Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов жариялаған «Профилактика жылы» аясында және “Заң мен тәртіп” қағидатына сәйкес Түркістан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар қарқынды жүргізілуде. Мәселен бүгінгі таңда Түркістан облысында жолға қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде Республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 4,5%-ға, қаза тапқандар 5,3%-ға, жарақат алғандар 18,4%-ға азайды.
Осы орайда Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов жол апаты жиі орын алатын қауіпті учаскелерге және көрші облыстардың жолын жалғап тұрған полицияның шеп бекеттеріне барып, жүргізушілермен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері полицейлер 32 апатты учаскені қоса алғанда жол қозғалысына тікелей әсер ететін 52 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады.
Атап айтқанда 50 548 жаяу жүргіншіге жолдан өту ережесін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды, 762 жүргізуші қарсы бағытқа шыққаны үшін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды, 866 мас жүргізуші анықталып, олар да көлік жүргізу құқығынан шеттетілді.
Әрбір жол-көлік оқиғасы және олардың туындау себептері бойынша егжей-тегжейлі талдаулар жүргізілуде. Қауіпті жол учаскелерінде жол жағдайын бақылауды күшейту мақсатында патрульдік экипаждар мен бейнебақылау жүйелерін қайта бөлу жүзеге асырылып жатыр.
Арнайы дрон аппаратының көмегімен 1300-ге жуық құқық бұзушылық тіркелді.
Қазіргі уақытта облыста және жалпы республика бойынша 18–23 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Акцияның мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тәртіп деңгейін арттыру және жолдағы қауіпсіздікті нығайту.
П. Асыл.