Қоғам тыныштығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметінің ең жауапты бағыттарының бірі. Әсіресе кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізу кәсіби біліктілікпен қатар, үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап етеді. Бұл бағытта абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің бірі – Арыс аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Жайна Берікқызы Оразова.
Жайна Берікқызы 1991 жылы Арыс ауданында дүниеге келген. Бүгінде ол қызмет пен отбасылық өмірді үйлестіре білген көпбалалы ана. Жолдасы «Қазақстан темір жолы» Арыс станциясында дөңес кезекшісі болып еңбек етеді. Отбасындағы береке мен өзара қолдау оның қызметте де жауапкершілікпен жұмыс істеуіне негіз болып отыр.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2012 жылы бастаған Жайна Оразова алғашқы жылдары Кадр жұмысы басқармасында іс қағаздарын жүргізуші инспектор, кейіннен құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде және Полиция департаментінің жедел басқару орталығында қызмет атқарды. Әртүрлі құрылымдарда жинақтаған тәжірибе оның кәсіби біліктілігін арттыра түсті.
Қазіргі таңда ол Арыс аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, профилактикалық жұмыстарды үйлестірумен айналысады. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік бағыты бойынша қызметтік құжаттардың сапалы жүргізілуіне жауап береді, полиция бөлімінің ақпараттық-имидждік бейнематериалдарын жоспарлау және қабылдау, басшылыққа арналған баяндамалар мен презентациялар дайындау секілді бірқатар маңызды міндеттерді атқарып келеді.
– «Кәмелетке толмағандармен жұмыс – бұл тек бақылау емес, ең алдымен алдын алу мен түсіндіру. Әр баланың тағдырына бейжай қарамай, заң аясында көмек көрсету – біздің басты ұстанымымыз», – дейді Жайна Берікқызы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған “Заң және Тәртіп” қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты бағыты болып табылады. Осы ұстаным аясында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық шаралар мен ашықтыққа бағытталған бастамалар полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға жол ашады.
Қызметте жинақталған тәжірибе, жауапкершілік пен адалдық – Жайна Оразованың кәсіби келбетін айқындайтын басты қасиеттердің бірі. Ол алдағы уақытта да балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуді мақсат етеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі