Қазақстан рекордтар кітабының «КИнЭС» рекордсмені Азамат Мақұлбеков «Кибералаяқтықты алдын алу, қорғау, жауапкершілік» медиа-жоспарына сәйкес Арыс қаласының тұрғындары мен қонақтарына интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында тұрғындарға интернет алаяқтықтың түрлері мен кең таралған әдістері, жалған сілтемелер және әлеуметтік желілер арқылы алдау тәсілдері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, белгісіз тұлғалармен қаржылық әрекеттерге бармау және интернет кеңістігінде сақтық шараларын ұстану бойынша кеңестер ұсынылды.
Сонымен қатар, интернет алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі түсіндірілді. Мақұлбеков Азамат өз сөзінде әрбір азаматтың цифрлық сауаттылығы мен жауапкершілігі қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі екенін атап өтті.
Осындай шаралар халық арасында киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі