулар басталды. Шараға партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев бастаған мәслихат депутаттары мен фракция мүшелері қатысып, бекітілген кестеге сәйкес ауданның барлық ауылдық округтерін аралап, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдауды жалғастырып келеді.

Көшпелі қабылдаулар Ескі Иқан ауылынан бастау алды. Партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдап, бірқатар сұрақтарға нақты жауап берді. Ауыл тұрғыны Сүлейменов көшесінен Әлия Молдағулова атындағы мектепке дейінгі 600 метр жолды асфальттау қажеттігін айтса, депутат бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, жол жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ, мәдениет саласы қызметкерлері ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптарға қолдау көрсету қажеттігін, ал өзге тұрғындар Хазірет Дәуіт мешіті маңындағы бос жерге балалар ойын алаңшасын салу туралы ұсыныс білдірді.

Депутат барлық ұсыныстарды назарға алып, тиісті мекемелермен бірлесе отырып, заң аясында нақты жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Келесі қабылдаулар Жаңа Иқан, Шаға, Үшқайық, Ораңғай және Иассы, Жүйнек ауылдарында өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, партия филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, депутаттар Дилмухаммад Ирисбаев, Нұржол Қонқабаев, Ислам Намуратов, Ерсұлтан Елеуов, Сұлтанбай Боханов, Сабит Рысбеков, Серікбай Оразбеков, Ержан Мұстапаев және Абдурашид Жусупов қатысты.

Жиында тұрғындар Желтоқсан көшесін асфальттау, медициналық қызмет сапасын арттыру, емханаға УЗИ және рентген аппараттарын орнату сынды өзекті мәселелерді көтерді. Партиялық бақылау комиссиясы бұл бағыттағы өтініштерді ерекше назарға алып, зерделеу жүргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Иқан су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу, ауыл мен әуежай арасындағы 13 км жолды жөндеу, Ұлықбек мектебінде сынып тапшылығын шешу, Ойық елді мекеніне қатынасты жеңілдету, канал суының уақытылы келмеуі және бағасының қымбаттығы сияқты мәселелер де ортаға салынды. Тұрғындар сонымен қатар оқушыларды Түркістан қаласына тасымалдайтын көлік бөлу, зейнеткерлерге арналған әлеуметтік орталық ашу, бағдаршам орнату сияқты ұсыныстарын білдірді.

Шаға ауылындағы кездесуде тұрғындар ауыл көшелерін асфальттау, Ғ.Мүсірепов және Ақан Сері көшелерін жөндеу, карьер мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізу, мектеп қазандығын газға ауыстыру, балалар ойын алаңшасын салу, сондай-ақ “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында несие алу шарттарына қатысты сұрақтар қойды.

Үшқайық ауылындағы қабылдауға облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Жанар Темірбекова да қатысты. Тұрғындар ағын су тапшылығы, құдық қазу, электр желілерін ауыстыру, мәдениет үйін салу, суармалы арықтарды жөндеу, Сібір жарасы аумағындағы үйлерді заңдастыру, Шымқорған және Тарақты көшелерін жарықтандыру мәселелерін көтерді.

Ал Иассы ауылында тұрғындар Шобанақ көшесін асфальттау, аялдама орнату, трансформатор қою, қоқыс полигонын салу, сондай-ақ жол қиылысына камера немесе бағдаршам орнату жөнінде өтініштерін айтты.

Қабылдаулардың қорытындысында партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков пен мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев көтерілген мәселелерге қатысты тиісті түсіндірме беріп, барлық өтініштер мен ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.

“Халықпен ашық диалог нәтижелі жұмыстың басты кепілі. Әр ауылда айтылған нақты ұсыныстар мен түйткілді мәселелер партиялық бақылауға алынып, шешімін табуы үшін жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс істейміз,” – деді Сағынбек Жақсыбекұлы.

Сауран ауданындағы көшпелі қоғамдық қабылдаулар тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге, жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді арттыруға бағытталған. «AMANAT» партиясы мен мәслихат депутаттарының бастамасы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының нақты көрінісі.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Халық үні тыңдалды

«AMANAT» партиясы қоғаммен ашық қарым-қатынас орнатуды, халықтың талап-тілегіне жедел әрі тиімді жауап беруді стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Партияның…
Толығырақ

«Amanat» алаңында ашық диалог өтті

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы алаңында өткен брифингтің кезекті қонақтары – Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ордабасы…