Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша полицейлер 300-ге жуық құқық бұзушылықтың жолын кескен.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы екі күнінде Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жалпы 278 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Іс-шара барысында көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белбеуін тақпау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, сондай-ақ тас жолды белгіленбеген жерден кесіп өту деректері бойынша әкімшілік шаралар көрілді» деп хабарлайды облыс ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші анықталды. Олар 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ қарсы бағытқа шыққан 3 жүргізушіге қатысты іс-құжаттары жинақталып, мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Р. Аидын.