Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады.
«Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда» деді Мемлекет басшысы марапаттау кезінде.
Мемлекет басшысы сонымен қатар чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа да жылы лебізін білдірді.
«Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын» деді Президент бапкерге ыстық ықыласпен.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдіріп, бұл жеңіс өзінің ғана емес, ата-анасының, бапкерлерінің және спортшыға қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі екенін айтып өтті.
«Құрметті Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін» деді ағынан жарылған Чемпион.
Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сонымен қатар, «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
habarlike.kz