Облыс активінде жаңа Конституция жобасы талқыланды

Түркістан облысы әкімдігінде облыс активінің қатысуымен маңызды жиын өтіп, жаңа Конституцияның жобасы жан-жақты талқыланды. Басқосуда Мемлекет басшысы жария еткен саяси реформалардың түпкі мәні билік тармақтарының теңгерімін күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғауға бағытталғаны айтылды. Ең бастысы, Конституция жобасы халық талқысына шығарылғанына, әр азамат өз пікірін білдіріп, елдің тағдырына тікелей ықпал етуге мүмкіндік алғанына баса мән берілді.

Алдағы дамуымыздың бағдарын белгілейтін тарихи кезеңде өңір жұртшылығының ортақ ұстанымын айқындауға бағытталған маңызды алаңның жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың жауапты азаматтары, зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс аудандары мен қалаларының актив құрамы облыстық жиынға бейнебайланыс конференциясы режимінде қосылды. Мұндай кең ауқымды құрам – жаңа Конституция жобасының бүкіл қоғам үшін ортақ маңызға ие екенін айқын көрсетті.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және саяси жүйесін кешенді жаңғыртулар енгізу мақсатында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтергенін мәлімдеді.

«- 2025 жылдың 8 қазанында Президенттің өкімімен Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ағымдағы жылдың 20 қаңтар күні өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысына жұмыс тобы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Биылғы 21 қаңтарда Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу мақсатында арнайы комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға 130 адам кірді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, сарапшылар, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер және барлық партиялардың өкілдері бар. Облысымыздан комиссия құрамына облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әлмаханұлы және Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышыұлы енгізілді. Жаңа Конституциялық реформаны талқылауларға еліміздің барлық азаматтары өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдады. Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсыныстарды жан-жақты қарап, талқылады. Конституциялық комиссия 77 бапқа түзетулер енгізіп, нәтижесінде Конституцияның жаңа жобасы 84 пайызға жаңартылды. Бүгінгі ұсынылып отырған жаңа Конституцияның жобасы 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Конституциялық реформа – бұл тек өзгеріс емес, бұл – елдің болашағын айқындайтын тарихи әрі маңызды қадам», — деді облыс әкімі.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов Ата Заңымызды жаңғыртуға байланысты өзгерістер ой елегінен өтіп, халықпен бірге талқыланып, кезең-кезеңімен дайындалғанына тоқталды.

«- Осыған байланысты, қоғамдағы ұсыныстарды сараптап, қорытындылау және нақты өзгерістер жобасын дайындау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдарының басшылары, өңірлердің мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да азаматтар, соның ішінде Түркістан облысынан мен де ендім. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік болды. Комиссия мүшесі ретінде Конституциялық комиссияның 6 отырысына қатыстым. Қоғамнан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Ұсыныстардың барлығын бірге талқыладық. Жалпы, Конституция нормаларының шамамен 86 пайызына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Жаңа Конституцияның жобасы 30 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, барлық комиссия отырыстары ашық өткізіліп, ресми ақпарат көздерінде тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды», — деді Нұралы Әлмаханұлы.

Облыс активінің мәжілісінде Түркістан облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Ербекешов сөз алып, жаңа Конституция адамды – ең жоғары құндылық деп айқындағанын атап өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы жаңа Конституция жобасының ұсынылуы – елдің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуының жаңа белесін айқындап бергенін атап өтті. Бүгінгі ауқымды өзгерістер ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілген қоғамдық сұраныстың, уақыт талабының заңды нәтижесі екенін байыптады.

«- Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық тарихы осы кезең ішінде ауқымды даму жолынан өтті. 1993 жылғы тұңғыш тәуелсіз Конституция – азаттықтың алғашқы құқықтық тынысы болды. Ал 1995 жылғы Конституция мемлекеттілікті нығайтып, биліктің тұтастығын қамтамасыз етті. Бұл құжат елді өтпелі кезеңнен алып шығып, тұрақтылық пен дамудың іргетасын қалады. Алайда уақыт өте қоғам өзгерді, азаматтардың талабы өсті, билік пен халық арасындағы қатынастарды жаңаша сипаттау қажеттілігі туды. Бүгін ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасын – сол тарихи эволюцияның заңды жалғасы деп білеміз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

habarlike.kz

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Халық үні тыңдалды

«AMANAT» партиясы қоғаммен ашық қарым-қатынас орнатуды, халықтың талап-тілегіне жедел әрі тиімді жауап беруді стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Партияның…
Толығырақ

Түркістан облысында Конституциялық реформалардың негізгі басымдықтары талқыланған мәжіліс өтті

Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімдері,…