Жаумай түскен жасындар

         Оның есімі Ақбала болатын. Ақбала қайтыс болғанда отыз төрт жаста ғана еді.
Ақбала жайдақ суреттеуге салсаң: қолаң қара шашы тірсегін соғып, жанары боталап тұратын, тоқ балтыр, ұзын, аққұба келіншек.
          Ақбала ауылдың борбас шаңдақ көшесімен алғаш жалаңаяқ жүріп өткенде, біз жол жағасындағы арық суына қағаз қайықтар ағызып ойнап отырған едік. Ақбала қоншын маржан тастар көмкерген жаздық ақ туфлин білегінің қарына іліп көшені жарып өтті. Менің жадымда қалған жарқын картиналардың бірі жасы қырыққа келсе де үйленбеген Қайыртай көршінің қызыл көздері жасауырап ұзақ қарағаны. Қолындағы шала оралған көк темекінің арық суына сусып төгіліп жатқан сәті. Білінер-білінбес ақ зер кестелеген аппақ көйлегінің кеудесін тертіп тұрған үрпіне қонып ұшқан бейбастақ шыбындарға дейін таңсық әуре тауып бергені. Ақбала сол бетімен ауылдың ең жоғарғы шетіндегі жалғыз үй Тағайдың күнсіген қарағай есігін ашқаны.
        Ақбала қайдан келді? Неге келді?.
         Біз қатар түйнектерді жарты жапырақ нанға май сүйкеп беріп далаға қуатын ауыл әйелдерінің пыш-пышынан түйгеніміз күйеуі жыл бұрын асылмақ дертінен көз жұмғаны. Тағайдың әйелінің жақын сіңілісі болып келетіні ғана еді. Ақбала әдетте үйден көп ұзап шыға бермейді. Әсіресе күн бұлттап, жаңбыр жауатын күндері далаға аттап баспайды. “Найзағайдан қатты қорқады екен” десетін. Ал ол кездері біздің далада екі күннің бірінде аспан қазаны қаңғырлап, сарық-сұрық қайнап жататын. Заты нәзік Ақбала түгел ғасыр жасаған алып қарағайлардың өзегін от кемірітіп, ұшар басын жер искетіп кететін…..
Ақбаланың тағы бір өрескел ғадеті болушы еді. Аспан ашық, жел тымық жаздың айлы кештерінде зират маңындағы бұршақ атызында жүретін. Ондағысы жаңа сырғалап, түйін сала бастаған көк бұршақтарды етегіне толтыра теріп қайту үшін. Ақбаланы табан аудармай аңдып жүретін ауыл “аңшылары” айтатын: “Ақбаланы жолдан тайдыру қиын емес-ау! Қиыны соның өзі есі дұрыс емес. Артынан баспалап, адамша еріп келе жатсаң қайырылып қарамайтыны, қасыңнан ұйқылы жандай бозарып өте шығатыны…”
Сол жылы күзге салым бұршақ басы сарғая Ақбала төсек тартып жатып қалды. Ешкімге көрінбеді. Тіпті соңғы сәтінде дәрігерге де жүгінген жоқ. Көңілін сұрай барып жанашырлық танытқандардың қолын шіріген алмадай қарайып, былқылдап тұрған төсіне қойып:
            – Бұл сен айтқан дәрігердің сыйы. “Жоспарлы ту” дейтін мекеменің кеудеме көміп берген дерті. Мен ажал емес сынақтың құрбанымын! – дейді екен.
Ақбала қайтыс болғанда отыз төрт жаста ғана еді. Оның ақырғы тілегі Соңғы айларда уыс-уыс боп түскен қолаң қара шашын ақыретте әуретін жабу үшін өзімен қоса жерлеуін ғана сұрапты……

         Сол жылы біздің шағын ауылда тағы екі әйел өзегін жасын тескен қарағайдай жанып кетті…..

Ғалымбек ЕЛУБАЙ.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

ГЕНЕРАЛ ГУБЕРНАТОР

Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді. –Не болды? –деген сұрауға оның берген жауабы: –Барып кел,–…

Ішетін адам керек

— Қалайсың-ей? Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон…
Толығырақ

АЯҚТАЛМАҒАН ТУЫНДЫ

Естелік Мен Ол кісіні ең алғаш Шолаққорған ауылының орталық көшесінен көргем. Бойы ортадан төмен, көзге көп түсе бермейтін…
Толығырақ

“Көрші” (әңгіме)

Пойызға отырарда әдетте адам­ның көңiлiнде «купеде қасыма қан­дай адам тап болар екен» деген бiр күмәндi қызығушылық тұрады. Жас­тау…