«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек тұрғындарды жеке қабылдады. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтардың түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелері тыңдалып, нақты шешу жолдары талқыланды. Қабылдауға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысып, көтерілген мәселелердің мән-жайына бірге зер салды.
Қабылдауға жазылған өтініштердің басым бөлігі ауылдық жерлердегі ауыз су тапшылығына және инженерлік инфрақұрылымға қаржы бөлуге қатысты болды. Мәселен, Ордабасы ауданының Көкарал ауылынан келген Бейсенбай Дүйсекұлы өз елді мекенінде ауыз судың жетіспейтінін айтып, тиісті қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ дәл осы ауданның Төрткүл ауылынан келген бір топ азамат та таза ауыз су мәселесін көтерді.
Өңірлік басқарма басшысы Қанат Әбдіразақұлы бұл мәселе облыс көлемінде жүйелі түрде шешімін тауып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір облыс бойынша 30 елді мекен мүлдем ауыз сусыз отыр және сол елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту жұмыстары бірінші кезекте қолға алынған. Бұдан бөлек, 192 елді мекен ауыз суды кестемен ғана ішіп отыр, олардың жағдайы да бақылауда.
«Қазір жобалық құжаттары дайындалған нысандарға қаржы қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келесі кезеңде жартылай сумен қамтылған елді мекендердің мәселесін түбегейлі шешу жоспарланып отыр», – деді Қанат Қайыпбек.
Қабылдау барысында ауылдарға табиғи газ тарту және қалдық полигонын салу мәселелері де талқыланды. Бірқатар елді мекен тұрғындары қоқыс полигонын салу үшін дайындалған жобалық-сметалық құжаттама бар екенін, енді құрылысқа қаржы бөлу қажеттігін көтерді.
Басқарма басшысы аталған жобалар облыстық бюджеттік жоспарлау кезінде қарастырылаты айтылып, тиісті түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің барлығы «AMANAT» партиясының бақылауында болмақ.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі