Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай және 19 қазан – Құтқарушылар күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетіінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, басқа да ресми өкілдер, төтенше жағдайлар органдарының жеке құрамы, сала ардагерлері қатысты.
Мерекеге қатысушылар іс-шара аясында азаматтық қорғау жүйесіндегі заманауи технологиялар мен құралдар көрмесімен танысты. Азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері туралы Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешов мағлұмат беріп, заманауи жабдықтардың техникалық артықшылықтарын таныстырды.
Салтанатты жиында сөз алған Ертай Кенжебекұлы құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, батырлықты ту еткен еңбектеріне облыс тұрғындарының атынан алғысын білдірді.
«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында» деген болатын. Сіздер – әрбір қиын сәтте елге бірінші болып көмекке келіп, бастарыңызды өзгелердің өмірі үшін қатерге тігіп жүрсіздер! Бұл ерліктеріңіз бен қызметке адалдықтарыңыз – халқымыздың амандығының басты кепілі. Мемлекет тарапынан төтенше жағдайлар саласына айырықша көңіл бөлінуде. Түркістан облысы құрылғалы бері жергілікті бюджеттен 4,5 млрд. теңгеге 36 бірлік жаңа техникалар сатып алынды. Алдағы уақытта да материалдық техникалық базаны нығайту жалғасады. Бұдан бөлек, Сауран және Төлеби аудандарында құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 2 жаңа өрт сөндіру бөлімі салынып, халық игілігіне берілді. Бұл мемлекеттің Сіздерге деген қолдауы мен сенімі. Бүгінгі күн – бейбіт күннің батырларын еске алып, ерлігін ұлықтайтын күн. Мереке құтты болсын!», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мереке аясында төтенше жағдайлар департаменті мен оған қарасты құрылымдардың қызметкерлері Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, «Төтенше жағдайлар қызметіне – 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Қызметтік борышын адал атқарып, жоғары кәсіби дайындығымен әріптестерінің сый-құрметіне бөленген бірқатар құтқарушыларға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің және Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Алғыс хаттары мен ведомстволық төсбелгілері табысталды.
Атап өтуіміз қажет, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы сапында бүгінде 1600-ден астам азамат еңбек етеді. Департамент қызметкерлері облыстың жаңа тарихи кезеңінде Арыстағы әскери арсенал жарылыстары кезінде, Мақтааралда су тасқыны орын алғанда, республиканың көп өңірлерінде жүрген қарғын сумен күресте алдыңғы қатарда қызмет атқарып, азаматтардың өмірін сақтап қалуға аянбай еңбек етті. Бейбіт күннің батырларына деген ел құрметі айрықша.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы болып бекітілген. Кешенді жоспар аясында төтенше жағдайлардың алдын алуда ақпараттық түсіндірме жұмыстарына партия мүшелері, депутаттық корпус өкілдері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері жұмылып отыр. Аудан, қалалардағы азаматтық қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға басымдық беріп келеміз. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыратын боламыз.
Құтқарушылар күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі