Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні» аясында Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен «Бірлік» аллеясының ашылуы және ағаш отырғызу шарасы өткізілді» деп хабарлайды Түркістан Облысының Әділет Департаменті.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамда адалдық, ашықтық және жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызметшілердің экологиялық мәдениетін арттыру, сонымен қатар жастарды парасаттылық идеологиясына баулу болып табылады.
Сондай-ақ, «Ашықтық», «Әділдік» және «Заңдылық» қағидаттарын дәріптейтін бұл экологиялық акция қоғам мүшелерін адалдық идеологиясын қолдауға, мемлекет пен қоғам мүддесіне бей-жай қарамауға үндейді.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Н. Тұрашбеков, Департамент басшысы А. Наурызбаев, облыстық маслихаттың төрағасы Н. Әбішов, сондай-ақ мемлекеттік орган басшылары, мемлекеттік қызметшілер, ерікті жастар және «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің тыңдаушылары қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Департамент басшысы
А. Наурызбаев «Бірлік» аллеясының ашылуы өңір үшін маңызды бастама екенін атап өтті. Ол егілген әрбір ағаштың тамыры секілді қоғамда адалдық қағидаттарының тереңдей түсуін, халық сенімінің артуын және жас ұрпақтың әділетті қоғамда өмір сүруіне деген ортақ ұмтылысты білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, уақыт өте бұл ағаштар секілді атқарылған еңбектің де жемісін беріп, қоғамның сенімін нығайта түсетінін білдіреді.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, іс-шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
habarlike.kz