Жалпы алғанда мұрагер болу оңай емес, себебі оның жауапкершілігі зор. Түсінікті тілмен айтсақ, мұрагер белгілі бір жағдайда әжептәуір байлыққа (пәтер, банк депозиттері, көлік, зейнетақы жинағы) ие болады. Бірақ марқұмның артында қарыз қалса және ол мұраға қалған дүниенің құнынан аспаса, онда мұрагер сол қарызды өтеуге міндетті. Мәселен оның несиесі, айыппұл, коммуналдық төлемі секілді берешктер мұрагерге өтеді.
Бұл жайынды «қаржылық сауат» телеграм арнасында түсінікті жазылған. Яғни, заң бойынша мұрагердің жауапкершілігі ол иелік еткен мүліктің құнымен шектеледі.
Қарапайым өмірден мысал келтіріп көрейік. Бір адам қайтыс болып, артында екі бөлмелі пәтер мен банкте несиесі қалды делік. Заңды мұрагері ретінде баласы пәтерді өз атына рәсімдеп алған соң, банк берешекті өтеуді талап ете алады. Ал, ол бұл қарызды төлеуге міндетті, бірақ қарыз мөлшері пәтер құнынан аспауға тиіс.
Мысалы, пәтер құны нарықта 20 млн теңге тұрады. Ал қайтыс болған адамның берешек қарызы 15 млн теңге болса, мұрагер қарызды толық өтейді. Ал егер марқұмның берешегі пәтер бағасынан асып кетсе, мұрагер мүлікті береді, сол кезде қарыз автоматты түрде жойылады.
Мұрагерлікті дұрыс рәсімдей білу керек
Тағы бір мысал бар. Шетелде тұратын туысы жақын ағасының қайтыс болғанын бір жылдан кейін білді делік. Мұра қабылдау мерзімі өтіп кеткендіктен, ол енді оның дүниесін тікелей рәсімдей алмайды. Мұндай жағдайда да негізгі ережелерді, заңды білген дұрыс.
Заң бойынша, адам қайтыс болған күннен бастап мұраға иелік ету мерзімі «ашық» болады. Сол күннен бастап мұрагерлікке қатысты шешім қабылдауға туысында 6 ай уақыт бар. Мұрадан бас тарта ма, қабылдай ма — соны шешуі керек. Және ол рәсімді нотариус арқылы бекітіп алған дұрыс.
Егер, екінші мысалдағыдай, алты айлық мерзім өтіп кетсе, мұрагер өз құқығын тек сот арқылы қалпына келтіре алады. Ол үшін себебін дәлелдеуге тиіс. Ауырып қалды ма, шетелде тұра ма, әлде туысының өлімінен мүлдем хабарсыз болды ма — бәрін тиісті құжаттармен дәлелдеуі керек.
Дүние мен байлықты түріне қарай таңдай алмайсың
Иә, оны да заң солай реттеп қойған. Бір туысы айтуы мүмкін «маған оның кепілдегі пәтері керек емес, депозиттегі ақшасы болса жеткілікті» деп. Жоқ. Пайдаңа келетін мүлікті таңдай алмайсың. Қайтыс болған адамның мұрасына иелік етуге ниет еттің бе, онда оның барлық активтерімен мен міндеттемелерін қоса қабылдайсың.
Мұраға не кіреді?
Мұраға адамның өмірінде жинаған барлық мүлкі мен ақшасы кіреді. Ол дегеніміз:
банк шотындағы ақша;
жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, жер);
көлік;
тұрмыстық заттар;
акция мен бизнестегі үлесі;
БЖЗҚ-дағы жинағы.
Әрине, мұра мұнымен бітпейді. Оған қарыздар да кіреді. Ол дегеніміз:
несиесі;
бөліп төлеуге /рассрочкаға/ алғаны қарызы;
төленбеген салықтары;
коммуналдық берешегі.
Ал, алимент немесе моральдық шығынды өтеу туралы міндеттемелері ше? Жоқ. Бұл — адамның жеке міндеттемелеріне жататындықтан, мұрагерге өтпейді. Бұл екеуі де заң бойынша адам қайтыс болған сәтте тоқтайтын міндеттер.
Айталық, азамат қайтыс болғаннан кейін артында мынадай мүлік қалды:
Алматыдағы пәтер — 30 млн теңге;
көлік — 5 млн теңге;
банктегі депозиті — 2 млн теңге;
БЖЗҚ-дағы жинағы — 4 млн теңге.
Осы барлық активтің құны — 41 млн теңге.
Бірақ онымен бірге бақилық болған адамның артында қалған қарыздарын да ұмытпауымыз керек. Олар, мысалы:
ипотекалық несие — 12 млн теңге;
тұтынушылық несие — 3 млн теңге;
коммуналдық төлемге қарызы — 200 мың теңге.
жалпы берешегі — 15,2 млн теңге.
Осылайша, мұрагер 41 млн теңгенің мүлкін алады, бірақ ол қайтыс болған адамның 15,2 млн теңге қарызын да өтеуге тиіс.
Демек, мұраның «таза» құны — шамамен 25,8 млн теңге.
Егер қарыз сомасы мұра құнынан көп болса, мысалы, 50 млн теңге қарызы бар делік. Онда мұрагер тек сол 41 млн теңгеге ғана жауап береді. Қалған берешек жеке өндірілмей, толық есептен шығарылады.
Тағы бір маңызды мәселе бар.
Мұрагер банк несиесіне байланысты есептелген пайыздар мен өсімпұлдарды да төлеуі мүмкін. Өйткені, адам қайтыс болғаннан кейінгі алты ай ішінде несиеге есептелген сыйақы сомасы да мұрагердің мойнына өтеді. Яғни, мұрагердің өзі ол несиені алмаса да, берешекті толықтай өтеуге тиіс, себебі ол марқұмның міндеті болған. Оны өтейтін адам өмірден өтіп кеткендіктен, ол міндет автоматты түрде мұрагерге өтеді.
Ж. Күдері.