«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облыстық прокуратурасы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе аудан, қалаларда ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізуде.
Ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова,, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшы орынбасары Ерназар Баетов сондай-ақ аудан, қала прокурорлары мен аудандық білім бөлімінің басшылары бар.
Осы орайда, бүгін Түркістан қаласындағы «Болашақ» колледжінде ақпараттық-насихаттық топ өкілдері қала тұрғындарымен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, ұстаздармен және студенттермен кездесу өткізді.
Жиын барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері талқыланды.
Кездесуде облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Елжас Тұрғынбай, Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері Бауыржан Оспанов, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марлен Серікбаев ҚХА-ның «Салауатты сана» жобасы, қоғамдағы заң мен тәртіптің маңыздылығы, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшы орынбасары Ерназар Баетов жастарды ел болашағы жолында жауапты, парасатты және адал азамат болып қалыптасуға шақырды.
Кездесу барысында жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.