Түркістан қаласында облыс әкімдігі, прокуратура және полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» тақырыбында форум өтті.
Іс-шараға қоғамдық көлік, такси, жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын және үлгілі автокөлік жүргізушілері, сондай-ақ жедел-жәрдем қызметінің көлік меңгерушілері қатысты.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: «Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін түйткіл, бұл жол қауіпсіздігі. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам қалыптастыру қажет. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар» деген сөздеріне тоқталды.
Сонымен қатар, облыс прокуроры «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Бір ғана қателік өз өміріңізге ғана емес, басқа отбасыларға да ауыр қайғы әкелуі мүмкін. Жол апаттарының алдын алу – бәрімізге ортақ міндет» екенін атап өтті.
Статистикаға сәйкес ағымдағы жылдың 11 айында облыста 1 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 683 адам зардап шеккен, оның ішінде 261 адам қаза тапқан.
Бұл бағытта облыс прокуратурасының бастамасымен мүдделі органдардың қатысуымен бірлескен жұмыс тобы құрылып, жолдардың жағдайы мен апат себептері зерттелді.
Талдау көрсеткендей, көлік ағымының жүктемесі жоғары аудандар мен елді-мекендердің жолдарында апаттар жиі орын алуда.
Нәтижесінде 400-ге жуық жылдамдықты өлшейтін құрылғылар және 1 357 жаңа жол белгілерін орнатуға, 44 жерге жаяу жүргіншілер сызығын сызуға, 37 жолға шулы жолақтар және 33 жолға жол кедергілерін , сондай-ақ ірі-қара малдардың жолға шықпауына 3 600 метр темір қоршау орнатуға ұсыныс берілді.
Бұл шаралар алдағы уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын-алып, жолдағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға үлкен септігін беретін болады.
Облыс прокуратурасы көлік жүргізушілерін жол ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмай, өз өмірі мен басқа адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.