Көп ішінде ақын емес Ақындағы мұң жалғыз…

Жұпар Әлімханқызы Жүзбаева 1967 жылы 27 тамызда қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы, Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген.  «Қарлығаштың қанат» «Жұмбақ жүрек» атты екі жыр кітабы жарық көрген.

 

ДОМБЫРА

Домбыра шың құздармен некелескен,

Сен болмасаң өткенім кетеді естен.

Сендегі қыран ғұмыр неткен батыр,

Бурадай қыл қобызды шөкелеткен.

 

Қурайдың қу бұтағын уілдеткен

Таулардың тас тұяғын дірілдеткен.

Домбыра сенің көшің ұзап кетер,

Жалғанның тырнағына ілінбестен.

 

Домбыра кебеже бас,қамшы білек,

Шоқпар төс қос құлақты найза жүрек.

Сендегі сірнеленген пернелерге,

Бағзыда күй келді екен қайдан жүдеп?

 

Домбыра-күміс тамшы тиектелген ,

Адамдай туылдың ба, сүйекпенен.

Дариға өңімде де, түсімде де,

Күңбірің күңіреніп иектелген.

 

Домбыра- құс еттенер жаурағанда,

Домбыра- боздан кетер баурағанда.

Күн сіңбей бұрымыма күй сіңіпті,

Бабамның топырағына аунағанда.

 

Сүгір

Қаратау көш керуен ізіменен,

Дәл сендей күй көрмедім ғұмырда мен.

Домбыра қасиетті пайғамбарым

Бір аят қалды сенен Сүгір деген.

 

Сол аят жарық болды күнненде әсем

Ырғалды саясында гүлдер бәсең.

Пенденің сырқыратқан сай сүйегін

Боздаған боз інгендей күйлер көсем.

 

Арқаға иек артқан сардар далам

Әр жерде жатыр төбе,қорған,молаң.

Созақтың әр тұсында елесің бар.

Жүрегін күй кемірген қайран бабам.

 

Көз жасқа малысада құзданбаған

Күмбездей күңіреніп туған балаң.

Аққу мойын,аршын төс домбырам-ай

Саусағын сағыныштың күйге арнаған.

 

Мәңгі қонған туған жер ел есінде,

Желмая күй жөңкіліп желесіңбе.

Кетсе естілмей сарының елегзимін.

Сүгір күйші тұрғандай жел өтінде.

 

Болсадағы сәттерің үндемеген

Кездері жоқ қос шектің гүлдемеген.

Қара шанақ сендегі құдіретті

Шешілмеген жұмбақтай іздеп өтем.

 

Ай тас.Ақын қыз.

Ақ түтектен өзім аршып жолымды

Жылы суға мала алмадым. қолымды.

Көкірегімнен ұшып шыққан аққу жыр

Кірпігімнен тамған шыққа жуынды.

 

Не екенін ұқпасамда шайқастың

Тепкісімен бұл өмірдің айқастым.

Бір үмітім шырақ болып көрінер

Қара түнде. сәулесіндей ай тастың.

 

Қанша сұрақ ізгіленбей сүрінген

Бірге кетті құстар ұшқан күзіммен.

Езуінде күлкісі бар,өзі жоқ

Көзім жұмсам пенделерге сүрінгем.

 

Қанша ғұмыр, қанша ғасыр ұзасын.

Сәукелесін киіп өтер қыз ақын.

Менің жырым жер бетінің жарқылы

Күннен де артық шуақ шашып тұратын.

 

Құлқын

Күнде бір күн сөнеді әлемдерден

Құранда бұл ақиқат дәлелденген

Өз-өзімен қысылам сенсеңіздер

Мынау ашкөз мезгілге сәлем берген

 

Би болмаған би болса сонардағы

Жұртымның қайда қалар қонар бағы

Ымырт болып батады кей пенделер

Құлқынның құлы болып жоғалғалы

 

Қол шоқпарлар жұлдыз боп жамырайды

Елемейді тел өскен жарық айды

Жақсылардың аузына қақпақ қойып

Тек өздері армансыз маңырайды

 

Бұлтай көшіп барады-ау ізгілігі

Уақыттың өгейістер мың қылығы

Жүрегін күн ілгері күмбір шалған

Ақында адамзатың бір қызығы

 

Сүйкімсіз

Басы бикеш,ибасы таз

Жарты көйлек жалаңаш.

Әттең, менің қолыма ол

Су құюға жарамас

 

Үсті жылан,тілі шекер

Көзі харам,өзі мекер.

Қайран тағдыр сол бір сұмға

Таныс еттің бекер-бекер

 

Аузында апан,тікен аяқ

Жүрген ізін жалар жұқтап.

Тым былғаныш ар ұятын

Көзден таса қайда тықпақ.

 

Қаздаң еткен,қармап өткен

Қайқы қармақ еріні.

Күлмең еткен, күлмен кеткен

Ұнатпадым негізі.

 

 Әжемнің ғибраты

Ойран ботқа өмірге

Ала-құла көңілге.

Телінсеңде желінбе

Құрақ ұш тек төзімге.

 

Тексіз өскен ұрпаққа

Нәлет дейді құрсаққа.

Арылмайды қан жыны

Қырық мәрте жусақта.

 

Қызым саған айтарым

Басар арқан болғайсың.

Басар арқан болмасаң

Бақан болып оңбайсың.

 

Ұлым,саған айтарым

Қайратыңа сүйенгін.

Бәрін жұбат,аяла

Жер бетінде жүдеудің.

 

Қылыш,найза,айбалта

Тілің,сөзің тірегің.

Жүрегіңде болсын түк

Түкке аспайды білегің.

 

Тағдыр бәлки жыртқыш құс

Жез тұяғы жасанды.

Қалықтайды төбеңде

Әдетімен қашанғы.

 

Жалғыз

Көп ішінде ақын емес

Ақындағы мұң жалғыз.

Оның жауһар дүниесінің

Әр тамшысын ұрлаймыз.

 

Одан алған ойымызды

Тым қыбатқа пұлдаймыз.

Одан тамған гауһар жасты

Өкінішпен тұздаймыз.

 

Одан алған бір сәулені

Мың құбылтып сырлаймыз.

Оның салған «әлди’жырын

Өмір бойы тыңдаймыз.

 

Оның айтқан ертегісін

Жер бетінен іздейміз.

Бірақ,нені іздеп жүрміз

Оны тағы білмейміз.

 

Рухты ұландарға

Басып өскен бабалардың тізесін,

Қайсарлығын енді қайтіп тізесің.

Дарытпаған дұшпандардың дүресін

Күрзі тисе жоғалтпаған бір есін.

 

Топырағын иіскеген,түймеген

Қанжарымен қасіретін түйреген.

Аттың жалы жаулығындай ананың

Кесте салған әр шетіне инемен.

 

Кешіп өскен дүлей тасқын, жусанын,

Айбалтасын асынады туса күн.

Түйе қомын шайқалтатын бабалар

Ат үстінде қалғытыпты ұрпағын.

 

Қадірлісін біліп өскен ұландар,

Ұландардың амандығын сұраңдар.

Бабасы айтқан,бірақ өзі салмаған,

Көмейінде Елімай-ма бір ән бар.

 

Тым биіктен тас боп ұшар ұсағы,

Бар рухын Қаратауға тұсады.

Көкірегіне жусаны өскен бабасын

Әлдилейді сағым көштің құшағы.

 

«Сары көз» шалдың отаны

 (Баллада)

Жарқабақ жақын,екі өзен

Жалданып ағып жататын.

Үстіртте үйі болатын

«Сары көз» шал дейтін атаның.

 

«Соғыстың көрген салдарын»

Айтпайтын ешкім ар жағын.

Аялап,ерке өсірді

Ағайын берген балларын.

 

Қыздары көздеп қияны

Ұлдары тапты ұяны.

«Өзіңнен тумай ұл болмас»

Бұл сөзге бәрі сияды.

 

Күлімдеп Ұлтай апамыз

Әжемді жақын көретін.

Қалампыр қосқан шәй ішіп

Әңгіме дүкен өретін.

 

«Кіш-кіш» деп аз-кем тұяғын

Жасырып жадау сияғын.

Күз келсе ерте от жағып

Жылытар салқын ұясын.

 

Арада жылдар сетінеп

Бір барсам елге өзгерген.

Жөнепті екі қария

Атамды білер көзкөрген.

 

Үстіртте үйдің сұлбасы.

Бұлдырап суық сезілді

Есіме-ап сол бір жандарды

Жүрегім іштей езілді.

 

Арада жылдар жалбырап

Тағыда бардым елге енді.

Қарттардың үйі әппақ боп

Тұрғанын шіркін көз көрді.

 

Келіпті. көшіп бір ағам

Қалаға кеткен дүрмекпен.

Ескі үйді шыттай жөндеп-ап

Құранын берген құрметпен.

 

Қуандым іштей «Сары көз шал»

Жаққан бір отың өшпепті.

Қураған сонау жиде тал

Көгеріп қайта көктепті.

 

Жарқабақ жақын,екі өзен

Ағады әлі тасынып.

Суы бар жерге ну өсер

Әлде бір үміт жасырып.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Терезе түбінде тұратын тектілік

Мақпал Төребек 1994 жылы 11 қаңтарда Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде…
Толығырақ

Бола ма?..

Ақты — қара, қараны — ақ деп тануға, Бола ма екен аққа күйе жағуға? Бола ма екен қараны…
Толығырақ

ҚАРАҚАТ КӨЗДІ ҚАРЫНДАС

Кексе тартып, қалса да артта арын жас, Жүрек нəзік лүпілінен арылмас. Жырыма осы себеп болған бүгінгі, Қарақат көз,…