Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мәжілісінде еліміздің саяси жаңғыруының өзегі болған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы талқыланды. Депутаттар жаңа Ата заң жобасының қоғам талқысына ұсынылуы азаматтарға сенім артудың, қоғамдық пікірді құрметтеудің белгісі екеніне баса мән берді, Конституцияның жаңа жобасын қолдайтындықтарын атап өтті.
Саяси салмағы ауқымды жиынды фракция жетекшісі, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жүргізді. Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов, фракция мүшелері, партия өкілдері қатысты. Жұмыс жиынының маңызына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы еліміздің Ата заңы елді біріктіретін, уақыт сынынан өтетін берік құндылық екенін айтып, Конституцияның өміршеңдігі халықтың жүрегінен орын табуымен өлшенетінін байыптады.
«- Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамның болашақ бағдарын айқындайтын басты құжат. Сондықтан Ата заңға енгізілетін әрбір өзгерістің ел тағдырына тікелей әсері бар. Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – оның халықпен бірге әзірленуінде болып отыр. Барлық негізгі тармақтар қоғаммен ашық талқылаудан өтуі тиіс деп белгіленді және әр азаматтың пікірін ескеруге ұмтылыс жасалды. Осы саяси шешімнің өзінен-ақ Қазақстанда саяси мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көреміз. Конституциялық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарланғанын айқындады, халқымызға тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды бекітті, сондай-ақ саяси институттар құрылымының тиімділігін арттырды», — деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Фракция төрағасы, Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің мазмұнына тоқталды. Оның ішінде Преамбулада көрсетілген құндылықтарды баяндап өтті. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың алғаш мәрте Конституция деңгейінде бекітіліп отырғанын жеткізді. Ата Заң құрылымының басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталғанын мәлімдеді. Конституция жобасының маңызды мағыналық бағыты санатында цифрландыру саласын құқықтық реттеу тетігі бекітілгенін жария етті. Жаңа Парламент – Құрылтайдың өкілеттіктері, Халық Кеңесінің мәртебесі, Вице-президент институтының өкілеттіктері жөнінде толық әрі жан-жақты мағлұмат берді.
Фракция мүшесі, партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, жаңа Конституция жобасы қоғамның рухани кемелденуін, ел болашағына деген жауапкершілікті айқындайтын тарихи қадам екенін айтты. Ата заңда қарастырылып жатқан әрбір норма ұрпақ тағдырына, отбасының беріктігіне, қоғамдағы әділет пен теңдікке тікелей әсер ететін маңызды негіз болатынын жеткізді.
«- Ұсынылып отырған жаңа Конституцияда адам құқығы мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы – елдің өркениетті даму жолын таңдағанының айғағы. Ана мәртебесін, бала құқығын, әлеуметтік әділдікті қорғауға бағытталған қағидаттар әйелдердің қоғамдағы рөлін одан әрі нығайта түседі. Бүгінгі әйел – тәрбиеші, кәсіби маман, қоғам белсендісі. Сондықтан біз үшін заң үстемдігі, әділ сот, тең мүмкіндік қағидалары ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция осы құндылықтарды берік орнықтырып, әр азаматтың ертеңге деген сенімін күшейтеді деп білемін», — деді облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі.
Ата заңның жаңа жобасы ел экономикасының тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратын маңызды құжат екенін фракция мүшесі Алмас Салимов атап өтті. Шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау, жеке бастамаларға жол ашу жаңа экономиканың негізі болып табылатынына баса мән берген Алмас Алтайұлы, Конституцияның жаңа жобасы адал еңбек етіп, тәуекелге барып, ел игілігі үшін өнім өндіретін азаматтардың мүддесін қорғайды деген сенімін жеткізді.
Ал, фракция мүшесі Нұржан Жамалбеков жаңа Конституцияның жобасы құқықтық мемлекеттің жаңа сапалық кезеңіне қадам басқанын көрсететінін айтты. «- Құжатта адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты әрі жүйелі түрде бекітілген. Бұл кәсіби заңгерлер үшін аса маңызды әрі принципті мәселе. Ата заңның басты ерекшелігі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшеюі, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыруға бағытталған нормалардың нақтылануы. Осы өзгерістер арқылы заң үстемдігі қағидаты декларация күйінде емес, нақты құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асуы көзделіп отыр», — деді Нұржан Жамалбеков.
Жаңа Конституцияның нормалары қоғамдық келісім мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын фракция мүшесі Дулат Әбіш те атап өтті. Ата Заңда айқындалған Халық Кеңесі қоғамдық пікірді жүйелі түрде жеткізетін, елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуына қатысты бастамаларға ықпал ететін кеңесші алаң болатынына назар аударды. Мұнда қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының өкілдері қамтылып, азаматтық көзқарастың естілуіне нақты мүмкіндік берілетінін жеткізді.
Мәжіліс барысында облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев партияның Сайлауалды бағдарламасы мен Конституциялық реформалардың өзара сабақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының бағдарламасында көзделген әділетті қоғам, жауапты мемлекет, қуатты өңірлер ұстанымдары жаңа Конституцияда жүйелі түрде көрініс тапқан.
Ал облыстық партия филиалының баспасөз хатшысы Назгүл Назарбекова Конституциялық реформаларды халыққа дұрыс әрі түсінікті жеткізуде ақпараттық жұмыстың маңызын атап өтіп, партия тарапынан жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Мәжіліс жұмысын қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Конституциялық реформа аясында қоғамдастық білдіріп жатқан әрбір ұсынысты жан-жақты саралап, оны азаматтарға дұрыс түсіндіру – фракция мүшелерінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
«- Жаңа Конституция жобасының ел талқысына шығарылуы – ел болашағын айқындайтын тарихи кезең. Біз Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалардың нақты тірегіне айналуымыз керек»,- деді фракция жетекшісі.
Фракция жұмысына қатысқан депутаттар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. Бұл бағытта партияның саяси ұстанымын ілгерілету және өңірлік деңгейде бірлескен жұмысты күшейту міндеттерін белгілеп, алдағы жұмыс бағыттарын айқындады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі