Бір сәуле аспан кезіп бара жатыр…

Нұрғиса   Төремұратов Өзбекстан республикасындағы Әлішер Науаи атындағы Самарқан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Өлеңдері «Тәуелсіздік тебіреністері»  жинағына енген. «Самала», «Көңіл көкжиегі» атты жыр жинақтарының авторы. Өзбекстан жазушысы Миркарим Осимнің Томирис, Машрап туралы, Увайсий ақын туралы хикаяларын қазақ тіліне аударған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2022 жылы Түркістан облысында «Үздік журналист» атанған.

Бүгінде Сайрам аудандық «Мәртөбе»  газетінің редакторы қызметін атқаратын ақынның әлі сиясы кеппеген жыр шумақтарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

ӘПКЕ

Әпкем-ай, апекем-ай, көңілі гүл,

Ырысты жолыңызға төгілді нұр.

Мен осы дәл осылай ілтипатпен,

Ешкімге айтпаппын-ау өмірі бір.

 

Асылға қыз қадірін балап елі,

Алтыннан әпке дәйім бағалы еді.

Жүректен айтылатын тілегінен

Ерекше айқындалар дара лебі.

 

Елеңдеп қарайықшы үніңізге,

Кіретін шығар ақыл түбі бізге.

Жоғалып қызық қуған күнімізде

Бір ұрсып қойыңызшы ініңізге.

 

Әпкемен сыйластықтың сәні кірген,

Бой түзеп алайықшы әміріңнен.

Алдымнан бағыт беріп жүріңізші,

Тілеймін ұзақ өмір Тәңірімнен!

 

ӨР ҚАЗАҚ

(Гүлімай Қабдолдаға)

Келбет көрем әйбат қасы керілген,

Дара дидар. Ұлт аңқиды демінен.

Бой тіктедім көлікті көш рух беріп,

Қайта жинап қабырғамды сөгілген.

 

Аңсау көрем сағыныштың көзінен,

Шыдам көрем тағдыр-тулақ, тезінен.

Бір ұрпағы келді ғажап қазақтың,

Інжу-маржан ақтарылып сөзінен…

 

Шығыс жақтан ғұрпым келді баянды,

Мендегі діл ұлтым келіп оянды.

Бақ дарыған ақ ордамның төрінде,

Шат-шадыман болып қалдық той алды.

 

Жұмылғанда жұдырықтай жарқынбыз,

Өр қазақтың ұмытпадық салтын біз.

Болмысымның жадыраған жамалын,

Алтайымнан алып келген алтын қыз!

 

Сыйластыққа қаршадайдан таң қалдым,

Ерекше ол қазынасы Жалғанның.

Теңесем деп сендегі гүл көңілмен,

Жеңешем! деп құшағыма алғанмын.

 

ЖАҢААРҚА

Асау жүрек аңғартсыншы жазарын,

Ару аймақ, Жаңаарқам-ай, сазды əнім.

Аспани жыр ағытылып сауласа,

Ақ көңілден арналады ғазалым.

 

Ақ сəулесі ынтызармен тарайтын,

Аймалайды сұлу айым, арай күн.

Алашымның тұлғаларын тудырған,

Аймағыңды абыз дала санаймын.

 

Арқадағы тарихымның өткелі,

Айқындалған топырағыңнан өткенің.

Асқақтатты болмысыңды, Жаңаарқа,

Ақиқаттың айғыз-айғыз беттері.

 

Айшық жырың — ақ моншағың тізілген,

Арманыңның кезі де жоқ үзілген.

Ардан аттап кете алмайтын перзентің

Амал еткен ізгіліктің ізімен.

 

Айналғансың жұмыр жерде баққа əсем,

Айбарыңа, атағыңа жақтас ем.

Анығы сол, таңбасы сол, лайықсың,

Аудан емес, аймақ деген атқа сен.

 

Аңыздысың,

айтулысың қалай да,

Асан қайғы тебіреніп таңдай ма?!

Ақ дидарың қарсы ала ма мен барсам,

Алла егер жазған болса маңдайға…

 

ШАБЫТ

Ақберен ақын Айбергеновке

Нəр алып сағыныштан,

Қайнардан қанып ұшқан.

О, Шабыт! Сезімі аспан.

Жыр қылып епті далаң,

Бір үнің жетті маған,

Ақ өлең–мұң құрасқан.

 

Алланың жазғанынан,

Жылдардың саздарынан,

Күй таптың қазыналы.

Болса да талай азап,

Лəззат ол, қандай ғажап,

Шабыттың ағылғаны!

 

Сан жұлдыз самсағанда,

Ізгілік аңсайды адам,

Ғарыштың түндеріндей.

Таусылмай айтар əні,

Таланттар жайқалады,

Иранбақ гүлдеріндей.

 

Қоғамның əйдік үні,

Доданың сəйгүлігі,

О, Шабыт! Сезімі аспан!

Бөлекше!

Неткен адам?!

Өнегең жеткен маған,

Ақ өлең-мұң құрасқан.

 

ТАЛАНТ ТАБИҒАТЫ

Қашанда ізгілігін тарататын,

Мүлгиді маңғаз жатып далада қыр…

Жыл сайын гүл көктемде жұпар шашып,

Бір сәуле аспан кезіп бара жатыр.

 

Жолында таңбаланды мұраты анық,

Атағы тарихымда тұр аталып.

Абыздың жайлауында жадырайды,

Жас өскін көркемдіктен қуат алып.

 

О, Созақ, ерек өңір расында,

Дүр етер шабыт берген шын асылға.

Жиналған күзгі бақтың жемісіндей,

Атаның ырыс толы мұрасында.

 

Бір Құдай, сосын әруақ жебеп еді,

Жыр болып жүректерге себеледі.

Шуаққа аязды да шомылдырған,

Өмірі Өмірбеков өнегелі.

 

Бақ қонған Теріскейдің бесігіне,

Таңы атып, тамылжыған кеші міне.

Ұлағат ұялаған елі барда

Ескірмес Есіркептің есімі де…

 

ТҰЛПАРЫ ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ

Алатау!

Дәуірдің қиын замандарынан,

Арманға бөгет қамалдарынан,

Көрдің бе құқай сен талай?

Салт-дәстүрімді жоғалтпай келген,

Ұрпақтарымен құрақтай өнген,

Аман ба жұртым, ел қалай!?

 

Тұмары болған Ұлы даланың,

Өзіңе жиі құмыға қарадым,

Арнадым зор сөзімді әр.

Кестесі сынды сұлу қыздардың,

Төлеби, саған мен ынтызармын,

Ғашық боп тұрған көзім бар.

 

Үлгісін ұғып Қазанғаптардың,

Шежіре зерлеп, ғазал ақтардым,

Иісең маған мейірлен.

Қазына жерді зерделейін деп,

Құшаққа алсаң еркелейін деп,

Жыр әкелдім ғой үйімнен.

 

Жомарт жүректі бауырларымнан,

Бұйығы жатқан ауылдарыңнан,

Жылылық көрем ерекше.

Сағынышпенен, гүліменен де,

Біркөлік күтіп күлімдегенде де,

Аспандап кетем бөлекше.

 

Сүйсініп ерек ғажаптарыңа,

Мақтаныш етер қазақтарым мына,

Төлеби деген ауданды.

Ырыс пен бағы бөлектеу тұнған,

Өңірді сөзбен суреттеп тұрған,

Көңіл ғой көңіл, аңғарды.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Терезе түбінде тұратын тектілік

Мақпал Төребек 1994 жылы 11 қаңтарда Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде…
Толығырақ

Түсіме ылғи өлгендер кіреді

Түсіме ылғи өлгендер кіреді, Барлығы тұнжыр, көңілсіз. Тірілер оған несін береді, Жетісіп жүр ғой дермісіз? Аурақ жебеп жүреді…
Толығырақ

Қара шапан

Қара шапан – Жауында әкем, сауында шешем киген, Сол шапанның қойнына шекер де үйгем. Жамау-жамау біз көрген балалықтай,…
Толығырақ

ҚАРАҚАТ КӨЗДІ ҚАРЫНДАС

Кексе тартып, қалса да артта арын жас, Жүрек нəзік лүпілінен арылмас. Жырыма осы себеп болған бүгінгі, Қарақат көз,…