«AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі аясында өткізілген «Еңбек» фотокөрмесімен және Инновациялық Хакатон идеялар алаңымен танысты. Түркістандағы беделді жоғары оқу орны өткізген іс-шараға облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева қатысты.
Еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға бағытталған іс-шараның мазмұнын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Әйелдер қанатының Ғылымдағы әйелдерді қолдау бағытының жетекшісі Жанар Темірбекова таныстырды.
«Университетімізде 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады. Олардың арасында оқу ордамызда 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан оларға арнап, бүгінгідей жоба дайындадық. Жобаны іске асыруға серіктестерімізбен қатар студенттеріміз де үлес қосты. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі ең биік құрметке лайық», деп атап өтті Жанар Амангелдықызы.
«Еңбек» фотокөрмесіне 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Фотожобаның негізгі кейіпкерлері ретінде қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандық иелері таңдап алынған. «Еңбек» медиажобасы оқу орны мен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық бастамасы болып отыр. Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірген.
Инновациялық Хакатонға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Іс-шараға оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар жиналып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын талқыға салды. Ең үздік жобалар университет басшылығының қаржылай сыйлықтарына ие болады.
Жұмысшы мамандықтарды қолдау жылы аясында партия өкілдері Түркістан қаласындағы нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар және жартылай фабрикаттар өндіретін «AIKA FOOD» кәсіпорнында болып, әйел жұмысшыларға жасалған қолайлы еңбек жағдайларымен танысты. Кәсіпорынның негізін қалаушы – Әйгерім Номанова «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі қызметін атқарады. Наубайхана мен нан өнімдерін шығаратын цехтарда жұмыс істейтін персоналдың басым бөлігін қыз-келіншектер құрайтын бұл кәсіпорын негізі қаланған 2021 жылдан бері ауқымды даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, түркістандық қыз-келіншектер шығарған өнімдер 26 дүкендер желісіне таратылады.
«AIKA FOOD» компаниясы 2023 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жеңімпаз деп танылып, жергілікті шикізаттан өнім өндіріп, оны брендке айналдырған ұйым ретінде көпшілікке таныстырылды. Биылғы Наурыз мерекесі Түркістанда ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Көпшілік асыға күтетін бұл мерекеде «AIKA FOOD» компаниясы бірлік пен молшылықтың символына айналған Наурыз көже дайындап, қала тұрғындары мен қонақтарына 2,5 тонна дәстүрлі тағамды тарту етті. Компания мен оның жұмысшыларының ерен еңбегі Гиннес рекордтар кітабына енді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Түркістанға жасаған жұмыс сапары аясында «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Dara Urpaq» республикамыздағы тұңғыш инклюзивті театрының дайындық жұмыстарымен танысты. Ерекше қабілетті балалар мен жастардың жаңа сахнасы болып түзілетін бұл шығармашылық ұжым өзінінің миссиясы ретінде диагнозды емес – дарынды көретінін, шектеуді емес – мүмкіндікті ашатынын, аяушылық емес – құрметті тәрбиелейтінін айқындап, баланы көлеңкеден – сахна жарығына шығаруды, Түркістанның өнерін тең мүмкіндіктер алаңына айналдыруды мақсат тұтады.
Әлеуметтік кәсіпкер, «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы Рухабза Халдарбек қолға алған жобаға Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Көкенов қолдау көрсеткен.
«Түрлі диагнозбен туған балалар қоғамнан алыстап қалады. Өнерді терапия, мотивация, әлеуметтену құралы ретінде ілгерілетуде, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін театр – мінбер рөлін атқарып, олардың көрінуіне, естілуіне, танылуына жол ашады. Инклюзияны – қоғамның мәдени деңгейін көрсететін өлшем деп білуіміз қажет. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға өнер арқылы өз болмысын танып, қоғамға толыққанды қосылуға мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Сахна арқылы қоғаммен байланыс орнатылып, мүмкіндіктер мәдениетін дамытуды мақсат тұтамыз. Аналарға психологиялық және әлеуметтік қолдау кеңістігін құрып, Түркістанда қалыптасқан инклюзивті мәдениетті үлгі ету жоспарымызда бар» дейді Рухабза Халдарбек.
Театрда түрлі диагнозы бар 70 бала өнер көрсететін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі