Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік парктің аумағын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты. Облыс басшысы өндірістік нысандардың құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы habarlike.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек» дей келе маңызды міндеттер жүктеді. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашудың маңызы зор. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жұмыс орындарын көбейтуді жалғастыра береміз. Облыстағы шағын өндірістік парктердің жұмысы қадағалауда тұр. Өндірістік парктегі жобалар уақтылы жүзеге асырылуы керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылып, ғимараттар салу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылып үлгерген.
Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.
Өндірістік парк аумағында ауыл шаруашылығы машиналары (тракторлар) мен аспалы жабдықтарды өндіру жобасы іске асырылуда. Аталған жобаның жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Жоба 3,9 гектар аумақта орналасқан, өндірістік нысанның жалпы аумағы 7939,4 шаршы метрді құрайды. Құрылыс пен іске асыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.
Өңір басшысы осы жоба аясында өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Нұралхан Көшеров өндірістік парк аумағындағы өзге де жобаларды қарап шықты. Парктің кеңсе ғимаратының құрылысына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Өндірістік парктің толық іске қосылуы өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың әртараптануына серпін бермек.