1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қазақстандықтар демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құруды таңдады. Оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып белгіленді. Негізгі заңның сот жүйесі үшін ерекше маңызы бар. Себебі, Конституцияда бекітілген құндылықтарды қорғап, заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – соттардың басты міндеті.
Әрбір азамат сот әділдігіне сенімді болуы аса маңызды. Соңғы отыз жыл ішінде Конституция сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтты, азаматтық қоғам институттарының қарқынды дамуына жағдай жасады және конституциялық құқықтарды қорғау тиімділігін арттырды. Конституцияның қағидаттарына негізделген әлеуеті елдегі белсенді реформалардың, соның ішінде сот реформасының басты қозғаушы күші болып отыр.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция сот жүйесінің мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі негізгі қағидаларын бекітті: судьялардың құқықтық мәртебесі, сот органдарының біртұтас жүйесі, әділ сот жүргізу қағидалары, соттардың қаржыландырылуы және өзге де маңызды нормалар. Сот билігі мен оның кепілдіктеріне қатысты конституциялық ережелер 1995 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған Президент Жарлығымен күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда дамытылды.
Кейін, 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда сот билігі мен оның кепілдіктеріне қатысты жаңа, прогрессивті идеялар бекітіліп, тежемелік және тепе-теңдік қағидаты қамтамасыз етілді. Сот реформасын одан әрі жүргізудің басты алғышарты – әділ сотты демократияландыру талаптары болды. Бұл үрдіс 1998 жылғы 7 қазандағы Конституцияға енгізілген түзетулерде көрініс тапты, атап айтқанда қылмыстық процеске алқабилер институты енгізілді.
Алқабилер институты қылмыстық процестің негізгі қағидаларын – тараптардың тең құқықтылығы мен бәсекелестігін, кінәсіздік презумпциясын орнықтыруда маңызды рөл атқарады. Ол қоғамның сот төрелігіне деген сенімсіздігін еңсеріп, құқықтық сананың қалыптасуына ықпал ететін фактор болып табылады.
Сот-құқықтық реформаның келесі кезеңі 2007 жылы Конституцияға енгізілген түзетулермен белгіленді. Оған сәйкес, қамауға алу және күзетпен ұстау шараларын санкциялау соттың айрықша құзыретіне берілді. Бұл – мемлекеттің адам құқықтарын қорғау саласындағы жалпыға танылған стандарттарға адалдығын білдіретін аса маңызды қадам.
2022 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасын имплементациялау аясында Конституцияның 15-бабына өлім жазасын алып тастайтын өзгеріс енгізілді. Бұдан бөлек, конституциялық өзгерістер заң саласының бірқатар институттарын қамтыды: Конституциялық соттың қызметі қайта қалпына келтірілді, Парламенттің өкілеттіктері кеңейді, Президенттің саяси партияға мүшелігіне тыйым салынды, құқық қорғау институттары конституциялық деңгейде бекітілді. 2022 жылғы конституциялық реформа заң үстемдігін және адам құқықтарын қорғау қағидатын нығайта отырып, еліміздің дамуына жаңа серпін берді.
Сот жүйесін жетілдіру қоғамның қажеттіліктеріне және сұранысына сай жүргізілуде. Оның басты мақсаты – судьялардың тәуелсіздігін күшейту, сот төрелігінің сапасын арттыру және сотқа деген сенімді нығайту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында сот билігінің институционалдық тәуелсіздігі күшейтілді. Енді сот жүйесінің ең төменгі бюджеті заңмен кепілдендіріліп, оны бөлу судьялардың өзін-өзі басқару органы арқылы жүзеге асырылады.
Құзырлы органдардың ықпал ету тетіктерін болдырмау үшін судьяларға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау құқығы облыс прокурорларынан алынып, Бас прокурорға берілді. Жоғары сот кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, біліктілікті арттыру, зейнет жасын ұзарту, өкілеттікті тоқтату немесе тоқтата тұру мәселелері тапсырылды.
Әрбір күшін жойған сот актісін, егер судья өрескел қателік жіберсе, Судьялар алқасы жеке тексереді. Судьяларды бағалау институты да жетілдірілуде, басты назар әділ сот жүргізудің сапасына аударылып отыр.
Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылды. Қазір азаматтар мен кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға қарсы істердің 57%-ын жеңуде (бұрын бұл көрсеткіш 15%-дан аспайтын).
Апелляциялық инстанцияның рөлі күшейтілді: енді ол істерді қайтармайды, қайта бірінші саты соты сияқты соңғы нүктені қояды. Бұл шара сот шешімдерінің бірізділігін қамтамасыз етуге және судьялардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Алқабилер сотының құзыреті кеңейді. Алқабилерді іріктеу процесі толық автоматтандырылды. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдылықпен қатар әділеттілік қағидаты енгізілді.
Азаматтық процесте тараптарды татуластыруға қосымша жағдай жасалды. Артық сот рәсімдері қысқартылып, істерді жедел әрі тиімді шешу мүмкіндігі артты. Тараптар келіссе, дауды Астана Халықаралық Қаржылық Орталығы сотына да бере алады.
Сот тәжірибесіне сотқа дейінгі хаттама, «үлгілі» шешім, экстерриториялық соттылық енгізілді. Балалар мүддесі қозғалатын барлық отбасылық даулар ювеналды соттарға берілді. Мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылды.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Енді шағымдарды алдын ала іріктеу жоқ, азаматтар кассацияға тікелей жүгіне алады. Барлық шағымдар тараптардың қатысуымен сот отырысында алқалы түрде қаралады.
Осыған орай, Жоғарғы Соттың рөлі де өзгерді. Конституцияның 81-бабына сәйкес, оның басты үш міндеті айқындалды:
1. Ерекше жағдайларда кассациядан кейін заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау. Бұл іс қозғау ЖС судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша жүзеге асады.
2. Заңда көзделген жағдайларда Жоғарғы Сот өз құзыретіне жататын істерді қарайды (мысалы, Орталық сайлау комиссиясының немесе Референдум комиссиясының актілерін даулау).
3. Сот тәжірибесі мәселелеріне түсіндірмелер беру. Бұрын бұл жұмыс кассациялық өтініштердің көптігінен екінші кезекте қалып келсе, енді белсенді жүргізілмек.
Сот жүйесін реформалау жағдайында Конституциялық сот жүйесінің даму бағыттары мен қағидаттарын айқындайтын негізгі құжат болып қала береді. Қазіргі реформа сот төрелігінің қолжетімділігін, тәуелсіздігін және тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, құқықтық мәдениеттің артуы сот жүйесіне жаңа талаптар қояды. Қоғам сот төрелігінің одан әрі жақсаруын әділ түрде күтуде. Сондықтан барлық бастамалардың өзегінде – адам, отандық бизнес және шетелдік инвесторлар тұр.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, халықтың сот органдарына сенімі 2023 жылғы 55%-дан 2025 жылы 60,5%-ға өсті. Бұл үрдіс жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мен сот қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.