Түркістанда Қазақстан, Мажарстан және бес түркі мемлекетінің – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан прокуратураларының өкілдері қатысқан Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өтті.
Форумды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов салтанатты түрде ашты.
Бұл шараның ұлттық сот төрелігі жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңыздылығын атап өткен Бас Прокурор әртүрлі елдердің мемлекеттік айыптаушыларының тәжірибе алмасуына және құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру мақсатында байланыстарды күшейтуге бірегей мүмкіндік беретінін айтты.
Форумның барлық қатысушы мемлекеттердің құқықтық жүйелерін күшейтудегі маңызды рөлін ерекше екенін айтқан Берік Асылов «Форумның басты мақсаты – шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту» деді сөз барысында.
«Мемлекеттік айыптау институтын дамыту әлемдік үрдістер мен жаһандық үдерістерді ескермей мүмкін емес. Халықаралық тәжірибе, үздік практикалар мен заманауи жұмыс модельдері ұлттық тәсілдерді айтарлықтай жетілдіруге және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Бас Прокурор.
Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Е.Н. Жиенбаев және Жоғарғы Сот Төрағасы А.А.Мерғалиев те құттықтау сөздерін арнады.
Іс-шара аясында Қазақстанның тәжірибелі мемлекеттік айыптаушылары да сөз сөйлеп, құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп пен қылмыспен күрес бойынша тәжірибелері мен бастамаларымен бөліседі. Бұл – «Заң және Тәртіп» идеологемасының негізгі бағыттары болып табылады. Аталған шара құқықтық жүйені нығайтуға, мемлекеттік айыптаудың тиімді тетіктері мен модельдерін дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Екі күнге созылған форумда қатысушылар адам құқықтарын қорғау саласындағы идеялар мен тәжірибелік шешімдерімен бөлісті. Сонымен қатар құқықтық саладағы цифрландыру және жаңа технологияларды қолдану мәселелерін талқылау, оқыту тренингтері, сондай-ақ интерактивті сауалнамалар мен викториналар өткізілді.