Түлкібас ауданының Еңбек ауылы салауатты өмір салтын ұстанып, толықтай «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесін иеленді. 131 үйі бар, мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жылда алкоголь мүлдем сатылмайды, ал соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Ауылдың тыныс-тіршілігі өзгеріп, балалардың шат күлкісі, ақсақалдардың мазмұнды әңгімелері, әжелердің салт-дәстүрді дәріптеуі ауылдың рухани келбетін айшықтап келеді. Отбасылық береке мен тыныштықты нығайту — ауыл тұрғындарының басты ұстанымына айналған.
Мектептерде, мешіттер мен мәдениет үйлерінде «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» атты кездесулер өткізіліп, жастарға алкогольдің зияны жан-жақты түсіндірілуде.
Еңбек ауылының учаскелік полиция инспекторы Ерсейт Молдақұловтың айтуынша, ішімдік — қылмыс пен тұрмыстық жанжалдың негізгі себептері. Сондықтан ауылдың бұл бастамасы – құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған тиімді жобалардың бірі.
Бүгінде ауыл тұрғындары той-мерекелерді де ішімдіксіз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырды. Еңбек ауылы «ішімдіксіз орта мен қауіпсіз қоғам» қағидатының нақты дәлелі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі