«Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы еңбек адамын қолдау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, Ордабасы ауданында кәсіподақ мүшелеріне арналған кезекті қоғамдық қабылдау өткізді» деп хабарлайды Түркістан Облысы Кәсіподақтар Орталығы
Кездесуді «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі жүргізіп, аудан аумағындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен және жұмысшылармен ашық форматта әңгімелесті. Әрбір қатысушы өз өтініші мен сұрағын еркін түрде айтып, жеке қабылдау барысында нақты жауап алуға мүмкіндік алды.
Қабылдау кезінде қызметкерлер тарапынан еңбек қатынастары, өндірістік ортадағы әлеуметтік жағдай, жалақы және еңбек шарттарына байланысты сұрақтар жиі көтерілді. Сонымен қатар, ұжымдық шарттың орындалуы мен еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Бердіғали Өмірәлі қойылған сауалдардың барлығына түсініктеме беріп, құқықтық кеңес ұсынды. Жергілікті деңгейде шұғыл шешуді қажет ететін жайттар бойынша салалық кәсіподақ ұйымдарына нақты тапсырмалар жүктелді. Ол барлық ұсыныстар мен өтініштер бақылауда болатынын айтып, кәсіподақтың басты мақсаты – еңбек адамының мүддесін қорғау екенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде кәсіподақ мүшелері қоғамдық қабылдаудың тиімділігін жоғары бағалап, мұндай ашық диалог алаңы жұмысшылардың мәселелерін дер кезінде көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
П.Расул.